- Advertisement -

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕРДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

125

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Халыққа арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы ел арасында қызу талқылануда. Жолдау жүктеген міндеттерді тұрғындарға түсіндіріп, оны насихаттау мақсатында облыстық атқарушы билік тарапынан ауқымды шаралар кешені жасалған. Мемлекет дамуының Үшінші кезеңіне бағытталған бұл жоспарды жүзеге асыру үшін бірінші кезекте атқарылатын мәселелерді талқылау үшін облыстық әкімдікте идеологиялық актив жиыны өтті. Оған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, мекемелер мен басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, жоғары оқу орындарының, саяси партиялардың, этномәдени орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен облыстық ақпараттық топ мүшелері қатысты.
Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттер бойынша облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев баяндама жасады. Баяндамасын «Елбасы Н.Ә.Назарбаев ел болашағын айқындайтын жаңа Жолдауын жариялады. Президентіміздің әрбір Жолдауы – аса ірі тарихи оқиға. Еліміз үшін өте маңызды. Қазақстан қоғамы жылдың басты құжатын әрқашан тағатсыздана күтеді. Биылғы Жолдауда да өткен кезеңнің қорытындысы шығарылып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалды. Елбасы айтқандай, ел Тәуелсіздігінің 25 жылында екі жаңғыру кезеңінен өттік. Ендігі күн тәртібіне Қазақстанның Үшінші жаңғыруы жөнінде міндет тұр. Мақсаты – елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру. Бұл мақсаттарға жету үшін «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық ауқымды жоспары әзірленетін болады. Халықтың тұрмысына «Цифрлық Қазақстан», IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялар қолданысқа енгізілмек. Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға байланысты Үкіметте арнайы жиын болып өтіп, тиісті тапсырмалар берілді», – деп бастаған облыс басшысы, өңір экономикасы мен саяси өркендеуі ендігі кезекте Жолдаудан туындаған міндеттерді орындау үшін қарқынды дами түсуі керектігін баса айтты. Ол Елбасы айқындап берген бес басым бағыт, яғни, бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық, төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту және бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі стратегиялық құжатты іске асыруды бүгіннен бастауды тапсырды. Ол үшін бүгінде жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарына жаңа сандық технологияны енгізу керектігін, ол үшін облыста барлық жағдай жасалғанын айтты.

Өңірде «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аумағы құрылып, онда 16 химиялық зауыт құрылысы жүргізілмек. Бүгінде оның алғашқы кезеңі жүзеге асырылып, арнайы аймаққа инфрақұрылым жүйесі жүргізілген. Инновациялық жобалар «Қазфосфат» пен «Еурохим», «Таласинвест» компанияларында да жүзеге асырылып жатқанын атап өткен өңір басшысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына отандық ғылыми-зерттеу институттармен біріге отырып, инновациялық технологиямен жұмыс істейтін жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ, сандық жүйеде қызмет көрсетуді әлеуметтік инфрақұрылым субъектілерінде, денсаулық сақтау саласында да қолдануды ұсынды. Мұнан өзге Жолдауда көрсетілген барлық бағыт бойынша нақты тапсырмалар берді.
Келесі кезекте жарыссөзге жазылған азаматтар Елбасы ұсынған ел дамуының кешенді жоспарына қатысты өз пікірлерін білдірді. Облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев Жолдау жайлы пікірін айта келе: «Елбасының 2012 жылы халыққа ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясының жаны – елімізді әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосуды мақсат тұтатын, 5 халықтық реформа, Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» десек, жаңа Жолдауда ел экономикасын әлемдік бәсекеге қабілетті ететін үшінші жаңғыруға тегеурінді серпін беретін 5 басымдықты Елбасы атап қана қоймай, оларды орындаудың жолдарын санамалап тайға таңба басқандай етіп, көрсетіп берді. Енді қалған іс – оларды жүзеге асыру», – деді.
Ал Байзақ ауданындағы «Жадыра и К» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы Гүлнар Дәулетбаева мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп жатқан көмектің көп екенін, ендігі кезекте Жолдаудан туындаған міндеттерді орындау үшін аянбай еңбек ететінін айтса, облыстық мәслихаттың депутаты, Тараз қалалық №2 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гулам Умаров денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерге тоқталды. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың аға оқытушысы, жас ғалым Айдар Әбілдаев Елбасы барлық Жолдауларында жастарға үлкен қолдау білдіріп, еліміздегі ғылым мен білімнің дамуына даңғыл жол ашып беріп отырғанын ерекше атап өтті. Ол: «Облысымызда жастар саясатындағы жаңа бастамалар, мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан игі істер бізді қуантып отыр.
Осы орайда, облыс жастарының ғылымға қызығушылығын арттыру және инновациялық идеялар мен жастар арасында үздік инноваторларды анықтау, «жасыл экономикаға» қатысты жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ, облыс жастарының арасында ғылымның мәртебесін арттыру және оларды инновациялық жобаларды әзірлеуге тарту бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар, әлеуметтік маңызы зор жобалар жүзеге асырылып келеді. Міне, осындай жетістіктер барда біздің жастарымызға ғылыммен айналысуға мүмкіндік мол деп есептеймін», – деп аға буынға алғысын білдірді.
Жиын соңында облыс басшысы бұл Жолдаудың халық үшін аса маңызды, оны түсіндіру мен орындаудың қаншалықты мәні бар екенін айтты. Сөйтіп, Жолдауды түсіндіру жөніндегі облыстық ақпараттық топ мүшелеріне барлық аудандар мен қалаларды қамтып, нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

Маржан РАҚАЙ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support