- Advertisement -

Үндістанда өткен он күн

134

- Advertisement -

Облыстық филармонияның «Ақкербез» би ансамблі Үндістанда өткен халықаралық халық биі және ән фестиваліне қатысып, зор қошеметке бөленіп қайтты. Кино, би өнерінің отанына айналған Үндістанда он күн бойы өз өнерлерін көрсеткен бишілеріміз елге әдемі әсер, ғажайып сезім жетегінде оралды.
Нью-Дели қаласындағы «Камани» концерт залында Үнді Кеңесінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық халық биі және ән фестивалі әлем елдерінің мәдени байланысын нығайтуға арналды. Аталмыш фестивальдің жетінші қойылымына қатысқан «Ақкербез» би ансамблі үндістандық көрермендерге барынша жоғары деңгейде өнер көрсетіп, таланттарын таныты. Сондағы белгілі би мамандарының жақсы бағасын алғаны соның дәлелі.
Сондай-ақ, өнер ұжымы Үнді елінің Мувахати, Шиллонг, Дели қалаларында және Порт блэр аралында болып, жергілікті тұрғындарға бір сағаттық концерттік бағдарламаларын ұсынып, қазақ елінің мәдениеті мен өнерін танытып қайтты. Бұл туралы ансамбльді бастап барған облыстық филармонияның директоры Сейтқасым Түктібаев жеткізді. Ал ансамбль жетекшісі Айжан Қонарбаева бұл өнер сапарында бишілердің тәжірибе алмаса отырып, ысылып, шындалғандарын айтады.
– Ең алдымен Порт блэр аралында өнер көрсеттік. Ол шараға қала мэрі қатысты. Ашық алаңда өткен қойылымға мыңдаған көрермендер жиналды. Би өнерін ерекше бағалайтын үнділіктерге Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйіне қойылған «Шаттық» және «Аққу», «Мереке», «Жайлауда», «Гәкку» сынды қазақтың ұлттық билерін тарту еттік. Концерт барысында көрермендерге Қазақстан туралы, еліміздің жетістіктері, әсем де ғажайып Астанамыз, тарихы терең Тараз қалалары жайында, сонымен қатар, биылғы жылы өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрме туралы бейнероликтер көрсетіліп, одан үндістандықтар мен туристер еліміз жайлы жан-жақты ақпарат алды. Фестивальде қазақстандықтармен қатар бір сахнада Гаяна, Оңтүстік Африка, Германия, Тайланд, Белоруссия, Индия мемлекеттерінің өнерпаздары өнер көрсетіп, әлемнің әр қиырынан жиналған жастар ән және би өнері бойынша өзара тәжірбие алмасып, жақын таныса түсті. Халықаралық фестиваль аяғы үлкен достық кешіне ұласты, – дейді А.Қонарбаева.
Осыған дейін ІХ облыстық жастар Дельфийлік ойындарының «Халық биі» аталымы бойынша І орын, Республикалық «Баян-Сұлу» өнер конкурсының Гран-при иегері атанған «Ақкербездік» бишілер «Баласағұн» орталық концерт залында «Би маржандары» атты алғашқы кештерін де берген болатын. Құрылғанына көп бола қоймаса да біршама шығармашылық жетістіктерге жетіп үлгерген өнер ұжымының қоржыны енді халықаралық фестивальдің сертификатымен толығып отыр. Бұл облыс өнерпаздарының мерейі ғана емес, «Ақкербездің» алар асуы әлі алда екенін де білдіреді.

Жанғазы АХМЕТОВ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support