- Advertisement -

Тақырды нуға айналдырған «Тасөткел»

104

- Advertisement -

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «…бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек» деген болатын. Су – тіршіліктің көзі. Ауыл шаруашылығы өндірісінде де су ең қажетті ресурс саналады. Сондықтан, табиғат берген иен байлықты мақсатты түрде пайдаланып, су қоймалары, бөгеттер, арық-тоғандарды күтіп ұстау керек. 

Шу ауданында су мәселесін реттеумен айналысатын «Тасөткел» коммуналдық мемлекеттік су шаруашылығы кәсіпорны облыс бойынша барлық көрсеткіштер бойынша жақсы жетістіктермен көзге ілігіп жүр. 2003 жылы құрылған кәсіпорын су жүйелерін қалыпты жағдайда ұстап, Шу ауданына қарасты елді мекендер аумағындағы агроқұрылымдардың суармалы егістіктеріне қажетті су мөлшерін келісімшарт аясында және сұраныстарына сай жеткізіп берумен айналысады.
Халқымызда: «Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» деген сөз бар. Суармалы жердің өнімі мол болатынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Бүгінде Шу ауданында 35492 гектар суармалы жер бар. «Тасөткел» кәсіпорны сол жерлердің 20 мыңнан астам гектарына су жеткізу қызметін жүзеге асыруда. Су беру жоспары «Шу-Талас» бассейндік су шаруашылығы басқармасының бекіткен кестесіне сәйкес атқарылады. Мәселен, аудандағы «Тасөткел» су қоймасынан 193,27 миллион текше метр көлемде су алынса, 127,134 миллион текше метрі су пайдаланушыларға коммуналдық меншіктегі каналдар арқылы беріледі екен.
Суды пайдалануды реттеу өте күрделі. Әсіресе, суару маусымында күйбең еселене түседі. Науқанда барлық шаруашылықтарға бір мезгілде су жеткізу оңай шаруа емес. Жалпы, кәсіпорын 726 су пайдаланушымен келісімшарт жасасып, өтінімдері бойынша су жеткізу жұмысын тиянақты атқаруда. Ерте көктемде тозығы жеткен, ағымдағы жөндеуге сұранып тұрған каналдар мен гидроқұрылымдардың жөнделуі арқасында биыл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мол өнім алды. Суарудың жаңа технологиясына көшіп жатқан шаруашылықтар да бар. Ауданда 1085 гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісі қолданылды.
Су жүйелерін жаңғырту жұмыстары «Ерекше аса қауіпті су шаруашылығы құрылымдары мен су жүйелерін қалпына келтіру» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Оған облыстық бюджеттен қаражат бөлінуде. Сандарды сөйлетсек, соңғы бес жылда 283 миллион теңгеге 200,2 шақырымды құрайтын 45 нысан, 64 гидроқұрылым ағымдағы жөндеуден өткен. Биыл аталмыш бағдарлама бойынша кезек күткен 12 нысанға жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, жалпы ұзындығы 24,93 шақырым болатын «P-1», «Луговой», «Жайсаң», «Қосқұдық», «Бименбет» тоғандары мен «Шоссейный» гидроторабы ретке келтіріліпті. Бұл мақсатта 16,4 миллион теңге қаржы жұмсалған.
«Тасөткел» кәсіпорнының меншігінде жалпы ұзындығы 460 шақырымды құрайтын 82 тоған бар. Олар шетінен ретке келтіріліп, қатарға қосылуда. Тоқырау жылдарында тозығы жеткен нысандар бүгінде қайта жаңғыртылған. Кәсіпорын алғаш құрылған уақытта бар-жоғы 6 тоған іске жарамды болғанын ескерсек, бұл – үлкен жетістік. Ол кезде, тіпті мекеменің өндірістік базасы, техникасы мен көлік құралдары жоқ болған. 15 шақты ғана қызметкердің тынымсыз еңбегімен мекеме бүгінде еңсесін тіктеді. 2012-2013 жылдары иесіз тоғандар сот арқылы анықталып, «Тасөткелдің» теңгеріміне өткен. Ал 2011 жылы Шу ауданын басқарған, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиевтің мұрындық болуымен жер бөлініп, кәсіпорын өндірістік базаға қол жеткізген екен.
Шу аудандық мәслихат депутаты Нұрахан Ибраимов тізгінін ұстаған кәсіпорында бүгінде 32 қызметкер жұмыс істесе, суару маусымында 50-55 адам жұмысқа тартылады. Шулық сушылардың ізін жалғайтын жас мамандар даярлау мақсатында облыс орталығы Тараз қаласына 4 студент жоғары және арнаулы орта оқу орындарына білім алуға жіберіліпті.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support