- Advertisement -

Мемлекетіміздің мызғымас күзетшілері

94

- Advertisement -

Биыл – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Бұл – айтулы дата. Себебі ширек ғасырға тең уақытта елдің тұтастығын сақтау жолында еңбек еткен органның тәуелсіздігімізді нығайтуға тигізген септігі мол. Ал Отанға қызмет ету – Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қасиетті борышы, қастерлі міндеті. Қайсар мінезді ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тапқан комитет қызметкерлері Ұлы Отан соғысының қаһармандарына, еңбек ардагерлеріне тағзым етеді. Біз де өз кезегімізде еліміздің тыныштығын, халқымыздың амандығын кірпік қақпай қорғап жүрген «мылтықсыз майдан» майталмандарына құрмет көрсетуге тиіспіз.
Негізі Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органға қоғамның қауіпсіздігін, конституциялық құрылысты, мемлекет егемендігін, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық және елдің қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету құзыреті берілген. ҰҚК арнайы құрылым болғандықтан, мұнда жұмыс істейтін қызметкерлерге ерекше талап қойылады. Олардың әрқайсысы кем дегенде спорттың бір түрін жетік меңгеріп, бірнеше шет тілін білетін, білімді, дені сау, дене бітімі келісті азамат болуы керек. Тіпті жұмысқа қабылдарда олардың бойындағы қалыптасқан қасиеттер – айбаттылығы, қайраттылығы, бәрі-бәрі ескеріледі. Өйткені, олардың жұмыстарында күнделікті ауыртпалық өте көп түседі, басқа да жариялауға жатпайтын оқиғалардың болып жататыны да ақиқат.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін дербес мемлекет болу үшін өзіндік ерекше даму моделін таңдап, әлемдегі бейбітшілік пен бірліктің бірден-бір үлгісін қалыптастырды. Бүгінде мемлекетіміз халықаралық саясатта бірқатар тың идеяларды ұсынып, әлемнің дамуына үлес қосуда. Еліміздің беделді халықаралық ұйымдардағы табысты төрағалығы мен жаһандық және аймақтық мәселелерді шешудегі тың бастамалары халықаралық қоғамдастықтың назарын аудартуда.
Қазақстандағы ашық қоғам көптеген әлем елдерімен өзара тиімді байланыс орнатты. Бір сөзбен айтқанда, ширек ғасырда жүзеге асырылған реформалар әлемнің 217 елінің ішінде үздік елудің қатарына енуге мүмкіндік берді. Ендігі меже – экономикасы мықты, дамыған, өркендеген 30 мемлекеттің қатарына ену. Осы ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгерлігімен табысты жүргізілген көп векторлы сыртқы саясатымыз бен дипломатиялық қызметіміз өте нәтижелі және сәтті болды деп айтуға толық негіз бар.
Экономикамызды дамыту үшін бүгінде елге шетелден инвестициялар тартылып жатыр. Қазақстанның жағдайын, тұрмысын жақсартамыз деп ұмтылған талай шетелдік түрлі фирмалар мен компания өкілдерінің арасында сол елдердің сыртқы барлау қызметінің өкілдері, басқа да толып жатқан жат пиғылды жандардың да болуы жасырын емес. Саралап айтар болсақ, соңғы кезде шетелдің арнаулы органдары Қазақстанның саяси-әлеуметтік, экономикалық, ғылыми-техникалық, діни және әскери салаларындағы ахуалды білу үшін мақсатты түрде жұмыс істеуде. Шетел азаматтарының түрлі себептермен елімізге келулері жиіледі. Бізге жол тартқандардың барлығы бірдей «тәртіпті», «адал ниетті» емес. Оған әлемдегі халықаралық саяси жағдайдың ушығып тұрғанын қосыңыз. Сондықтан қауіп-қатердің алдын алмасақ болмайды. Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал, айла-тәсілдеріміз болуы қажет.
Міне, осындайда мамандығы да, еңбегі де ерек адамдардың мемлекет үшін іс-қимылы айрықша қажет болатыны бар. Ішкі тыныштықты сақтау, жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу және сыртқы күштердің шым-шытырық жолдармен Республика тәуелсіздігіне көлеңке түсіру ниеттеріне қарсы тосқауыл қою үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне үлкен міндет жүктеледі. Қазіргідей шет елдермен экономикалық, мәдени, ғылыми байланыстардың тереңдей түскен кезеңде комитет қызметкерлеріне артылар жауапкершілік те көбейе түседі. Барыс-келіс, алыс-беріс жақсы. Дегенмен, мұндай қарым-қатынастар елімізге зиянын тигізбеуі үшін сақтық та қажет. Мемлекетіміздің қауіпсіздігіне байланысты небір қанқұйлы террористік, лаңкестік шабуылдарға қарсы ҰҚК ауқымды жұмыс атқарып отыр. Өзінің күнделікті көзге көрінбейтін, қауырт оперативтік жедел іздестіру жұмыстарымен қатар, елімізге келіп, жасырын жұмыс істеуге үміттенген жансыздарға кедергі жасап, алдын алып, мемлекеттік құпияларды сақтауға бағытталған іс-қимылдарды ойдағыдай жүргізуде.
Отанымызға қарсы бағытталған басқа да аса қауіпті қылмыстарға тойтарыс бере отырып, олардың алдын алып, ел тыныштығын қорғайтын ҰҚК қызметкерлерінің жұмысы орасан қауіп-қатерге толы. Олардың мамандығы мен еңбектерінің ерекше екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдардан-ақ империяның бодандығынан босаған жас мемлекет өз қауіпсіздігін ұйымдастыру сияқты жұмыстарды дұрыс жолға қоя білді. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі міндеттерді орындаудың бірден-бір жолы қызметкерлер арасындағы адалдық пен кіршіксіз сенімділікті қалыптастыру болған еді. Бұл міндет те ойдағыдай орындалды. Соған қарай қызметкерлеріміздің сіңірген еңбегі де елеусіз қалған емес. Отан алдындағы қалтқысыз қызметтері мемлекет пен Үкімет тарапынан лайықты бағасын алуда.
Кадрлардың ауысуы, ұрпақтардың алмасуы – заңды құбылыс. Қазіргі облыстық ҰҚК-нің департамент басшылары парасатты, өткен тарихын қастерлейтін, ұлттық қауіпсіздік жұмысын жетік меңгерген білікті, білімді азаматтар. Олай дейтінім, басшылар Отанына адал қызмет еткен генерал Қ.Нұрмағанбетов, полковниктер О.Ниязбеков, Х.Шоқалақов, Е.Дарменов, А.Фельдшеров, Қ.Құрманбаев сияқты соғыс ардагерлерінің өнегелі істерін ұмытпай, кездесу ұйымдастырып, қызметтегі жаңалықтармен таныстырып, елдің қауіпсіздігіне байланысты ой-пікірлермен бөлісуді, материалдық көмек көрсетуді естен шығарған емес. Мұндай кездесулер жастар үшін өте пайдалы. Біріншіден, ардагерлерді ынталандырса, екіншіден, жас қызметкерлерді Отанына адал қызмет етуге баулып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізеді.
Отанға, қызметтік борышқа шын берілгенде ғана еліміздің тыныштығы мен халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызмет жемісті болады. Әрқашан да мемлекетіміз бен ұлтымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өткеннің бай тәжірибесін талдап, алдағы жұмыстарды жоспарлап отыру керек. Бұл келешекте сала қызметкерлерін жетістікке жетелері сөзсіз.

Тілектес Ерімпашев,
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері,
запастағы полковник.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support