- Advertisement -

Адамдарымыз белсенді, экономикамыз әлеуетті

98

- Advertisement -

%d0%b1%d0%b5%d0%b7-%d0%b8%d0%bc%d0%b5%d0%bd%d0%b8-1
Қайрат ДОСАЕВ,

аудан әкімі.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық жарқын жолында бүкіл еліміздегі сияқты, біздің ауданымызда да әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы оң өзгерістер көптеп жүзеге асты. Өзім басшылық етіп келе жатқан екі жарым жылдан астам уақытта Қордай ауданы экономикалық әлеуеті жоғары, ең бастысы – адамдары белсенді, көп ұлтты халқының ынтымағы жарасқан аудан екеніне көзім жетті. Облыстың шығысында жалпы жер көлемі 9 мың шаршы шақырымды алып жатқан сулы да, нулы өңірді қазақтармен бірге жиырмадан аса ұлт өкілдерінен барлығы 140 мыңнан аса халық мекен етеді. Құт қонған Қордай жұрты Елбасының алға қойған ауқымды міндеттерін орындау жолында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» өнімді еңбектің көрігін қыздырып келе жатыр.

img_9924

Өткен 25 жылда шешімін тапқан мәселелердің ең өзектілері туралы сөзді еліміздің ертеңгі иелері – жас ұрпақтың лайықты білім мен тәрбие алуына жағдай туғызудан бастауды жөн көріп отырмын. Өйткені, Елбасымыз Н.Назарбаев: «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман» деп қадап айтқан болатын. Жасыратыны жоқ, тоқсаныншы жылдарғы тоқырау қысқан шақта мұғалімдердің жалақысын бере алмай қалған кездер болды. Небір білікті ұстаздар амалсыздан сүйікті кәсібінен қол үзіп базар жағалап кетті. Елбасының сындарлы саясатының арқасында бұл салада тиімді реформалар жүргізіліп, еліміз бойынша көптеген жаңа мектептер салынып, мұғалім мәртебесі лайықты орнын тауып келеді. Тәуелсіздік жылдары бір ғана біздің ауданда жаңадан 9 мектеп салынды. Олар Қордай ауылдық округіндегі №51, №6, сондай-ақ, Сортөбе, Гвардейский, Масаншы, Кенен, Бұлар батыр, Алға, Қақпатас ауылдарындағы мектептер. Ал Қаракемер мен Сортөбе орта мектептері қосымша ғимараттармен кеңейтілді. Балаларға арналған «Қуаныш» психологиялық орталығы мен ментальды арифметика академиясы ашылды. Сондай-ақ, бүгінде ауданымызда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Біздің жастарымыз терең білімді, парасатты, бәсекеге қабілетті болып өсуі үшін мемлекет тарапынан мектепке дейінгі тәрбиеге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары балабақшаларға бала толтыру былай тұрсын, сол мекеменің шаруашылық шығындарының өзін ұстап тұру қиынға айналды. Балабақшалар бірінен кейін бірі жабылып, ғимараттары болмашы ақшаға жекеменшікке сатылып кетіп жатты. Дегенмен, экономикамыз қуат алып, бұл тығырықтан да шықтық. Осылайша, тәуелсіздік жылдары ауданда 7 жаңа балабақша ашылған. Олардың үшеуі жаңадан бой көтерсе, Қайнар, Сортөбе, Ноғайбай, Масаншы, Сарыбұлақ ауылдарындағы бұрынғы балабақшалар күрделі жөндеуден кейін кеңейтіліп, қайта пайдалануға беріліп, кезекте тұрған 1320 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Масаншы ауылында 280 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілді. Сондай-ақ, соңғы кездері Қордай ауылынан 75 орындық «Айлана-Шуақ», 45 орындық «Нұр Мүбарак Сезім», 25 орындық «Балбала», 50 орындық «Мақсат-НД», 50 орындық «Керімбала», 45 орындық «Ернұр – 550», 45 орындық «Қуаныш», «Мерей» және «Рауан-Қордай» жекеменшік балабақшалары жұмыс істей бастады. Сонымен қатар, 60 орындық «Алтын бесік» жекеменшік шағын орталығы өткен жылдың 1 қарашасынан бастап балабақша болып ауыстырылды. Қаракемер ауылында кәсіпкерлердің күшімен «Ырыс» балабақшасы салынды. Егер, 1991 жылы ауданда 27 мектепке дейінгі балалар мекемесі болса, биыл бұл көрсеткіш 61-ге жетіп отыр.
