- Advertisement -

Сөз бен істің бірлігі қажет

191

- Advertisement -

Қазақта «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мақал бар. Бұл сөздің мағынасы биліктің бұқарамен санасуы керектігіне саяды. Былтыр Жер туралы кодекске енгізілген түзетулерге орай толқып, бұған наразы екендіктерін білдірген жұртшылық өкілдеріне ешқандай кінә қоя алмайтынымыз анық. Мемлекет басшысы мәселенің мәні мен маңызына терең бойлап, байыбына жетіп, өзінің нақты байламы ретінде кодекстегі бірқатар нормаларға мораторий жариялау арқылы қандай қиын шақта да халықпен бірге болатынын танытты. Бүгінгі күнгі талап үдесінен шығатын мұндай маңызды шешімнің көп күттірмей жария етілгені көпшіліктің көңілін көншітіп отыр. «Жер шетелдіктерге сатылады екен» деген алыпқашпа сөзге бола алаңдаушылық танытқан қарапайым халық шын мәнісінде қай жердің кімге, қалай сатылатынын әу баста тереңдеп түсіне де қойған жоқ. Яғни Елбасы атап көрсеткендей, елдегі түсіндіру жұмыстарының таяздығынан қоғамда кереғар пікір қалыптасып, арты дауға ұласа жаздады. Президенттің өзі осы жағдайға орай: «Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», – деп өте орынды түйіп өтті.

«Жер шетелдіктерге сатылмайды, тек жалға беріледі» деген әңгіменің артында қатаң заңның тұрғанын әсте естен шығармауымыз керек. Өйткені, заң бар жерде тәртіп бар, ал тәртіптке бас иген мемлекеттің Мәңгілік Елге айналатыны еш дау туғызбаса керек-ті. Сондықтан «Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ» деген Елбасы, барлық саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-тарға Жер кодексінің даулы мәселелері бойынша кең көлемді түсіндіру жұмысын бірлесе жүргізу қажеттігін дұрыс атап көрсетті. «Халықтан ештеңені жасырудың қажеті жоқ. Экономикамыз ел азаматтарының игілігіне жұмыс істеп жатқаны баршаға мәлім», – деп Ақордада өткен кеңесте айтылған Ұлт Көшбасшысының сөзі жер тағдырына алаңдаушылық пен жанашырлық танытқан жұрттың бойына қуат, жанына демеу болды деп ойлаймын. Сәл ғана нәрседен сүрінудің, түсінбестіктің салдары кейде сан соқтырып жататыны бар. Әзірге біз ондайдан аманбыз. Орын алған кемшіліктің көп өтпей-ақ орны толтырылатынына бек сенімдіміз. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының нақты да жедел тапсырмаларынан кейін әр өңірде Жер кодексіндегі өзгертулер жайлы түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады. Жуырда ғана ауданымызда Парламент Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиев болып, жалпы жер заңнамаларына қатысты түйткілді мәселелердің бәрін де тереңдеп түсіндірді. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды бақылау төңірегіндегі сұрақтарға да егжей-тегжейлі жауаптар беріп: «Бұл жұмыстардың барлығы да бос жатқан жерлерді игеру қажеттігінен туындап отыр. Ол жерлер дұрыс игеріліп, тиімді пайдаланылса, тұрғындар жұмыспен қамтылып, бюджетке салық мол түсетін болады», – деді ол.
Әлемде жерінің көлемі жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстан даласының асты да, үсті де тұнған кен-қазына екені белгілі. Осынау ұлан-ғайыр жерді кешегі өткен батыр бабаларымыздың ұрпақтары – бізге аманаттап кетті. Біз осы жердің арқасында ел болып отырмыз. Демек ауызбіршілікпен бірлесе жұмыс жасап, жерді тиімді пайдалану арқылы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бос жатқан алқаптарды игеріп, берекелі аймаққа айналдыруға тиіспіз. Ең бастысы, сөз бен істің бірлігіне қол жеткізе алуымыз керек. Өйткені, бірлік түбі береке екені мәлім.

 

 

Мәмбетхан АБДАНБАЕВ, 
аудан әкімдігінің жер қатынастары 
бөлімінің басшысы.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support