- Advertisement -

Мойынқұмдықтар қоғамдық көліктің артықшылығын көріп отыр

104

- Advertisement -

Аудан көлемінде кентішілік және ауданішілік жолаушылар тасымалын қолға алған жеке кәсіпкер Пернебай Рсымбетовке ауыл жұрты дән риза. 2003 жылдан бері кәсіпкерлікті серік еткен ол 2014 жылы қираған автобекетті жекеменшігіне алып, ғимаратты өз қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткізді. 2015 жылдың 25 тамызындағы «Автовокзалдар мен автостансаларды облыстық автовокзалдар мен автостансалар тізіміне кіргізу» комиссиясының №3 хаттамасының негізінде облыстың автовокзалдар, автостансалар және жолаушылар қызмет көрсету пункттері тізіміне енгізеді. Оның бұл ісі еңбектің бастауы болды.

Автобекет басшысы «НұраТранссСервис» ЖШС-ның қатысушысы болғандықтан аудандағы жолаушыларды багажды таксимен тасымалдауға да құқылы. Мәселен, бұрын Шу қаласына жолаушыларды багажды таксимен 1200 теңгемен тасымалдаса, қазіргі таңда ол 1000 теңгеге белгіленген. Сонымен қатар, ауыл ішіндегі жолаушыларды автобекетке жеткізу жағы да бір жүйеге келтіріліпті. Яғни, 100 теңге көлемінде арнайы багажды такси қызметін де іске қосқан.
16 округі бар аудан облыстың 44 пайызын алып жатқаны белгілі. Яғни, жер көлемі – 59,3 миллион шаршы шақырым. Мұндағы шеткі ауылдар аудан орталығынан шалғай орналасқан. Мәселен, ауданның оңтүстік-шығысындағы Мыңарал ауылы орталықтан 260 шақырым, ал солтүстік-батысындағы Ұланбел ауылы 180 шақырым қашықтықта жатыр. Сондықтан, ондағы тұрғындар ауданға қатынайтын қоғамдық көлікке зәру екені сөзсіз. Осы уақытқа дейін Мойынқұм ауылының тұрғындары да ауыл ішіндегі қоғамдық көлікке қол жеткізе алмай келген еді. Ал ауыл ішіндегі жеке таксистердің жол ақысы қымбат.
Осыларды ескеріп, ағымдағы жылдың 3 тамызында жеке кәсіпкер қоғамдық көлікті жүргізуді Мойынқұм ауылынан бастап, халықты жеке көліктен гөрі қоғамдық көліктің қызметін пайдалануға ынталандырып отыр. Ілкімді іс ауыл тұрғындары үшін де қолайлы. Өйткені, қоғамдық көліктегі жол жүру ақысы небәрі – 40 теңге. Бүгінде жол жүру ақысы аудан әкімдігінің қаулысымен бекітіліп, әділет бақармасында тіркелген.
Жеке кәсіпкердің жекеменшігінде 4 «Мерседес спринтер» автокөлігі бар. Қоғамдық көліктің жол жүру кестесі аудандық автобекеттен басталып, орталық аурухана бойынша жүреді. Жол жүру арақашықтығы – 15 минут. Бұл бағыттардың аялдайтын 27 аялдамасы бар. Бірақ, көшелерде арнайы аялдамалар салынбаған. Аудан әкімдігі мамандары бюджеттен қаржы қарастырып, барлық аялдамалардың бой көтеретінін айтыпты. Алғашында табыс 500 теңге болса, бүгінгі таңдағы кіріс көзі күніне 2000 теңгеге артқан. Жергілікті тұрғындар кәсіпкердің бұл ісіне ризашылықтарын білдіруде.
Пернебай Рсымбетовтің мұнан өзге де жақсы жаңалығы көп. «Мойынқұм – Сарыөзек», «Мойынқұм – Қылышбай», «Мойынқұм – Жамбыл» бағыттарына тасымалдау бойынша тендерге қатысып, жеңімпаз атанған. Енді жол жүру ақысы аудан әкімдігінің қаулысымен бекітілгеннен кейін бұл ауылдарға да қоғамдық көліктер жүргізілмек.
Биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «Мойынқұм – Мыңарал» бағыты бойынша конкурс жарияланбақ. Егер бұл бағыт іске қосылса, онда жолай жатқан Шығанақ, Бурылбайтал, Мирный, Қияқты, Хантау, Биназар, Бірлік, Айтбай Назарбек, Көкжелек, Күшаман ауылдары да қоғамдық көліктермен қамтылмақ. «Егер Ұланбел ауылына барар жолдың жағдайы жақсарса, онда ол ауылға да қоғамдық көлік жүргізуіміз бек мүмкін. Бұған қол жеткізу үшін, ақшалай есепке алғанда, жол қаражаты, микроавтобустардың жанар-жағармайы мен жүргізушілердің жалақысы және басқа да шығындары жұмысымызды ақтамайын деп отыр. Сондықтан, осыған бюджеттен қаржы қаралып, шығындарға субсидия берілсе, біз өз жұмысымызды өркендете түсер едік», – дейді жеке кәсіпкер Пернебай Рсымбетов.

Уалихан Жайлау,
«Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support