Ауданның экономикалық әлеуеті көпсалалы өнеркәсіп өндірісімен сипатталады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалуы бойынша ауданда 2010-2014 жылдарға арналған жалпы жобалық құны 8,3 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба «Куликов сүт өнімдері», «Үміт Қордай», «Central Asia Gold Production» және «VISTA INTERNATIONAL» ЖШС-тары іске асырылды. Ал 2015-2019 жылдарға екінші бесжылдық индустрияландыру картасына жалпы жобалық құны 60,4 миллиард теңге болатын 5 жоба енгізілді. Олар: Қордай асуында «Ветро Инвест» ЖШС, Қарасай ауылдық округінде «Қырғау» алтын өндіру кенінде орналасқан «Алатау Қордай» ЖШС, «Первомайские деликатесы» ЖШС, «Aurum Deutchland AG» (Аурум Дойчланд АГ) ЖШС. Сондай-ақ, Сарыбұлақ ауылдық округінде «Биовет KZ» ЖШС GMP және GLP стандарттарына сай ветеринарлық препараттарды өндіру биокомбинатының құрылысы басталды.
Биыл жыл басында ауданда кәсіпкерлікпен айналысатын 8829 субъекті тіркелген. Оның ішінде 1839 шаруа қожалықтары, 6512 жеке кәсіпкерлер. Салыстырмалы түрде алғанда 1991 жылы небәрі 162 шаруа қожалығы ғана болған. Тоқсаныншы жылдары атымен болмаған ЖШС-ның саны бүгінде 436-ға жетіп отыр. Азаттықтың арқасында ауыл шаруашылық өндірісіне инновациялық технологиялардың көптеп енгізіле бастағанын айта кеткен жөн. Солардың ішіндегі тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін ерекше айтуға болады. Егістік суынан көрші елге тәуелді біздің аудан үшін суды үнемдеп жұмсаудың маңызы өте зор. Бүгінде ауданда 24 агроқұрылым жалпы көлемі 1633,26 гектар жерді құрайтын егін алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізген. Ал жаңбырлатып суару әдісін 7 шаруа қожалығы 1243 гектар егістікке пайдалануда.
Экономиканың өсім қарқынын жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) арқылы білуге болады. Егер 1998 жылы ауданның ауыл шаруашылығындағы ЖӨӨ 1093 миллион теңгені құраса, бұл көрсеткіш бүгінгі күнде 28542,1 миллион теңгеге жетіп, сол кезгімен салыстырғанда 2611,4 пайызға артқан. Ең бастысы, халық ең көп тұтынатын ет өнімдерінің өндірісі артты. Мәселен, 1998 жылы ет небәрі 2238 тонна ғана өндірілсе, биыл 15023,1 тоннаны құрап отыр. Бұл оның 671,3 пайызға артқанын көрсетеді. Сүт өндірісінің өсімі де осы шамада, 1998 жылғы 11087 тоннадан ағымдағы жылы 58331,5 тоннаға артқан.
Төрт түліктің барлық түрінен мал саны да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда анағұрлым өсті. Мәселен, ірі қара өсімі 143,4 пайызды құрап, қазір 49600 басқа жетті. Сондай-ақ, қой саны 252418-ден 343966-ға, жылқы 7300-ден 15117 басқа артты. Ауданда 9 ірі қара мал бордақылау алаңы жұмыс істейді, оның ішінде «Kaz Meat Kordai» және «Медет-Қордай» ЖШС-тарының әрқайсысында 3000 бас ірі қара бордақылануда. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында биыл 256,8 тонна сиыр етін Қырғызстан мемлекетіне экспортқа шығаруға сүбелі үлес қосқан осы екі шаруашылық болып табылады.
«Қақпатас-Қордай» ЖШС тауарлы-сүт фермасын қайта жарақтандыру арқылы асыл тұқымды сауын сиырды 600 басқа жеткізу және швейцариялық заманауи жаңа өндірістік қуатты сауын қондырғылары енгізілген жартылай роботталған жаңа ферманы іске қосты. Масаншы ауылдық округінде «Грин Вил» ЖШС өз қаражаты есебінен 1 гектар жерге екі типтік жылыжай орнатып, онда қызанақ өсіруде.
