- Advertisement -

Су – тіршілік нәрі

276

- Advertisement -

Өңіріміздің егін егуге айрықша қолайлы екені белгілі. Алайда дихан қауымын шіліңгір шілдеде су жетіспеушілігі абыржытатыны жасырын емес. Өйткені, аймаққа келетін ағын судың 80 пайызы көршілес қырғыз елінен бастау алады. Ал «Кісідегінің кілті – аспанда». Шаруашылықтар көбінесе тұрақты су көздері бар алқаптарға егін салып, бау-бақша дақылдарын егуге тырысады. Одан қалды жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиялары көмегіне сүйенеді. Өйткені көктен түсер жауын-шашынға сенім жоқ.
Қалыптасқан осындай күрделі жағдайға қарамастан, өңірімізде биыл егіс алқаптарының көлемі құрылымын әртараптандыруға сәйкес 608,8 мың гектарды құрайды деп күтілуде. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 15,6 пайызға артық. Пайдаланылатын су көлемі де биыл біршама артады деген сөз. Ал өңіріміздегі суландыру жүйелерінің мүмкіндігі қандай? Болашақта қалай болады?

«Қазсушардың»
қуантарлық жаңалығы

Тіршілік нәріне қатысты әлеуетті мекемелердің бірі – республикалық «Қазсушар» мемлекеттік-коммуналдық мекемесінің облыстық филиалы. Бұл құрылымның теңгеріміне үлкен 5 су қоймасы қарайды. Олардың мүмкіндігіне тоқталар болсақ, Жуалыдағы «Теріс-Ащыбұлақ» секундына – 36, Шудағы «Тасөткел» секундына – 360, Қордайдағы «Қарақоңыз» секундына – 3,4, «Қақпатас» секундына 3,6 текше метр су өткізе алады. «Теріс-Ащыбұлақтың» – 21 мың, «Тасөткелдің» – 54 мың, «Қарақоңыздың» – 3 мың, «Қақпатастың» 1 мың гектар алқапты суландыру мүмкіндігі бар. Жоғарыда аталған мекеме басшысының орынбасары Берік Нұралиев бұл бағытта біраз жаңалығымен бөлісті. Оның айтуынша, республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, біздің облысымыз аумағында төрт бірдей ірі су сақтау қоймасы салынбақ. Оның екеуі – Қордай ауданында. «Ырғайтыға» 19 миллион, «Қалғұттыға» 15 миллион текше метр су иіруге мүмкіндік бар. Ал Меркі ауданында салынуы көзделген Аспара су қоймасы 50 миллион текше метрге дейін су сақтауға қабілетті болып салынады. Байзақ және Талас аудандарының аумағындағы Ақмолда су қоймасы 15 миллион текше метр суды сақтап, шіліңгір шілдеге дейін жеткізетін болады.
Бұл мақсатқа қыруар қаражат жұмсалатыны түсінікті. Бәрі де елдің қамын, игілігін ойлаудан туған іс. Егін шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдардың жаз айларында ағын судан тарықпауы үшін өңірімізде қолайлы жағдайлар қарастырылып жатқанының да нақты айғағындай. Осы кезге дейін облысымызға қажетті судың 80 пайызын айыр қалпақты ағайындардан алып келсек, енді аталған 4 су жинау қоймасының құрылысы сәтімен аяқталса, Қордай, Талас, Байзақ, Меркі аудандарындағы егіс алқаптарын ылғалдандыру мүмкіндігі 20 пайызға артады деп күтілуде. Киров су қоймасынан ерте көктемде көп мөлшерде жіберілген су осы қоймаларда сақталып, жазда шаруашылықтардың игілігіне айналмақ.

