- Advertisement -

Сенат депутаттарын сайлау 28 маусымда өтеді

104

- Advertisement -

Парламент Сенаты депутаттарын сайлауда дауыс беруге тек таңдаушылар, яғни әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары ғана қатысатыны белгілі. Елімізде облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі 3335 мәслихат депутаты бар екен. Соның 204-і өз өңірімізден. Олар 28 маусымда өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауында өз таңдауларын жасайтын болады. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өткен семинарда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев осыны мәлімдеді. Облыстың әр деңгейдегі мәслихат депутаттары мен облыстық, аудандық, қалалық мәслихат хатшылары, сайлау комиссияларының төрағалары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысқан жиынды облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбеков ашып жүргізді. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мадиева комиссияның алдағы сайлау науқанын өткізуге дайындық жұмысын баяндады. Оның айтуынша, Қордай аудандық мәслихат депутаты Айдыр Чуваның денсаулығы сыр беріп, депутаттық мандатынан бас тартуына байланысты өңіріміздегі 205 мәслихат депутатының саны бір адамға кеміген.
Жалпы сенат депутаттығына кандидат ретінде әр облыстан бір адам, республика бойынша 16 адам сайлауға түседі. Заң бойынша сенат сайлауы үш жылда бір рет өтуі тиіс.
– Отыз жасқа толған жоғары білімі бар және жұмыс өтілі бес жылды құрайтын, елімізде кемі 10 жыл, өзі дауысқа түсетін өңірде 3 жыл тұрған Қазақстан Республикасының азаматы ғана заң шығарушы органның Жоғарғы палатасына депутат болып сайлана алады. Облыста әзірге бес үміткер анықталып отыр. Сайлауда олар 50 пайыздан астам дауыс жинауы керек. Егер үміткерлердің ешқайсысы елу пайыздан артық дауыс жинай алмаса, ішіндегі ең көп дауыс жинаған екі кандидатқа мәслихат депутаттары қайта дауыс береді. Сайлау өтетін күні облыстық аумақтық сайлау комиссиясы таңдаушыларды электрондық жүйе бойынша тізімге алады. Бұл Орталық сайлау комиссиясында қай өңірде қанша мәслихат депутаты сайлауға қатысқанын онлайн режім арқылы біліп отыру үшін қажет, – дейді Марат Алдашбайұлы.
Қазір тіркелген бес кандидаттың үшеуі өздерінің сайлау қорларын ашқан. Сайлауалды үгіт жұмыстары 8 маусымда басталып, 27 маусым күні сағат 24.00-де аяқталады.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support