- Advertisement -

Рахмет саған, азаттық!

116

- Advertisement -

Бағдат Сәмединова,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.

Иә, аңсаған азаттығына қол жеткізген қазақ елінің ту көтеріп, біз сол бабалар көзінің жалғасы ретінде аспанға бөркімізді атып қуанғанымызға да ширек ғасыр толып отыр. Қазақ ер балаға «Он үште отау иесі» деп жатады ғой. Сол пәлсапаға салсақ, он үштің екеуіне жақындаппыз.
Осы тәуелсіздіктің арқасында «Өз елім», «Сарыарқа», «Отырардағы той» секілді көптеген патриоттық әндерімді ұлы даланың әр қиырында шырқап келемін. «Сарыарқа» әнін Астанада бәрі сұрап жатады. «Сарыарқаны» айта беремін бе, ескірмеді ме, халайық, көп жыл өтті ғой?» десем, барлығы да «Әрине, сол ән ғой бізге керегі, «Сарыарқаны» шырқаңыз» деседі.
Мен де көптеген қазақстандықтар секілді тәуелсіздіктің шарапатын молынан көріп жүрмін. Кең пейілді қазақ елінің барлық жерінде дерлік концертімді беріп келемін. Әйгілі «Отырар сазы» оркестрімен талай жерді араладым. Италияда өткен фольклорлық фестивальда «Сазген» ансамблімен топ жардық. 25 жылдың бедерінде өнердің ұшар биігіне көтерілген талай майталман мамандардан, аузы дуалы кісілерден әдемі тілектер, ақжарма пейілдерді естідік. Көңіл толқытатын тамаша сәттер болды. Оның барлығы да жүрек төрінде, көңіл түкпірінде сақталып қалатын тамаша сәттер ғой. Ұмыта алмайсың, ұмыту мүмкін емес.
Үкімет те шарапатын өнер иелерінен аяп жүрген жоқ. Ол енді баршамызға белгілі ғой. Мәселен, кезінде Алматыдан үш бөлмелі пәтер берді маған. Бұл өнерге жасалған қамқорлық емей немене? Бүгінде Астана қаласында қызмет жасап жүрмін. Қызметтік пәтер де берілді. Шәкірттердің бойына білім нәрін құю да бір бақыт қой. Таланттының талабын ұштап, өнерінің өркендеуіне жол ашу – біздің парыз, борыш. Шыны керек, маған басшылық қызметтер де ұсынылды. Бірақ, ол қызметтерден бас тарттым. Өйткені мен өнер адамымын. Бірде Алматыда, бірде Астанада, енді бірде басқа бір қалаларда халқыма өз өнерімді ұсынып, солардың алғысына бөленгім келеді. Әрбір өнер адамы үшін ол керек.
Айтпақшы, менің екі қызым өздеріңіз секілді БАҚ саласында жұмыс жасайды. Біреуі «24.кз» арнасында журналистика саласының қыр-сырына қанықса, екіншісі «Қазақ тв» арнасында редактор болып тер төгіп жүр. Сондықтан журналистер қауымы маған жақын.
Әншілер қауымы осы азаттықтың қадіріне жетуі керек. Тек қана әншілер емес, барлық өнер адамдарына мемлекет жағдай жасап жүр. Кино саласында да, театр саласында да өркендеу байқалады. Мұның барлығы да 25 жылдың бедерінде атқарылған шаруа. Біздің ел ширек ғасырда талай тірлікті бірлікпен тындыра білді. Бірлік бар жерде берекенің де, мерекенің де таусылмайтынын қазақ халқы өте жақсы біледі. Елбасының сарабдал саясатының арқасында мемлекетіміздің мерейі тасып тұр.
Әлемде тілінен айырылған, ұлт ретінде жойылған қаншама ұлыстар бар? Ал біз өз Тәуелсіздігімізді, тілімізді сақтап келеміз. Егер мен патриоттық әндер шырқап жүрсем, халықтың рухы көтерілсін дегенім. Кеңес үкіметі болса мен «Қазақ елін» шарықтата шырқай алар ма едім? Елімізде ұлттық өнер бүгінгідей өркендеп дамитын ба еді? Біз қазақ халқына әнімізді шырқап, еркелеп жүрер ме едік?
Қазақ – қашанда сабырлы халық. Азаттық – біздің мәңгі қадір тұтатын бойтұмарымыз. Дәуірлер өтеді, буын алмасады. Жаңа ұрпақ жаңаша ойлайтын да болар. Сол жаңашылдықтың бәрі де тек Тәуелсіздік туының биік болуы үшін қызмет етсе екен деймін. Жұмақ мекен Жамбыл өңірінің азаматтарына, барлық жерлестеріме, бауырларыма азаттықтың ақ таңында тек қана сарқылмас бақыт, үлкен жетістіктер тілеймін. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұстанымды ұстанып, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы бола түсуіне бір кісідей атсалыса берейік.

Астана.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support