- Advertisement -

Тоқсан жасымда қазақша сөйлеп, ән айттым

111

- Advertisement -

Мен Биджиев Махмұд Ресей Федерациясының құрамындағы Қарашай-Шеркес Республикасында тұрамын. Бірақ, өзімді Қазақстанның азаматы санаймын. Себебі, Ұлы Отан соғысы жылдарында, дәлірек айтқанда 1944 жылы Қапқаздан қарашайлар күштеп Қазақстанға жер аударылды. Тағдыр айдап біз Жамбыл облысы, Талас ауданының Үшарал деген ауылынан бір-ақ шықтық. Бұрын атын естігеніміз болмаса көрмеген халқымыз – қазақ бауырларымыз бізді туған қандасындай қарсы алды. Өздері аш-құрсақ өмір сүріп жатса да ауыздағыларын жырып беріп, төріне шығарды. Ол ұзақ әңгіме.
Сол Үшаралда қазақ халқының кең пейілдігі мен парасаттылығына куә болдық. Сол ауылда отбасын құрдым. Ұл-қыздарым дүниеге келді. Қырық жылдай есепшілік қызметін атқардым. Балаларымыз мектепті бітірген соң жоғары оқу орындарына түсіп, білім алды.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өзім қаламасам да, туыстарым бізді ата-мекенімізге көшіріп алды. Содан бері де қырық жылдан асыпты. Бірақ, мен Қазақстанды, оның ішінде Таласымды еш уақытта есімнен шығарған емеспін. Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев сияқты тамаша адам басқарған ауылда менің замандастарым тұрады. Амандығын-саулығын сұрастырып отырамын.
Жақында Қазақстанда тұратын үлкен ұлым Владимирмен бірге қазақ достары келіп менің тоқсан жасқа толуыммен құттықтап, үстіме шапан жауып кетті. Мен тойымда қазақ тілінде сөйлеп, қазақша ән айттым.
Қарашай халқының түпкі отаны – Алтай мен Қыпшақ даласы. Бауырласпыз – тіліміз, дініміз, діліміз ұқсас. Қапқаз жерінде біздің халық қана қонағына ет асса, бас қояды. Күбі піседі. Бесік тербетеді.
Сіздері сағынамын. Н.Назарбаевтай данышпаны бар Қазақстанда еңбек еткеніме мақтанамын. Бейбіт өмірлеріңізге қызығамыз.
Қазақстан гүлдене берсін. Таластықтар табыстарыңыз таси түссін. Тоқсаннан асқан мен қарт қазақ еліне тек жақсылық тілеймін.

Құрметпен Махмұд Биджиев,
Сары тұз ауылы,
Қарашай-Шеркес Республикасы,
Ресей Федерациясы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support