- Advertisement -

Қанат Ислам Сауль Альвареспен жұдырықтасуы мүмкін бе?

109

- Advertisement -

Кәсіпқой рингте 50 кездесу өткізген (48 мәрте жеңіп, 1 рет жеңілген, 1 мәрте қарсыласымен тең түскен) мексикалық оғлан Сауль Канело Альварес мамыр айында қазақстандық былғары қолғап шебері Қанат Исламмен қолғап түйістіруі мүмкін. Соңғы күндері интернет әлемін шарлап кеткен бұл ақпаратты қазақ елі де жар сала айтып жатыр. Әрине, бұл қуанышты жаңалық. Дегенмен…
Бұған дейін не бірінші орта салмақта қалатынын білмей, не орта салмаққа нақты ауысатынын айқындай алмаған Альварес WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан бас тартып, қазақстандық кәсіпқой бокс жұлдызы Геннадий Головкинге табыстаған болатын. Кейіннен ағылшын Лиам Смитпен бірінші орта салмақ дәрежесінде қолғап түйістіріп, WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған Альварес таяуда екінші орта салмақта өнер көрсететін отандасы Хулио Сезар Чавес кішімен жекпе-жек өткізуге бел байлаған-ды. Алайда екі тараптың менеджерлері келісімге келе алмағанға ұқсайды.
Енді, міне, орта салмақ дәрежесінде ұлыбританиялық Билли Джо Сондерстің WBO тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуіне үміткер Альварес аталмыш салмаққа ауысуға ниетті емес секілді. Ол салмақ ауыстырса жанкүйерлер қайтадан Головкинге қарсы шайқасты талап ететінін сезіп отыр ма? Қалай десек те, Альварес өз жолын таңдады. Әлемде жекпе-жектері арқылы ең көп қаржы табатын Альварес шынымен Қанат Исламға қарсы жекпе-жек өткізе ме, әлде жоқ па? Бұл жағы әзірге белгісіз. Рас, Қанат Ислам Альварес үшін бизнес тұрғысынан келгенде тиімді қарсылас емес. Бірақ, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Бірінші орта салмақтың рейтингінде WBO тұжырымы бойынша бесінші орынға жайғасқан қазақ оғланы Альварестің белбеуіне негізгі үміткер қатарындағы боксшы саналмайды. Демек, Альварес-Ислам кездесуі өткен күннің өзінде мексикалықтың командасы қазақ боксшысына 25 пайыздан да кем гонорар ұсынуы мүмкін. Не десек те, Қанат бұл кездесуге шығу мүмкіндігі туып жатса, бас тартпауы керек. Өйткені мұндай сәт бола бермейді.

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support