- Advertisement -

Мұстафа Шоқай арманым

155

- Advertisement -

Тарих. Тағдыр. Тағылым

«1985 жылдың сәуірінен бастап ескен демократияның алтын күрегі өзінен бұрынғы әкімшіл-әміршіл партократтар билеген тоталитарлық басқару жүйесінің сірескен тоң-мұзын бұзып-жарып, халық­тың қатып-семе бастаған санасына ой салды. Ұйқылы-ояу мәңгірген күйінен сергек ойлап, сенімді іс жасауға жеткізді. Соның нәтижесінде егемендігін аңсаған елдер кеңестік империяның тыпыр еткізбейтін құрсауы мықты шеңгелінен құтылып, өз алдына тәуелсіз мемлекет болып жатыр. Ал бір кезде Кеңес өкіметінің алдына тәуелсіз ұлттық мемлекет боламыз деп мәселе қоймақ тұрмақ, ол туралы ой қозғап, оны жария етудің өзі мұң еді. Егер ойын қаймықпай айтатын қаһарман азаматтар болса, олар қуғын-сүргінге ұшырап, сүйегіне туған жердің топырағы бұйырмай жат жерде көз жұмды. Соның бірі өз халқының егемендігін, бостандығын аңсап, замандастарын ұлттық тәуелсіздік жолын­дағы күреске шақырған Мұстафа Шоқай еді.

Біз бүгін сол ардақты азамат Мұстафа Шоқайдың үнтаспаға жазылып, жасырын түрде сақталған Түркістанның жастарына арнаған сөзін жарыққа шығарып отырмыз. Араға 70 жылдан астам уақыт өтсе де, оның өзекжарды өткірлігі әлі де бірде-бір кемімеген деп білеміз.
Үнтаспадағы сөзді қағазға түсіру барысында М. Шоқай қолданған
сөздерді өзгерткен жоқпыз – К.С.».

Осыдан ширек ғасыр бұрындары осылай деп жазыппын. Жақында жеке архивімді ақтарып отырып тауып алған, жазу мәшіңкесіне басылған қағаз ескіріп, сарғыш тартыпты. Бірақ бәрі есімде.
Бірде әртіс, әнші, композитор танысымның үйінде оның жаңа жазған шығармасын талқылап, әңгімелесіп отырғанбыз. Ол: «Мынау – Мұстафа Шоқайдың сөзі жазылған үнтаспа», – деп, маған магнитофонның кассетасын ұсынды. Мұстафа Шоқайдың үнін сатирик, ақын Шона Смаханұлының даусына ұқсатқаным да есімде.

«ТҮРКІСТАН ЖАСТАРЫ, БІРЛЕСІҢДЕР!»

Бүкіл Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстаным деп жас үкімет күшін алты жандүниятқа бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айырылмас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір, мақсаты бір. Түркістанның мақсаты – өзінің құтылысы міллет өкіметін құрып, сарбәс, бос, өз алдына бір үкімет болып тұру. Халқы көптен бұл жұмысқа алысып, шалысып, қан төгісіп, соғысып келеді. Үкіметіміз зор, мемлекетіміздің келешегіне иланамыз. Түркістан жастары айрықша бұл мақсатымызға жеткізуге таласып, тырмасып жатыр.
Біздің мақсатымыз – жалғыз Түркістанның ғана емес, бүтін Түркі өлкелерінің, бүтін Түркі халқының дос болып, дара бірлік, кірәдарлықпен жасап, сыртқы дұшпандарға қарсы өзінің толықтығын, үкіметінің толықтығын білдіріп қою. Ойымызға жетеміз, талабымызды орнына келтіреміз деген иманымыз зор, күшті. Халқымыз іс үстіндегі жас үкіметтің күші неқатар ауыр болса, біздің оған қарсы шығысымыз о қатар түзу, о қатар күшті болмақ. Алыста жүріп ел қайғысын ойлап, алыста жүріп ел қамын ойлап Европаның шартарапында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған, Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-бірлеріңе күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар. Бәріңіздің құбылаңыз өзіміздің ата-жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ. Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге, бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат, уәзипа болмақ. Мұны ұмытпау керек (пауза).
Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық.

