- Advertisement -

Хоккей емес, регби…

140

- Advertisement -

Қазақстан құрамасы Қытайды 22:0 есебімен күйрете жеңді

Бүкіләлемдік қысқы Универсиадада алғаш болып хоккейшілер бәсекеге араласқаны мәлім. Байрақты бәсекенің алтын жүлдесінен үміткер Қазақстан хоккейшілері алғашқы кездесуін Қытай құрамасына қарсы өткізді. Бұл ойын хоккейден гөрі регбиге көп ұқсап кетті.
Иә, регбиде 22:0, 40:7 деген сияқты есептерді жиі көретінбіз. Алайда бұл күні қазақ хоккейшілері хоккейден қытайлық құрдастарына шеберлік сағатын өткізіп, есімізге регби есебін салды. Отандастарымыз Қытай құрамасын 22:0 есебімен күйрете жеңді. «Халық Аренаға» жиналған жұртшылықтың бұл күні айызы қанды. Алдымен Владимир Гребенщиков бірінші кезеңнің алғашқы минутында қарсылас команда қақпасына дебюттік шайбаны тоғытқан соң, екінші минутта Әлихан Әсетов команданың басымдығын нығырлай түсті. Жалпы, бірінші кезеңді қазақстандық хоккейшілер 9:0 есебімен аяқтады. Бұдан кейін Қытай құрамасы үшін айдынға шығудың қандай маңызы қалды екен? Екінші кезеңде отандастарымыз оныншы шайбаны салу үшін 58 секунд жеткілікті болды. Осы кезеңде Артем Бурделев үш шайбаның авторы атанып шыға келді. Бұл кезеңде есепті 15:0-ге жеткізген қазақстандық хоккейшілер қалған уақытта жайбарақат жүрді.
Үшінші кезеңде қазақстандық студенттер тағы да қытайлықтарды шайбамен «бомбалады». Тіпті, біздің елдің жігіттері алаңнан ойыншымыз қуылған сәтте де мергендік танытқаны езуге күлкі үйірді. Ойын соңына дейін қытайлықтардың қақпасына тағы 7 шайба соққан Қазақстан құрама командасы 22:0 есебімен айқын жеңіп, өздерінің дода фавориттерінің бірі екенін таныта білді. Шыны керек, бұл кездесуде қарсыластарының жарты алаңына шыға алмай әуре-сарсаңға түскен Қытай құрамасын аяп та кеттік.
Бүгін қазақстандық хоккейшілер швециялық замандастарымен айдында күш сынасады. Жалпы, Швецияда хоккей спорты жоғары деңгейде дамығанын білеміз. Ендеше, жігерлі жампоздарымыздың скандинавиялық команданы да жеңуіне тілектеспіз. Әрине, Швеция құрамасы Қытай емес. Дегенмен, отандастарымыздың оларды ұтуға шамасы жетеді деген ойдамыз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support