- Advertisement -

Головкин – Уэйдпен, Альварес – Ханмен…

75

- Advertisement -

Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBA (super), IBF, IBO, WBC (interim) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин 23 сәуірде IBF нұсқасы бойынша қазақстандық былғары қолғап шеберінің белдігіне үміткер Доминик Уэйдпен шаршы алаңға шықса, сәл кейінірек WBC тұжырымының чемпионы Сауль Канело Альварес британдық Әмір Ханмен қолғап түйістіретін болды.
Американдық боксшы орта салмақтағы мықтылардың санатына енбейді. Головкинге қарсылас болуға тиісті багамдық Туреано Джонсон түрлі себептермен қазақстандық чемпионмен шаршы алаңға шығудан бас тартқан соң бүкіләлемдік бокс федерациясы Доминик Уэйдті жерлесімізге қарсы шығуға міндеттеді. Кәсіпқой бокс ұйымдарының ішінде осы IBF қана ешкімнің еркелігін көтермейді. Чемпионсың ба, міндетті түрде атағыңды негізгі үміткерге қарсы шығып қорғайсың. Бас тартсаң белбеуіңді басқа боксшылар сарапқа салатын болады. Бұл қадам өзге ұйымдарға үлгі болса дейсің.
Ал Головкинмен кездесуді кейінге созып жүрген мексикандық Сауль Альварестің таңдауын жұрт түсінбей дал. Өйткені Әмір Хан – жартылай орта салмақтың боксшысы. Генамен жұдырықтасуға ниетті Альварес неге өзінен де жеңіл салмақтағы боксшыны қарсылас ретінде таңдап отыр? Күні ертең күтпеген жерден Әмір Хан Альваресті жеңіп кетсе, өзінің 66 келідегі боксшы екенін алға тартып, жасыл белдікті түрлі сылтаумен өзінде сақтап қалуға тырысатыны белгілі ғой. Талай даңқты чемпиондарды тұғырға көтерген WBC осылайша мексикалық боксшыға тосқауыл бола алмай отырғаны таңғалдырады. Әлде Моурисио Сулейман өзі мексикалық болған соң сары жігіттің барлық еркелігін көтере бере ме? Ал біз бокс әлеміне GGG атымен танылған Головкинге тек қана жеңіс тілейміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support