- Advertisement -

Еншімізде – екі алтын

102

- Advertisement -

жерлесіміз, еркін күрес шебері Мейіржан Әшіров грек-рим күресінен
топ жарған Дастан Үскембековтің жеңісті жолын жалғастырды

«Тараз-Арена» спорт кешенін бірнеше күн дүбірге бөлеген күрестің бірнеше түрінен өтіп жатқан ел чемпионаты аса тартысты өтіп, күтпеген нәтижелерге де толы болды. Грек-рим күресінен 66 келіде белдескен жерлесіміз Жәнібек Қандыбаев қола жүлде үшін тартыста жеңіліп қалды. Жастар арасында Олимпиада жеңімпазы Жәнібектен кемінде күміс медаль күткенімізді несіне жасырайық. Сондай-ақ, грек-рим күресінен 130 келі салмақта боз кілемге шыққан жерлесіміз Ерасыл Орынбасаров үшінші жүлде жолында қарсыласына есе жіберіп, қола медальды уысынан шығарып алды. 

Ерлер арасындағы еркін күрес бәсекесін көпшілік қызыға тамашалады. 86 келіде жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері шығысқазақстандық Азамат Дәулетбеков шешуші белдесуде атыраулық Ислам Әзизовты ұтып, алтыннан алқа тағынды. Исламның Меркі ауданында туып-өскендігі де бізді елең еткізді. Осы салмақта қола медальға қол жеткізген тағы бір жерлесіміз Әділет Дауланбаев боз кілемге Алматы қаласының атынан шықты. 125 келі салмақта финал Азия чемпионатының қола жүлдегері, былтырғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Дәулет Шабанбай мен Дмитрий Попов арасында өтті. Бұл екі балуан да Павлодар облысынан. Кездесу көпке созылған жоқ. Әуелі Попов төрт ұпайға қол жеткізгенімен, артынша Дәулет Шабанбай қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, таза жеңіске жетті.
Чемпионаттың ең қызықты кездесулері жарыстың соңғы күні жалғасын тапты. 65 келі салмақта боз кілемге шыққан жерлесіміз Мейіржан Әшіровке үлкен сенім артылған болатын. Мейіржан алғашқы кездесулерінде павлодарлық Арман Бейсенбиновті, қызылордалық Азамат Шағатұлын жеңді. Астаналық Саятбек Оқасовпен өткен аса тартысты кездесу де Әшіровтің пайдасына шешілді. Алтын жүлде жолында Мейіржан астаналық Нұрлан Бекжановпен белдесті. Қуаныштысы, Мейіржан бұл кездесуде 10:0 есебімен басым түсті. Мейіржан – чемпион!
Зал толы жанкүйерлер 74 келі салмақтағы балуандардың белдесуін сарыла тосты. Ел назары әсіресе, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, жерлесіміз Ақжүрек Таңатаровқа ауғаны анық. Ақжүрек аянып қалған жоқ. Алғашында атыраулық Оралбек Қазиды 10:0 есебімен айқын ұтты. Екінші белдесуінде Алматы облысының балуаны Берік Арыновтан 4:1 есебімен айласын асырды. Ширек финалда Ақжүрек Алматы қаласының өкілі Болат Сахаевтан 9:5 есебімен басым түсті. Осы бір сәттерде Ақжүректің жақсы нәтижеге қол жеткізетініне сеніміміз нығая түскен еді. Амал қанша, жартылай финалда жерлесіміз Таңатаров 2014 жылғы ел чемпионы, Қарулы Күштер арасында әлем чемпионы, қызылордалық балуан Ғалымжан Өсербаевқа ұпай санымен жол берді. Қола жүлде үшін тартыста да Ақжүрекке сәттілік жетіспеді. Ол маңғыстаулық қарсыласы Сәкен Айтжановты әуелі төрт ұпай айырмасымен ұтып тұрған еді. Кездесудің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда, өкінішке қарай, Сәкен ұпай теңестіріп кетті. Жекпе-жек тең аяқталғанымен, жеңіс соңғы сәттегі белсенділігі үшін Сәкен Айтжановқа берілді. Сөйтіп, бұл ел чемпионатында Ақжүрекке қола жүлде де бұйырмады. 74 келінің алтыны қызылордалық Ғалымжан Өсербаевқа бұйырды. Ол алматылық Абдулхаким Шапиевпен белдесті. Аса тартысты кездесу 6:6 есебімен тең аяқталды. Алайда, Өсербаевтың соңғы сәттегі белсенділігі алтын жүлде алуына жол ашты.
Осылайша төрт күнге созылған жарыста жамбылдықтарға екі алтын, бір күміс, бір қола медаль бұйырды.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support