- Advertisement -

Алаңдатқан жайлардың алдын алуға болады

91

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев Байзақ ауданының бірнеше ауылдық округтерінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерімен, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаларға, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық пен қант қызылшасын егіп өсіру мәселелеріне қатысты жайттарды пысықтады.

Маңызды жиын Бурыл ауылдық округінен басталды. Кездесуге облыстық тиісті басқармалар мен республикалық құрылымдардың өкілдері қатысып отырды. Жиында Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерік Әліқұловтың тындырған жұмыстары жөнінде хабарламасы тыңдалды. Былтыр мұнда 75 гектар алқапқа қызылша өсірілген. Биыл да бұл іске ерекше көңіл бөлініп отыр. Округте мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалардың орындалу жайы да назардан тыс қалмады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша екі жыл бұрын бір ғана жобаға қол жеткізілсе, «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламалары мүлдем қолға алынбай отыр. Облыс әкімінің орынбасары осы тұрғыда: «12 мың 800 тұрғыны бар үлкен ауылдық аймақта мал шаруашылығына қатысты бірде-бір бағдарламаның орындалмағаны салғырттықты көрсетеді. Аудан бойынша ірі қара саны былтыр 33 басқа ғана өскен. Оған ауылдық округтердің қамсыздығы ықпал етеді», – деп округ әкімін сынға алды.
Абдалы Тоқбергенұлы биылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізілген ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөніндегі Заңның орындалу барысын да пысықтады.
Жиында «Байназаров» шаруа қожалығының жетекшісі Хамидулла Байназаров дихандардың еңбегіне субсидия беру тоқтатылғанын, былтыр бірқатар қожалық сапасыз тұқымның зардабын тартқанын, тәтті түбірге байланысты Тараздағы «Қант» зауытымен келісімшарт болуы қажеттігін мәселе етіп көтерді. «Өтеміс–Бурыл» су пайдаланушылар кооперативінің төрайымы Несіпкүл Байжанова шаруа қожалықтары пайдаланатын су бағасының көтерілгеніне алаңдаушылық білдірді.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов шаруаларды алаңдатқан басқа да бірқатар мәселелерге нақты жауабын берді. Республикалық қазынадан қант қызылшасына байланысты біздің облысқа 420 миллион теңге бөлініп отыр екен. Оның 220 миллион теңгесі сапалы тұқым алуға жұмсалса, 200 миллион теңгесі жаңа техника алуға жұмсалады. Бұл ретте байзақтықтар да бірнеше жаңа техникаға қол жеткізетін болады. «Қант» зауытымен әр келі қант қызылшасының бағасын 13 теңгеден жоғарылату жөнінде келісімдер жасалуда. Қысқасы, биыл шаруа қожалықтар өсірген қант қызылшасының әр келісі зауытқа былтырғыдан 1-2 теңге көтеріңкі бағамен қабылдануы мүмкін. Қант қызылшасын өсірудің барлық тиімді жағы қарастырылмақ. Басқарма басшысы әр гектардан 300 центнер өнім алған қожалық жақсы табысқа қол жеткізетінін, біздің аймақта мұндай нәтижеге жетуге мүмкіндіктің молдығын айтты. Республикалық «Қазсушар» мекемесі облыстық филиалы басшысының орынбасары Әлжаппар Ибрагимов биыл шаруа қожалықтарына су жеткілікті беріледі, бірақ қызылшаны тоғанның басына, су баратын жерге егу қажет деді.
Осындай келелі жиын Ботамойнақ ауылдық округінде де өтті. Округ әкімі Еркін Зәуірбековтің қысқаша есебінен түсінгеніміз мұнда ілгерілеу бар. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша – 2, «Алтын асық» бойынша – 2, «Құлан» бойынша 1 қожалық несие алып, шаруашылығын дамытуға қол жеткізген. Округте 28 шаруашылық «Жадыра» өндірістік кооперативіне біріккен. Қант қызылшасын биыл 95 гектарға екпек. Округ мамандары мүйізді ірі қара малын асылдандыруды қолдан ұрықтандыру арқылы жүзеге асыруда екен. Осы кезге дейін 525 аналық бас сиырға осындай әдіс қолданылған. Облыс әкімінің орынбасары округтегі ірі қараны асылдандыру ісіне көңілі толғанымен, мал шаруашылығына қатысты бағдарламалардың орындалуы төмен екенін ескертті.
Бұл жиында «Достық-99» шаруа қожалығының төрағасы Бөгенбай Битабаров, «Талап» шаруа қожалығының жетекшісі Фазул Мауытов қант қызылшасын өсіруге қатысты ойларымен бөлісті. Олар қант қызылшасын өсіруге бағытталған зертханалар ашу, алқапқа минералдық тыңайтқыш беру мәселесін көтерді. Аудан әкімі Мұратхан Шүкеев бағдарламаларды орындау ел экономикасын өркендетуге үлес қосатынын айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Тоқбергенұлы жиынды қорытындылап, қант қызылшасы өсірілетін жерлерді осы бастан арнайы комиссия қадағалайтынын айтты.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support