- Advertisement -

Кәсіби аппарат құру жолында

79

- Advertisement -

РахманбердиевРахматілдә РАХМАНБЕРДИЕВ,
облыс әкімі аппаратының басшысы.

Мемлекеттік қызмет – мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөл атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Сондықтан, кез-келген қоғамның мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Ал мемлекеттік қызметші – өркениетке қадам басқан мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы.
Елбасы мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеруге баса көңіл бөліп келеді. Президент ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында белгіленген міндеттер аясында мемлекеттік қызметті реформалау ісінің жалғасуы осы сөзіміздің дәлелі. Ағымдағы жылдың 14 маусым күні Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында бұл мәселе кеңінен талқыланып, бірқатар қосымша міндеттер жүктелді.
Әрине, әр елдің өзіндік ұстанымдары мен ішкі-сыртқы саясаты, әлеуметтік-экономикалық даму бағыты, рухани-мәдени құндылықтары болатыны сөзсіз. Оларды ілгерілету мен дамытуда мемлекеттік қызметшілерге артылар жүктің салмағы жеңіл емес. Әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі мен біліктілігі – экономиканың барлық саласының өркендеп-өсуіне әсер етуші негізгі фактор болып табылады. Дамыған елдердің қатарына қосылуды көздеген еліміз мемлекеттік қызметті жаңа сатыға көтеру шеңберіндегі жұмыстарды үздіксіз жүргізуі де, сондықтан.
2013 жылы Елбасы Жарлығына сәйкес 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні кәсіби мерекесі болып жарияланды. Биыл еліміз аталған мерекені үшінші жыл қатарынан атап өткелі отыр. Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері айқындалған. Оларға қойылатын талаптар, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру, мансаптық өсу баспалдағы, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі, жалпы мемлекеттік қызметті жаңғыртудың негізгі қырлары мен басым бағыттары жетілдірілді. Жүргізілген реформалар облыстағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысына да оң ықпалын тигізді.
Қазіргі таңда облыста барлығы 456 мемлекеттік органда 5 мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олардың 90 пайызға жуығын жоғары білімді кадрлар құраса, 16 пайыздан астамының екі немесе одан да көп дипломдары бар. Өңірде гендерлік саясат мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жалпы, мемлекеттік қызметшілердің 46,2 пайызы, нақтырақ айтсақ, 2173-і әйелдер.
Облыста мемлекеттік қызмет сапасын арттыруда жастардың әлеуетін кеңінен пайдалануға баса мән берілген. Мысалы, қызметшілердің жалпы орташа жасы 42-ні құраса, оның 20 пайызы – 30 жасқа дейінгілер.
Жыл басынан бері облыс бойынша жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік бос әкімшілік лауазымдарға орналасу үшін барлығы 104 конкурс жарияланып, нәтижесінде 98 мемлекеттік қызметші төменгі лауазымға орналасты. Меритократия қағидатына сәйкес жүргізілген ішкі конкурстар нәтижесінде 118 мемлекеттік қызметші бірдей және жоғары тұрған лауазымдарға орналасты. Мемлекеттік қызметке қабылдауда барлық меритократия қағидаларының талаптары қатаң сақталуда.
Өңірімізде мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет қабылданған тұлғалардың кәсіби даярлығына практикалық көмек көрсетуші тәлімгерлердің қызметін үйлестіруге, персоналдың кәсіби деңгейін және оның сабақтастығын нығайтуға баса көңіл бөлінуде. Бүгінде облыстық, қалалық және аудандық деңгейде осы мақсатта тұрақты жұмыс істейтін ұжымдық қызмет органы – тәлімгерлер кеңестері құрылып, нәтижелі жұмыс атқаруда. Бүгінге дейін 53 мемлекеттік қызметшіге тәлімгер бекітілді.
Жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігі мен сапасын анықтау мақсатында бағалау жүргізілуде. Бұл – осы саланы реттеуші заңнамалардағы тың өзгерістердің бірі. Жыл қорытындысы бойынша бағалау нәтижелеріне сәйкес мемлекеттік қызметшілерге бонус төленетін болады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бағалауға жататын жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының 2228 мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің жұмысы сараланды. Оның 6-ауы «үздік», 275-і «тиімді», 1949-ы «қанағаттанарлық» нәтиже алды.
Мемлекеттiк кадр саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілердің білімін жетілдірудің маңызы зор. Ағымдағы жылдың 5 айында барлығы 388 мемлекеттік қызметші өңірлік орталықта оқытудан өтті. Одан бөлек, бүгінгі күнге дейін бекітілген жоспар-кестеге сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 22 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру курсынан және 9 мемлекеттік қызметші қайта даярлау курстарынан өтті. Жыл соңына дейін тағы да 21 мемлекеттік қызметшіні академияда оқыту көзделіп отыр.
Дегенмен, кемшіліксіз жұмыс болмасы анық. Биылғы өткен Әдеп жөніндегі кеңестің мәжілістерінде 28 тәртіптік іс қаралды. Кеңес мәжілісінің ұсынысы бойынша 16 тұлғаға тәртіптік жаза қолданылды, оның ішінде 13-і мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергендігі үшін тәртіптік жазаға тартылды. Бұл, әрине, өкінішті. Сондықтан, облыс әкімі аппараты тарапынан қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін шыңдау, заң талаптарын түсіндіру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Осы кемшіліктердің алдын алу үшін Мемлекеттік қызметтің қабылданған жаңа Этикалық кодексіне сәйкес облыста Әдеп жөнiндегi уәкіл белгіленіп, тиісті жұмыстар жүргізуде.
Жыл басынан бері облыс әкімі аппараты, басқармалар, басқа да тиісті құзырлы органдардан жасақталған арнайы топтар Мойынқұм, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарының елді мекендерінде болып, тәжірибелік көмектер көрсетті, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын зерделеді. Алдағы уақытта бұл жұмыстар барлық аудандарда жалғасын табатын болады.
Облыста жыл сайын дәстүрлі түрде барлық деңгейдегі әкімдермен семинар-кеңес өткізу жолға қойылған. Биыл бұл семинарларды аймақтарда өткізу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға септігін тигізері анық.
Жалпы, облыстағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысы тиімді үйлестірілуде. Оның бір айғағы ретінде 2015 жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімдігі жұмысының тиімділігі 72,04 балды құрап, республика бойынша 7-орынға тұрақтауын, персоналды басқару бағыты бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың ішінде 2-орынды иеленгенін айтсақ болады. Осының өзі мемлекеттік қызметшілеріміздің кәсіби шеберліктерін аңғартса керек.
Кәсіби мемлекеттік аппарат құру жолындағы еліміздің қадамы – нық, ұстанымы –берік. Бұл маңызды қадамға жетуде әрбір мемлекеттік қызметкердің қосар үлесі орасан. Мемлекеттік қызметшінің еңбегі туған Отаны мен халқына адал қызмет етуімен бағаланады. Сондықтан, халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету – әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы. Сонда ғана ол өзі берген Антына адал әрі мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс кодексі мен этикасының эталоны бола алады.
Біз Елбасы белгілеген межелі міндеттерге қол жеткізіп, мемлекеттік қызметтің жаңа сипатта дамуына үлесімізді қоса беретін боламыз. Қашанда жүгі ауыр биліктің міндеті ауқымды, мақсаты биік болатыны барлық мемлекеттік қызметшілердің жадында. «Біздің міндет – халыққа қызмет!» деген ұстанымды еске ала отырып, облыстың барлық мемлекеттік қызметшілерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Мемлекеттік қызметші деген абыройлы атаққа үнемі лайықты болуды тілеймін.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support