- Advertisement -

Азық-түлік бағасы бақылауда

137

- Advertisement -

Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісілген «Азық-түлік бағаларын тұрақтандырудың жедел іс-шаралар жоспары» аясында басқарма тарапынан біршама жұмыстар атқарылды. Бұл тұрғыда құрылған жұмысшы тобы облыстағы әлеуметтік маңызы бар 33 тауар бағаларына тұрақты түрде мониторинг жүргізуде. Әр бейсенбі сайын Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінен жинақталған соңғы жедел мәліметтер бойынша 33 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінен 6 атауының орташа облыстық бөлшек-сауда бағасы биылғы жылдың I тоқсанына жоспарлы шекті мәннен жоғары екенін көрсетті.
Бағалардың жоғарылау дерегі бойынша сауда орындарында түсіндіру жұмыстары мен мониторингтік талдау жүргізілді. Картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз және тағы басқа шекті мәннен асқан тауар бағаларын жоғарылатқан кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерді тексеру үшін облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментіне тиісті ақпараттар жолданды. Негізінен бағаның деңгейі көтерме сауда өкілдері мен өндірушілер қойған бағаларға негізделеді.
Бөлшек-сауда нысандары тарапынан бағаны өз бетінше шарықтату деректері анықталған жоқ. Бағаның өсуіне көкөністерде жылма-жылғы маусымдық сипаттағы тауарлар қоры мен өндіріс көлемінің төмендеуі, тауық етінде олардың, әдетте сырттан, басқа өңірлерден жеткізілуі ықпал ететін. Бұл ретте тауық етінің өндірісі Байзақ ауданында қайта жандандырылды. Алдағы уақытта бұл істің ішкі нарыққа едәуір әсерін тигізетініне сенім бар. Бүгінгі күні ондағы тауық еті бағасының әр келісі 580 теңгеден басталады, есептік көрсеткіштен 63 теңгеге төмен.
2013 жылдың соңынан бері соңғы үш жылда бағалары тұрақты болған сиыр мен қой етінің бағалары тұрақты болды. Тек биылғы жыл басынан бері алғаш рет 2 пайызға көтерілгені байқалуда. Шаруалар мен сауда өкілдері бұл жағдайды етке деген сыртқы және ішкі нарықтағы сұраныстың артуымен байланыстырып отыр.
Қырғыз елінен ет пен малдың Қазақстан аумағына кіргізілуіне қатаң тыйым салынуы, Оңтүстік Қазақстан облысының өнімдері Қытай нарығына бағытталуы, еліміздің шығыс бөлігін және Қытайды қамтитын Моңғолия еліндегі қатты қыстан төмендеген ет өндірісі ет нарығындағы тауар айналымына кері әсерін беріп, ішкі нарықтағы сұранысты арттырды деген болжам бар. Қалған тауар бағалары ақылы қызметтердің, жанар-жағармай бағаларының әсерінен жоғарылауда.
Жалпы облыста, жоғарыда айтқанымыздай, азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша жедел іс-шаралар жоспары ауыл шаруашылық министрлігімен келісіліп, бекітілген. Ұлттық экономика министрлігі белгілеген индикаторларға өңірдің инфляция деңгейін 8 пайыздан асырмау туралы ұстанымдары жолданды.
Облыстық азық-түлікті тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану аясында ағымдағы жылдың басынан қорға құны 97 миллион теңгені құрайтын 1190 тонна әлеуметтік тауарларды сатып алу интервенциялары жүргізілуде.
Бүгінгі күні 60 тонна қарақұмық, 55 тонна күнбағыс майын, 500 тонна картоп, 200 тонна пияз сатып алу ісі өзінің мәресіне жетсе, 200 тонна ұн, 500 мың дана жұмыртқа, 5 тонна қырыққабат, 10 тонна пияз, 10 тонна картоп сатып алу жұмыстары одан әрі жалғасуда. Бұл аралықта қор арқылы 1259 тонна әлеуметтік тауар өткерілді. Бүгінде тұрақтандыру қорында құны 520,5 миллион теңгені құрайтын 3324 тонна тауар бар.
Алдағы уақытта 2017 жылдың өнімі есебінен отандық тауар өндірушілерді қолдай отырып, арнайы форвардтық келісімшарттар негізінде көктем айының соңына қарай бағалары шарықтайтын картоп, пияз, қырыққабатты алдын ала, ерте пісетін өнімдер есебінен сатып алу жұмыстары қарастырылуда. Сонымен қатар қорға қой мен сиыр етін алдын ала сатып алу ұсыныстары әзірленуде.
Бұдан бұрын осындай 1023 тонна қант, 87 тонна сүт өнімдері, 600 тонна нанды тұрақты түрде төмен бағамен босату жөніндегі өндірушілермен жасалған келісімдер негізінде бұл өнімдермен облыстағы әлеуметтік дүкендер тұрақты қамтылуда. Бүгінде қордан ұн – 85, күріш – 160, картоп – 75, нан – 50, күнбағыс майы – 315, қарақұмық 240 теңгеден еркін сатылуда.
Ағымдағы жыл басынан бері облыс бойынша жалпы сомасы 115 миллион теңгені құрайтын азық-түлік өнімдері ұсынылуымен 82 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Сауда-саттық барысында тауар бағалары 8-20 пайызға төмен болды. Облыстың азық-түліктер бойынша баға өсімі жыл басынан бастап 101,7 пайызды құрап отыр.
Жалпы, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етудің облыстық ай сайынғы көрсеткіштері Ұлттық экономика министрлігі тарапынан белгіленді. Бұл ретте әр айдағы индекс көлемін 0,7-1 пайыздан асырмай, жыл соңына инфляция деңгейін 7,9 пайыз деңгейінде тұрақтандыру көзделуде. Азық-түлік баға индексінің жоғарылау шағы (0,7-ге дейін) наурыз-маусым айларында күтілуде. Ал тамыз айынан бастап қарашаға дейін біртіндеп төмендейді. Әрине, индекс есебін жүргізгенде әлеуметтік емес азық-түліктердің, ақылы қызметтердің де бағаларын ескеру қажет. 2017 жылға белгіленген индикаторлар өткен жылғы көрсеткіштен төмен болып отыр.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні ұсыныстарға сәйкес, әлеуметтік тауарлардың саны 19-ға дейін ықшамдалып, бағаны тұрақтандыру барысында ауқымды шаралар қолға алынуда.

Еркебұлан АНАБЕКОВ,
облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support