- Advertisement -

«Қолтырауын»

157

- Advertisement -

немесе атом бөлшектерімен «ойнаған» лорд

Эрнест Резерфорд 1871 жылы Жаңа Зеландияда дүниеге келген ағылшын физигі, радиоактивтілік және атом құрылысы жөніндегі ілімнің негізін салушы. Лондон корольдік қоғамының мүшесі. Резерфордқа ғылымға сіңірген еңбегі үшін “лорд Нельсон” атағы берілген.
Ол Жаңа Зеландия университетін (Крайстчерч) бітірген соң, 1894 жылы Англияға ғылыми жұмысын жалғастыру үшін Кавендиш лабораториясына аттанады. Бұл жерде Резерфорд Дж.Дж. Томсонның жетекшілігімен газдағы иондалу процестерін, ал 1896 жылы француз физигі А.Беккерель радиоактивтілікті ашқан соң осы құбылысты зерттеумен айналысты. 1897 жылы Монреаль (Канада), 1907 жылы Кембридж (Англия) университеттеріндегі физика кафедраларында жұмыс істеді. 1919 жылдан өмірінің соңына дейін Кембридж университетінің профессоры және Кавендиш зертханасының директоры қызметтерін атқарды. Резерфордтың негізгі ғылыми жұмыстары атом ядросын зерттеуге арналған. Алғашқы жұмыстарында Резерфорд радиоактивтіліктің корпускулалық және электрлі-магниттік сәуледен тұратынын көрсетті. Корпускулалық сәулелерді α- және β-бөлшектер деп атады. Зерттеулер α-бөлшектердің гелий атомының ядросы, β-бөлшектердің электрон немесе позитрон екендігін дәлелдеді. Резерфорд 1903 ж. Ф.Соддимен бірге радиоактивтілікті бір атом ядросының басқа атом ядросына айналуымен түсіндіретін теория ұсынып, осы жұмыстары үшін Нобель сыйлығына ие болды. 1911 жылы α-бөлшектермен жұқа алтын пластинканы атқылап, олардың шағылуын зерттеу арқылы атомның массасы мен оң заряды оның орталығында шоғырланғанын анықтады. Осы зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып Резерфорд атом құрылысының Күн жүйесіне ұқсайтын планетарлық моделін ұсынды. Н.Бор осы модель негізінде атом ядросы мен спектрінің теориясын жасады. Резерфорд 1919 ж. азот атомын α-бөлшектермен атқылау арқылы оны оттек атомына айналдырып, алғаш рет атом ядросын жасанды түрде түрлендіруге болатынын көрсетті. Бұл тәжірибе кезінде сутек атомының ядролары үлкен жылдамдықпен ұшып шығатыны белгілі болды. Резерфордтың ұсынысымен оларды протон деп атады. 1921 ж. ол бейтарап бөлшектер — нейтронның болу мүмкіндігі жөнінде болжам айтты. Одан кейінгі жұмыстары әр түрлі элементтердің жасанды радиоактивтіліктерін зерттеуге арналды. Резерфорд атақты физиктердің үлкен тобын тәрбиелеп шығарды. Солардың қатарында Кеңес физигі Пётр Леони́дович Капи́ца да бар. Ол Эрнест Резерфордтың жақсы қасиеттерін ескере келе оны «Қолтырауын» деп атаған. 1931 жылы «Қолтырауын» 15 мың фунт стерлинг қаржыға арнайы Капица үшін зертхана салдырған. 1933 жылдың ақпанында Кембриджде аталған ғимараттың ашылу салтанаты болады. Екі қабатты ол ғимараттың бір жағын толықтай қолтырауынның суреті салынған екен. Капицаның тапсырысы бойынша оны атақты мүсінші Эрик Гилл жасап шыққан екен. Резерфорд ол суреттегі өзі екенін айтқан.
Капица Резерфордқа ондай лақап атты берудегі себебін қолтырауын ешқашан артқа бұрылмайтын жануар екендігімен түсіндірген. Атақты физиктің алған бетінен қайтпайтын еңбекқорлығын кеңестік ғалым дәл суреттей білген. Бүгінде Резерфорд атында химиялық элемент, планетадағы бедерлер мен түрлі ғылыми наградалар, стипендиялар бар.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support