- Advertisement -

БОКСШЫ БАТЫР ЖҮКЕМБАЕВ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ

128

- Advertisement -

Жуырда ғана бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев Монреальдағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде мексикалық Косме Ривераны тізе бүктіріп, ІВО international белбеуінің иегері атанған болатын. Спорттық мансабындағы алғашқы чемпиондық атағына қол жеткізген жерлесіміз жеңісінен кейін туып-өскен жеріне оралды. Осыған орай, Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев былғары қолғап шеберін арнайы қабылдап, сый-сияпатын табыс етті.
– Киелі Шу өңірі – көптеген чемпиондарды түлеткен өлке. Осындай өлкеде туылып, туған жеріңнің абыройын әлемдік аренада танытып жүргеніңе алғысым шексіз. Артыңнан ерген жасөспірімдердің өзіңе еліктеп, спортқа келуі артады. Ал сенің жеткен биігіңе қуанып, жетістіктеріңді насихаттау – біздің міндетіміз, – деді Қайрат Әскербекұлы.
Батыр Жүкембаевқа аудан әкімінің Құрмет грамотасы табысталып, ата-анасына сыйлықтар берілді. Бұдан кейін Батыр Шу ауданындағы №31 БЖСМ мен «Тарлан» спорт кешенінде шеберлік сағатын өткізіп, жасөспірім боксшыларға жұдырықтасудың қыр-сырын үйретті. Шара барысында жас жеткіншектер боксшымен спарринг өткізіп, тәжірибе алмасты. Алақандай ауылдан шығып, талайларды тамсандырып жүрген жерлесімізге аудан тұрғындары шапан жауып, ат мінгізіп, лайықты құрмет көрсетті. Жерлесімізбен қатар өнер көрсетіп жүрген алматылық Абылайхан Құсайынов Монреальдағы бокс кешінде мексикалық Кристиан Аррасоламен кездесіп, қарсыласын 2 минут 38 секундта нокаутқа түсірген болатын. Ол бұған дейін 6 жекпе-жек өткізіп, барлығын да жеңіспен аяқтаған. Батырмен бірге Шуға келген ол жаттығуды бірге жасасты.
Батырдың айтуынша, оның келесі жекпе-жегі алдағы бір айдың көлемінде белгілі болады екен.
– Осы уақытқа дейін тоғыз кездесу өткізіп, оның сегізін мерзімінен бұрын аяқтадым. Осының барлығы жанкүйерлерімнің қолдауы деп ойлаймын. Туған жерімді сағынып келгенде осындай сый-құрмет көрсеткен жерлестеріме алғысымды айтамын. Шынымды айтсам, мұндай құрметті күтпеген едім. Алдағы жоспарларыма келер болсам, өте ауқымды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездескенімізде Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесінің аясында өтетін бокс кешінде өнер көрсетуім мүмкін екенін айтқан болатын. Егер ұсыныс түсіп жатса қуана-қуана қабылдаймын. Қазіргі таңда, менеджерім Анна Рева келесі кездесуімді жоспарлап, қарсыластармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Қарсыласымның кім екені алдағы айда белгілі болады, – дейді боксшы.
Шу ауданы Шоқпар ауылдық округіне қарасты алақандай Еспе стансасында дүниеге келген Батыр бүгінде Канадада танымалдылыққа ие болған боксшы. Ендеше, қазақтың қара домалағы жерлестерін жарқын жеңістерімен қуанта берсін дейміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support