Жол жөндеу бойынша да жиырма бес жыл ішінде талай іс атқарылды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің 80 шақырымдық «Благовещенка-Отар» жол бөлігінің және аудан орталығын айналып өтетін 17,7 шақырым «Қордай-Қарасу» автожолдарының құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, Қайнар-Қордай, Қаракемер-Қарасай, Сұлутөр-Көктөбе, тағы басқа автожолдар мен Жаңатұрмыс, Арал, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2, Шарбақты, Керу, Ноғайбай, Беріктас ауылдарына кіреберіс жолдары жасалды. Бүгінге дейін 32 ауыл көшелері жарықтандырылды.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары өткір мәселеге айналған тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету жайы мемлекеттік «Ауызсу», «Ақбұлақ» бағдарламалары арқылы жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Жиырма бес жылдың ішінде Беріктас, Жаңатұрмыс, Жамбыл, Қалғұты, Қақпатас, Қызылсай, Қордай, Бетқайнар, Отар, Кенен ауылдарына су құбыры жүргізілсе, бұдан өзге тоғыз ауылдың су құбыры жүйесі ағымды жөндеуден өткізілді. Бір ғана «Қордай Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы КМК бүгінде 14 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етіп, жалпы ұзындығы 278 километр су құбырына техникалық қызмет көрсетеді.
Кез-келген мемлекетте басты байлық – адам капиталы болып саналады. Сондықтан, адам денсаулығының мықты болуы ел экономикасындағы негізгі мүдделердің бірі. Ширек ғасыр ішінде аудандағы барлық ауылдық ауруханалардың жедел-жәрдем көліктері жаңартылып, қордайлықтардың өмір сүру сапасын арттырып, науқастарды емдеп, профилактикалық тексеруден өткізу үшін соңғы үлгідегі медициналық аппараттар алынды. Ал бала өлімі осы жылдар ішінде 28-ден 7-ге төмендеді.
Елбасымыздың елдегі бұқаралық спортты дамытуға шақыруы қызу қолдау тауып, көптеген елді мекендерде ірілі-ұсақты спорт кешендері мен шағын алаңдар пайдалануға берілуде. Бір қуантарлығы, мемлекет қазынасына қарап отырмай қалталы азаматтар да бұл іске қолдау білдіріп, өз қаражаттары есебінен туған ауылдарына спорт кешендерін тұрғызып беріп жатыр. Мәселен, бизнесі өрге басқан қаракемерлік ағайынды Құсайыновтар ауыл жастары бос уақытын тиімді өткізсін әрі денсаулықтарын шыңдасын деген ниетпен биыл жерлестеріне заманауи үлгідегі спорт кешенін салып тарту етті. Аудан орталығындағы стадион күрделі жөндеуден өткізілді. Бұдан өзге аудан бойынша 8 шағын футбол алаңы қолданысқа берілді. Жалпы, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың үлесі – 26,1 пайыз немесе 36588 адамды құрады.
Мәдениет саласында да көңілге қонымды жұмыстар баршылық. Тоқырау жылдары қара құлып ілінген ауылдардағы мәдени ошақтардың есігі бүгінде айқара ашық. Аудан бойынша 26 клуб мекемесі жұмыс істеуде, екеуі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Кітапханалар жүйесі де жыл өткен сайын жаңарып, кітап қоры көбеюде. 1997 жылы 19 кітапхана болса, бүгінде қорында 339633 кітабы бар 41 кітапхана жұмыс істейді. Сондай-ақ, орталық кітапханада электрондық оқу залы бар.
Көп ұлтты ауданымызда қазақ, түрік, дүнген, әзірбайжан, шешен-ингуш, славян, татар-башқұрт этномәдени орталықтары жұмыс істейді. Бүгінгі күні этностардың саяси мүдделері мемлекеттік деңгейде шешімін тауып, олардың азаматтық белсенділігіне кеңінен қолдау көрсетілуде.
Ауданымызда Ұлт жоспары аясында осындай іргелі жұмыстар атқарылып, тәуелсіздік шежіреміз елеулі оқиғалармен, табысты жобалармен, жеңісті жолдармен толығып келеді. Әрине, атқарылатын шаруалар әлі де аз емес. Осы жолда еңбегіміз абыройлы болып, ауданымыз алға қарай қарышты қадам баса берсін. Ең бастысы – Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, көк Туымыз биіктен желбірей түссін!

Қордай ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support