Өркенді істер күтеміз

61

 Ақерке Дәурен,

ТарМПИ-дің студенті.

Мен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының студентімін. Өзім армандаған мамандық бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алып, білімімді шыңдау жолындамын. Елбасы қай уақытта да жастарды, олардың заманауи идеяларын үнемі қолдап келеді. «Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш», – деп, оларға деген ізгі сенімі мен үмітін үкілеген еді.
Мемлекет қолдауына ие болған жастар қоғамдағы, елдегі әрбір жағдайға бейжай қарамай, ой-електен өткізіп отырамыз. Мәжіліс депутаттарының ұсынысын студент жастар да талқылап, қолдау танытуда. Біз секілді талапты жастар ел ертеңі үшін маңызы зор саяси шарадан оң өзгерістер күтеді.
Болашақ үлкен маман иелері студенттер құрамы жаңартылатын Парламент Мәжілісі бірінші кезекте қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайына баса назар аударуы керек дегенді алға тартады. Ол – денсаулық сақтау, білім беру салаларын реформалау. Елбасымыз белгілеген басым бағыттарды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызылса деген ниет бар. Сонда біз секілді болашақ ұстаздар алаңсыз балаларды оқытсақ, дәрігерлер адамдарды емдесе, құрылысшылар үй салып, мұнайшылар мұнай өндірсе, алаңсыз тірлік кешу дегеніміз – сол.
Бұл ретте жастардың әлеуетін пайдалану керек. Әсіресе, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген жастардың біліктілігін өзіміздің ісімізде пайдалануымыз қажет. Ол өз кезегінде елімізде жаңа толқын өкілдері ретінде жаңа парламенттік депутаттар корпусының қалыптасуына үлес қосуы керек деп санаймын.
Елбасынан Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлау өткізу керектігін сұрап үндеу жолдауы дағдарысқа қарсы шараларға жұмылдыра түсуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда депутаттардың өзі бастап, халық қолдап отырған сайлауды бір мезетте өткізу орынды деп ойлаймын. Жаңа құрамнан күтеріміз көп.

Comments are closed.