- Advertisement -

Жаңару мен жасампаздыққа бастайды

123

- Advertisement -

Мемлекетіміздің қалыптасу, нығаю кезеңінде небір күрделі сәттерді өткердік. Жаһандық дағдарыстар, алыс-жақын шетелдердегі қарулы қақтығыстар әрбір қадамды аңдап басу қажеттігін ескертіп тұрғандай еді. Дегенмен, Президент Н.Ә.Назарбаев ел мүддесі үшін батыл шешімдер қабылдап, халқын өркениет көшіне бастай білді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты – еліміздің жан-жақты жаңаруы мен жаңғыруының бастауы болды. Соның арқасында Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізіп, экономикасы қуатты мемлекетке айналды.

Президентіміздің ішкі-сыртқы саясатты асқан көрегенділікпен жүргізе білуінің нәтижесінде әлемге бірлігі жарасқан, саяси тұрақтылығы орныққан, бейбітсүйгіш ел ретінде танылдық. Ендігі мақсатымыз – дүниежүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына кіру. Ал осы үдеден шығуымыз үшін мемлекетімізді экономикалық және әлеуметтік тұрғыда одан әрі жаңғырта түсу қажет. Елбасымыз айтқандай, қазір заманның дидары өзгерді. Өзгеруге тиістісі – басқару жүйесі. Сол үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Парламенттің өкілеттіліктерін қайта бөлу мәселесін көтеріп, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Бұл туралы Ұлт Көшбасшысы өз Үндеуінде мәлімдеді.
Президенттің құзырына жататын бірқатар өкілеттілікті биліктің атқарушы және заң шығарушы органдарына беру – тап бүгін туындаған идея емес. Бұның негізі Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында қаланған. Бұл – басқару жүйесін демократияландыруды көздейтін қадам. Конституциялық реформалар жобасының бүкілхалықтық талқылауға салынуы осы пікірді қуаттай түседі.
Заң шығарушы орган – мемлекет билігінің басты буыны екені белгілі. Сондықтан, Парламент өкілеттілігін арттырудың мәні зор. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, бұл қадам мемлекеттің саяси өміріне үлкен өзгеріс әкеледі. Конституциялық реформаның жобасының өзектілігі де осында. Демократиялық үдерістерді дамытуды көздейтін өзгерістер терең зерделенуі тиіс. Мемлекеттік органдар мен депутаттық корпустың, сот жүйесі мен қазақстандық заңгер-ғалымдардан тұратын арнайы жұмысшы тобы құрылып, қазақстандықтар тарапынан қандайда бір келіп түскен ұсыныстар болса, толық ескерілетіні анық. Әбден екшеліп, електен өткізілгеннен кейін Конституциямызға өзгерістер енгізілетін болады. Осы орайда айта кететіні, «Соттар және сот төрелігі» бөлігіндегі саласындағы 79, 80, 81- баптарға түзету енгізілмек. Соның ішінде 79- баптағы судьялыққа кандидаттардың жасы 25 жастан басталатыны, екі жыл еңбек өтілінің бар болуы белгілі бір заңмен реттелетіні айтылған. Яғни, сот жүйесі және соттың мәртебесі конституциялық заңмен реттеледі. Демек, бұрын судьялыққа кандидаттар 25 жастан бастап ұсынылса, судьялыққа кандидат енді 30 жастан басталады. Бұдан бөлек тағы бір мәселе – прокуратураның азаматтық процестерге қатысуын шектеу. Өйткені, прокурор мемлекеттің мүддесі болған кезде ғана азаматтық процестерге қатысуы керек, қалған уақытта қажет емес. Себебі, дауласушылардың пікірі бір жақты болуы шарт. Сондықтан, прокурордың біржақты сөйлегенінен, сот отырысында екі тараптың да бейтарап болып дауласқаны жөн.
Сонымен қатар, Конституцияға енгізілетін түзетулердің ішінде 26-баптың 1-тармағы бойынша қолданыстағы нұсқада «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» делінген. Ал жобадағы нұсқасында «Әркiм заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады» делінген. Менің жеке пікірім, осының бұрынғы редакцияда қалғаны дұрыс секілді. «Әркім» деген түзетудің орнына «Қазақстан азаматтары» деген нұсқа дұрыс деп ойлаймын.

Жомарт Рүстембеков,
облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі

сот алқасының төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support