- Advertisement -

Бейнетпен өрілген өмір

128

- Advertisement -

Уақыттан жүйрік не бар? Қарап отырса, Әбекең де қарттықтың кемесіне аяқ артыпты. Әкесі Әбілдә Ұлы Отан соғысынан ауылы Қарақатқа жаралы оралғанда, Әбіш небәрі он бір жаста болатын. Жарықтық сол алған жарақаттан ақыры қырық бес жасында өмірден озды. Артында қалған үш ұл, бір қызды Рысалды ана тауға да, тасқа да сүйреп жүріп, әйтеуір жетілдірді-ау…
Иә, бұл айтқанға жеңіл, әйтпесе соғыстан кейінгі қиын жылдар шиеттей төрт балалы анаға тағдырдың ауыр жүгін артылды. Ол кезде ауыл Сарбұлақта, кейін ғой «Октябрь шаруа» колхозының атымен атала бастағаны. Байғұс ана таңның атысы, күннің батысы демей қызылшалықта. Балтамырды жекелеп, шөбін жұлып, ала жаздай қолмен суарып, күзде жинап алып, үкіметке өткізетін. Сол жылдары колхозды Шәуе Сәлімбаев басқарды, танаптың әр гектарынан 550-600 центнерден өнім алған қызылшашылардың алдын Мәскеудегі Халық Шаруашылығы жетістіктері көрмесіне де апарды. Дария Николаевна Еволенко деген орыс әйелі звено жетекшісі еді, кейіннен Социалистік Еңбек Ері атанды. Кейін Рысалды ана ұлы Қапышпен бірге қой да бақты. Колхоз шаруасының ыстығы мен суығын басынан өткерген қайран ана ұл-қыздарын оқытып, құтты орындарына қондырып, олардың өсіп-өнгенін көріп, 93 жасында дүниеден өтті.
– Мен қаршадайымнан өмірдің тауқыметін көріп өстім. Інім Қапыш қайтыс болған соң үйдің барлық тірлігі анам екеуміздің мойнымызға көшті. Қарындасым Жанар мен інім Қайрат әлі жас еді. Алматының Ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, әскерге алындым. Түрікменстанның Қызыл арбатында өткен екі жыл үлкен сабақ болды, – дейді бүгінде Құлан ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Әбіш Базарқұлов өткен өмір жолын еске алып.
Әскерден келген бойда Әбіш сол кездегі Луговой жөндеу-механикалық зауытына жұмысшы болып орналасты. Мамандығы инженер болған соң көп ұзамай «Казсельхозтехника» аудандық бірлестігіне инженер болып жұмысқа ауысты. Әбекең осы күнге дейін бірлестік директоры Николай Соломонович Керннің әкелік ақыл-кеңесін, адамгершілігін, мәдениеттілігі мен кішіпейілділігін ұмытпай келеді.
Ұстазының еңбекке адалдығы, қызметтегі тазалығы Әбіштің өміріне өшпестей сабақ болып қалды. Кейін ол Жамбыл атындағы колхозға бас инженер болып келгенде де оның алдынан Еркінбай Қанатбаев сияқты колхоз өндірісінің білгірі шықты.
Осы 1974-2003 жылдар аралығында ауданда Ташболат Байталиев, Әлмұқан Исақов, Тұрсынхан Мүсірәлиев, Кершәйіз Мырзалиев, Нәкен Даубаев, Бектембай Қойшыманов, Базарбай Сүлейменов сынды білгір басшылар түрлі шаруашылықтарды басқарды. Әбішке осы аты аталған азаматтармен қызметтес болды. Кейіннен облыстың басшы қызметтерінде болған бұл азаматтардан көп нәрсені үйренді. Өмірлік тәжірибесі байыды. Соның арқасы болар, Әбішке кейін басшылық қызметте жүргенде осы кісілердің тәжірибесі мен ақыл-кеңесі серік болды. Ол ауданның бас бақылаушы инженері болып жүргенде аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылды. Иә, басшылар Әбекеңнің қай іске салса да ұятқа қалдырмайтынын сонда байқады. Содан соң мұнай базасына директор, «Восток» колхозына төраға болды, отын базасын басқарды. Әбіш осы қызметтердің бәрін де мінсіз атқарды. Еліміз егемендік алған жылдары мәслихат депутаты, тексеру комиссиясының төрағасы, Луговой кентінің әкімі қызметтерін атқарып, құрметті демалысқа шықты.
Енді міне, сонау Түрікменстанда Сәнім Дәуенқызымен отау құрған Әбекең – үш ұл, екі қыздың ата-анасы. Сол түрікмен жерінде дүние есігін ашқан тұңғышы Аслан қазір облыстық прокуратураның тергеу бөлімін басқарады, Русланы – жеке кәсіпкер, қызы Ләззат – қаржыгер, Перизаты анасының жолын қуып шет тілі маманы болып еңбек етіп жүрсе, Нұрланы – темір жолда технолог.
Тәуелсіз Қазақстанның жетістігін ауылдың үлкен-кішісінің құлағына құйып отырады. Жастардың тәрбиесіне қатысты салиқалы әңгімелер айтады. Содан барып Құлан ауылының қариялары оны ардагерлер кеңесінің төрағасы етіп сайлады. Қашанда елдің татулығы, ауызбірлігі, берекесі көптің қалауымен болған. Көпшілікке аталы сөзді айта білетін осындай Әбіш сынды ардагерлердің арамызда жүргенінің өзі бір бақыт емес пе?!

Сейсен Қожеке,
журналист.

Құлан ауылы,
Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support