Кімнен таяқ жегендей,
Біздің түріктің баласы.
Алдырып жүрген дұшпанға,
Аузының аласы.
Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтін жауымыз болмайды. Мақсатымызға жетеміз. Онсыз біздің күніміз жоқ. Құрып кетеміз, босып кетеміз. Құрымасымыз үшін, боспасымыз үшін күшімізді біріктіріп, иін тірестіріп, бір-бірімізге жәрдем беріп жүруіміз керек. Онсыз біздің күніміз қараң. Мұны ұмытпау керек. Түрік баласы, ұмытпаңдар, бастарыңдағы бөтен елдің өкіметін шығарып тастауға, аударып тастауға тырысыңдар… (ұзақ пауза).
Түркістанның атақты шайыры Жұмабайұлы Мағжанның Анадолы түріктерінің құтқару соғысы уақытында түрік елінің бірлігі хақында жазған «Алыстағы бауырыма» атты өлеңі.

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қураған бәйшешектей кепкен бауырым.
Қамаған қалың жаудың ортасында,
Көл қылып көздің жасын төккен бауырым.

Алдыңды ауыр қайғы жапқан бауырым,
Өміріңше жапа көрген жаттан бауырым.
Түксиген жүрегі тас жауыз жандар,
Тірідей сені тонап жатқан бауырым.

Апырмай емес пе еді алтын Алтай,
Анамыз бізді тапқан асау тайдай.
Бауырында жүрмеп пе едік салып ойнап,
Жүзіміз емес пе еді жарқын Айдай.

Алалы алтын сақа атпап па ек,
Тебісіп бір төсекте жатпап па ек.
Алтайдай анамыздың ақ сүтінен,
Бірге өсіп, бірге дәмін татпап па ек?!

Тұрмап па ек біздер үшін мөлдір бұлақ,
Сылдырлап сылқ-сылқ таудан құлап.
Даяр боп ұшқан құстай, соққан құлын,
Тілектес бір-бір тұлпар бейне пырақ.

Алтайдың алтын күні еркелетіп,
Келгенде жолбарыс боп жаңа ержетіп.
Ақ теңіз, Қара теңіз аржағына,
Бауырым мені тастап қалдың кетіп.

Мен қалдым жас балапан қанат қақпай,
Ұштым деп ұмтылсам да дамыл таппай.
Жөн сілтер, жол көрсетер жан болмады,
Жау, жау! Қойсын ба енді мені атпай.

Қорғасын жас жүректі у ғып атты,
Күнәсіз таза қаным судай ақты.
Қансырап, әлім құрып, естен тандым,
Қараңғы абақтыға беріп жатты.
Көрмеймін кеше жүрген қыр-сайды да,
Күндіз – күн, түнде – күндіз, нұрлы айды да.
Ардақтап шын жібектей орайға орап,
Өсірген алтын анам Алтайды да.

Апырай, алдырдың ба қалың топтан,
Жайылып қайтпайтұғын жауған оқтан.
Түріктің жолбарыстай жүрегінен,
Пішінімнен қорыққан құл боп жаудың бұққан.

Шарқ ұрып ерікке ұмтылған түрік жаны,
Шынымен ауырды ма бітіп халі.
От сөніп жүректегі құрыды ма,
Қайнаған тамырдағы ата қаны.

Бауырым сен о жақта, мен бұ жақта,
Қайғыдан қан жұтамыз біздің жаққа.
Лайық па құл боп тұру, тез кетейік,
Алтайға, ата мирас алтын таққа.

Мұстафа Шоқай бұдан кейін Мағжан Жұмабайұлының екінші өлеңі «Бесік жырын» оқиды. Бірақ, ол үнтаспаға о баста толық жазылмағандықтан, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрмедік.

М.Шоқайдың сөзін үнтаспадан
жазып алып, дайындаған
Көсемәлі Сәттібайұлы, журналист.

Жамбыл қаласы».

2016 жыл – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланатын дүбірлі де даңқты жыл. Ел Тәуелсіздігінің қадір-қасиеті жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтып келеді.
2015 жылдың 1 желтоқсанында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы: «Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекетіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді» деген болатын.
Алаштың екі алыбы: біріншісі – Мұстафа Шоқай сонау ХІХ ғасырда тәуелсіздік үшін бозторғайдай шырылдаса, екіншісі – Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырда сол арыстар армандаған тәуелсіздіктің баянды болуы жайлы халқына тебірене ой толғады.
Ең бастысы, Мұстафа Шоқай арманы орындалды.
Ең маңыздысы, сол арман – Тәуелсіздік тізгіні Нұрсұлтан Назарбаев сынды халықтың сенімді перзентінің қолында.
Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, ағайын!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support