Шу-Талас бассейні
атқарар іс көп

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Ғалымбек Құралбаев та қырғыз елінен біздің облыс жылына 2,5 миллиард текше метр су алатынын, ал жоғарыда аталған 4 су сақтау қоймасына 100 миллион текше метр су жиналатынын айтады. Бұған қарағанда, ағын су мәселесі әлі де біраз жылдар бойы өткір күйінде қала бермек.
Осы орайда облыс басшылары қол қусырып қарап отырмай, қыруар істің басын қайырғанын айрықша атап өтуге де тиіспіз. Бір кездері көршілес ел аумағынан өтетін ескі арнасының орнына өз еліміз аумағынан жаңасы салынуымен байланысты «Көксай» каналы жуалылық дихандардың ағын суға деген қажеттіліктерін толығымен өтеп отыр. Атап өтерлігі, осы арна арқылы жуалылықтар ғана емес, мемлекеттік келісімге сай қырғыз еліндегі Маймақ ауылы да су алады.
Айта кету керек, Шу-Талас бассейндік инспекциясы біздің өңіріміз бен Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданы аумақтарында су қорларын пайдалану және оны қорғау жөніндегі аумақтық уәкілетті орган болып саналады. Киров су қоймасынан бастау алып, өңіріміз арқылы ағып өтетін Шу, Талас өзендеріне бөлінген суды қадағалау мен қажеттілікке қарай бөлу мәселесіне де осы мекеме жауапты.
Мемлекетаралық су бөлу бойынша өзекті мәселелердің бірі – екі елге ортақ өзендер жайы да ойландырады. Өңірімізге су Қырғыз Алатауынан ағып келетінін жоғарыда айттық. Мысалы, Жуалы ауданындағы Күркіресу өзені су жүйесінің бойындағы Ақмолда, Төментамға, Қаратақы каналдары арқылы 1604 гектар суармалы жерге су жеткізуге мүмкіндік бар. Алайда тазалап, жөндеу, суөткізгіштік әлеуетін күшейту жұмыстарын жүргізуге, оларды мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарын ортақ пайдалану тізіміне енгізу мәселесінің осы уақытқа дейін үкіметаралық деңгейде нақты шешілмей, кешеуілдеуі қолбайлау болуда.
Бүгінгі жағдайға келсек, қазіргі таңда Киров су қоймасынан Талас өзеніне секундына 5 текше метр су түсіп жатыр екен. Аса су торабынан өтіп жатқан суды есептегенде Талас өзені арнасына қазір секундына 17,95 текше метр су түсуде. Алдағы 20 наурызда «бас қақпа» ашылуымен байланысты бұл мөлшер 20 текше метрге дейін жетпек. Алайда ол кезде Аса су торабынан келіп жатқан су қысқарады. Сонда Талас өзеніндегі су сәуірдің ортасына дейін осы деңгейін сақтап тұрады деп күтілуде. Ал 15 сәуірден бастап шаруашылықтарға су бөліне бастайды екен.
Былтыр Қырғыз Алатауынан келген мол су өңіріміздің біраз елді мекенін әбігерге салғаны белгілі. Биыл ондай жағдайдың қайталанбауы қатаң түрде қадағалану үстінде. Бүгінде аталған қоймаға 487 миллион текше метр су жинаулы тұр. Жағдай толықтай аталған инспекцияның бақылауында. Мамандар әзірге алаңдауға ешқандай негіз жоқтығын айтуда.

Сала ісі оңтайландырылмақ

Ағын суға қатысты тағы бір мәселе, ол – сала ісінің біршама оңтайландырылатыны. Осы кезге дейін аудандарда екі бірдей су шаруашылығы мекемесі жұмыс істеп келгені белгілі. Олар – «Қазсушардың» аудандық филиалы мен аудандық мемлекеттік-коммуналдық су шаруашылығы кәсіпорны. Аудандық деңгейдегі кәсіпорындар облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарап келді. Олардың «Қазсушарға» қарыздарлық сомасы бүгінде 28 миллион теңгеге жеткен. Осыған байланысты аталған кәсіпорындар аудандардың аумағындағы канал-тоғандарымен қоса «Қазсушардың» басқаруына беріліпті.
– Енді аудандағы су жөніндегі мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорындар таратылып, өздерін банкрот деп жариялауы тиіс. Заң аясында. Сөйтіп, қалған техникаларын сатып, қарыздарынан құтылулары қажет. Онан соң, аудандарда «Қазсушардың» филиалы белсенді жұмыс атқаратын болады, – дейді облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы су ресурстарын үйлестіру, пайдалану және қорғау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әбен Көлбаев. Ол, сондай-ақ жергілікті тоғандар мен су айдындары республикалық меншікке өтуімен байланысты биыл республикалық бюджет қаражаты есебінен тоғандардың едәуір бөлігі жөнделуі мүмкін екенін де айтады.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Тілші түйіні: 

Елбасымыз биылғы халыққа Жолдауында «…жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет» деп атап көрсеткені белгілі. Осыған байланысты өңірімізде де ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сыйымдылығы 99 миллион текше метрді құрайтын жаңа 4 шағын су қоймасының құрылысын салу соның ең сүбелісі деуімізге болады. Осылайша таяу жылдарда облысымыздағы суармалы жерлердің көлемін 240 мың гектарға жеткізу көзделуде. Ал бұл игілікті іс өңір халқының түгел дерлік күнкөріс көзіне де айналмақ. Мұндай жердің тиімді пайдаланылған бір гектарының өзі бір отбасын асырайтынын ескерсек. Осындай пайымдаулардан облысымызда салынатын 4 су сақтау қоймасының әлеуетін шынайы сезінуге болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, облысымызда су мәселесімен шұғылданатын құрылымдардың оңтайландырылуы да көп жайдан хабар бергендей. Бағамдауымызша, ендігі жерде республикалық «Қазсушар» мекемесінің жергілікті филиалдарының қуаты артып, тоғандардан аққан суды қадағалау бір ғана басқаруда болатын сыңайлы. Су қоймаларының жағдайы да жақсарып, әлеуетті бола түспек. Жақында Қазақ ұлттық аграрлық университеті делегациясы құрамында облысымызда болған ғалым Нұрмахан Мұстафаевтың айтуынша, жалпы ағын суды үнемді пайдалануға тиіс екенбіз. Ағын суды алдағы уақытта тап бүгінгідей жауапсыздықпен пайдалана беретін болсақ, алдағы 10 жылда-ақ шындап тұйыққа тірелетін секілдіміз. Бұдан шығудың жолы біреу ғана. Ол – суды мейлінше үнемді пайдалану, су үнемдеуге қатысты жаңа технологияларды көп мөлшерде қолданысқа енгізу. «Судың да сұрауы бар» екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support