- Advertisement -

Жергілікті полицияның жұмысы нәтижелі ме?

94

- Advertisement -

Жалпы, бұл қызмет қоғамдық тәртіпті қорғауға, тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл жасауға және жол-патрульдік қызметінің жұмысына жауап беруге тиісті. Қоғамда ұсақ құқық бұзушылықтарға «нөлдік» төзімділік режімін қамтамасыз етуі қажет. Президент ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 30-қадамының негізінде осы идея жатыр. Ал бұл идеяны осындай өкілеттік берілген жергілікті полиция қызметі қаншалықты тиімді жүзеге асыруда? Депутат Гүлбарам Тұрлыбек төрағалық еткен алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс сегізінші сессиясында осы мәселе кеңірек талқыланды.
Былтыр 1 қаңтардан бастап іске кіріскен жаңа құрылымның жұмысы жемісті болды ма? Не өзгерді, көздегенімізге қол жеткізе аламыз ба? Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев көпшіліктің көкейіндегі осы сұрақтардың жауабын беруге тырысты.
– Жергілікті полиция қызметі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа форматына көшуге мүмкіндік беріп отыр. Мұнда негізгі шешуші рөл әкімдіктер мен жергілікті қауымдастыққа жүктелген. Облысымызда 1281 жергілікті полиция қызметкері азаматтардың тыныштығын сақтау және қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін жұмыс істеуде. Жаңа құрылым іске кіріскелі бір жылдың ішінде өңірімізде тіркелген қылмыстар саны 8,8 пайызға төмендеген, – дейді Бақытжан Халилұлы.
Азайған қылмыстарды талдап көрсетер болсақ, ауыр және аса ауыр қылмыстар – 9,9, орта дәрежедегі – 5,1, кіші дәрежедегі 28,1 пайызға дейін төмендеген екен. Дегенмен, қоғамдық орындар мен көшелерде орын алып жататын бұзақылық, тонау және ұрлық деректері азаймай тұр. Жүргізілген мониторинг көрсеткендей, бұл қылмыстардың басым көпшілігі түнгі сағат 2 мен 5-тердің шамасында жарықтандырылмаған жерлерде орын алған. Сондықтан, полиция полковнигі көшелерге бейнебақылау орнату, жергілікті полиция қызметінің штат санын көбейту қажет деп есептейді.
Депутаттар жергілікті полиция қызметінің қалыптасу кезеңінде облыс әкімдігі тарапынан лайықты деңгейде көмек көрсетілгенін айтады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен облыстық мәслихат бұдан әрі қарай да қолдау көрсетуге дайын. Тек, жұмыстың нәтижелі болуын талап етеді.
– Бірқатар көрсеткіштер төмендегені рас. Бірақ, Үкімет кеңесінде үш көрсеткіш бойынша біздің облысымыздың жоғары орында екені айтылды. Соның біреуі – жасөспірімдер қылмысы. Біз сонда жас жеткіншектерімізді жөнге сала алмаймыз ба? Кәмелетке толмаған тентектерді қоғам болып тезге салуға тиіспіз, – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Бірқатар қылмыстардың алдын алу бойынша алдыңғы жылдардағымен салыстырғанда өзгеріс бар. Бірақ, жұрт ұрылардан әбден зәрезап болған. Әсіресе, мал ұрлығы көбейіп, тұрғындар наразылығы күшейе түскен. Облыс әкімі ұрлықтың тыйылмай тұрғанын тілге тиек етіп, полиция қызметкерлерінің қылмыскерлерді құрықтауда қауқарсыздық танытып отырғанын сынға алды.
Жергілікті полиция қызметін құру еліміз үшін жаңа практика болғаны анық. Кейбір статистикалық көрсеткіштер әлі де бұл жұмысты ширату қажеттігін көрсетеді. Сессияда облыстық мәслихаттың депутаты Абай Нұржанов қабылданып жатқан шараларға қарамастан жол-көлік апаттарының көбейгенін қозғады. Оның 25 пайызы мас күйінде көлік жүргізушілердің кесірінен болған дейді. Алкогольдік ішімдіктерді кешкі сағат 21.00-ден күндізгі 12.00-ге дейін сатуға тыйым салынғанына қарамастан кейбір сауда нүктелерінде мысалы, облыс орталығындағы «Метроном» және тағы басқа сауда орындарында спирттік ішімдіктер ашық саудаланып жатқанын айтты. Сондай-ақ жол көлік оқиғалары кезінде жол патрульдік полиция қызметкерлеріне жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретуді қолға алу, яғни парамедиктерді даярлау туралы ұсыныс жасады.
Депутат Дәулетбай Есімбеков жасөспірімдер қылмысының алдын алу жолдарын бірлесе іздеуге шақырды. Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков «КМФ микрокредиттік ұйымы» ЖШС-ның сарапшысы Эльмира Өтебаеваның алаяқтық жолмен 72 азаматтың қаражатын иемденіп кеткені, оған іздеу жарияланғаны, соның кесірінен көрсеткіштің көбейіп отырғанын сөз етті. Облыстық мәслихаттың депутаты Халит Базаралиев Құланда қасқыр көбейіп кеткендіктен, тұрғындар түнде далаға шығуға қорқып отырғанын айтып, бір шара қолдануды сұрады. Жалпы, депутаттар жергілікті полиция қызметінің қалыптасу кезеңінде жұмысты жетілдірудің тиімді жолын ұсынса, қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Сессияда облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева өңірдегі мәдениет және білім мекемелеріне атау беру және қайта атау жөніндегі ұсыныстарды республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізу туралы хабарлама жасады. Көптеген мәселелерді талқыға салған мәслихат сессиясында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support