- Advertisement -

Ұстаздық – ұлы қызмет

129

- Advertisement -

Білім – қоғамның алға жылжуымен бірге келе жатқан басты құндылықтардың бірі. Біліммен қаруланған, ой-өрісі кең азамат қана мемлекеттің қарыштап дамуына өзіндік үлес қоса алады. Жалпы, ұстаздық ең қадірлі де қасиетті мамандық. Себебі, ұстаз – қоғамды алға сүйрейтін озық ойлы адамның тәрбиешісі. Сондықтан да, мұғалімдер өзіне жүктелген міндетті жан жүрегімен сезініп, қоғам жанашыры болуға ұмтылады.
Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгенде қазақ елін ең алғаш құттықтаған Түркия мемлекеті. Екі ел арасындағы бір-біріне деген бауырмалдықты Түркия мемлекетінің бізді бауырлас мемлекетінде танып, өз инвестициясын еліміздің білім саласына құйғанынан айқын аңғаруға болады. 1992 жылдары түріктер Қазақстанға білікті мамандарын жіберіп, қазақ-түрік оқу орындарын ашты, Қазақстан мен Түркия арасында студент алмасу бағдарламасы жолға қойылды.
Мен де осы бағдарлама бойынша 1996 жылы Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік университетке оқуға түстім. 2000 жылы оқуды тарих мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтағаннан кейін, Қарағанды қазақ-түрік лицейінде интернат меңгерушісі болдым. Төрт жылдан соң, Атырау қазақ-түрік лицейінде интернат меңгерушісі, 2005 жылы осы лицейдің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып, келер жылы Павлодар қазақ-түрік лицейіне ауыстым. 2008-2009 жылдары Жамбыл қазақ-түрік лицей-интернатында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, араға екі жыл салып Петропавлдағы лицей-интернатқа директор болып бардым. 2012 жылдан бері осы білім ошағында директор қызметін атқарудамын.
Өзіндік олимпиадалық тарихы бар, білім беру дәстүрі қалыптасқан мектеп-интернат көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Сегіз жылдан бері бұл білім мекемесі «Ең үзік олимпиада мектебі» атағын ешкімге берген емес. Осыдан үш жыл бұрын мектеп-интернат білім және тәрбие саласындағы жетістіктері үшін «Қыран» аймақтық тұтынушылар лигасының «Алтын қыран» халықтық сапа белгісімен марапатталса, алдыңғы жылы оқу және тәрбие жұмысындағы жетістіктері үшін облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсының жеңімпазы атанып, 15973000 теңгенің грантын ұтып алды. Былтыр өзім Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы ұйымдастырған «Үздік директор» байқауының жеңімпазы атанып, сапалы білім мен тәрбие беруге бағытталған жұмыстарымыздың нәтижесінде «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталдым.
Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша жұмыс жасайтын мектеп-интернаттағы оқу-тәрбие үдерісінің бір ерекшелігі – негізгі пәндер ағылшын тілінде жүргізілетінінде. Математика, физика, химия, биология, информатика пәндерінің ағылшын тілінде жүргізілуінің арқасында оқушыларымыз халықаралық, дүниежүзілік олимпиадаларда топ жарып жүр. Мен қызмет еткен 2012-2016 жылдар аралығында оқушыларымыз республикалық олимпиадаларда – 95, халықаралық олимпиадаларда – 66, халықаралық ғылыми жоба жарыстарында – 28, дүниежүзілік олимпиадаларда 20 жүлделі орынды иеленді. Бұл қазақстандық білім беру жүйесінің жоғары әрі бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдейді.
Білім-білігі жоғары педагогтердің арқасында мектеп-интернаттың дарынды оқушыларының бәсекеге қабілетті тұлғалық бейнесі қалыптасуда. Әр ұстаз алдында отырған шәкіртінің табиғи дарынын танып, оны одан әрі дамытуға күш жұмсауда. Оқыту мен оқу үдерісінің сапасын жақсарту, мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен шеберлігін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Мектеп-интернат «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның тәжірибесін жалпы орта білім беру ұйымдарының оқу үдерісіне енгізу, тарату, тәжірибе алмасу мақсатында мектепішілік коучингтер, менторингтер, облыстық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік семинарлар, жоғары оқу орындары студенттеріне арналған ашық есік күндерін ұйымдастырып келеді.

Ахмет Гази Чолак,
облыстық дарынды ер-балаларға
арналған мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-интернатының директоры.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support