- Advertisement -

Ел болашағы – ана тілінде

11

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін баса айтып: «Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады… Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деген болатын.

Иә, қазақ тілі – ең бай, ең көркем тіл. Біз ана тіліміз арқылы дәстүрімізді сақтап, өзімізге тән таным мен талғам қалыптастырып, білімдарлық пен кемеңгерлікке жете аламыз. Халық даналары «Тіл жетпейтін түкпір, тіл ерітпейтін көңіл жоқ», «Жүрек – сөздің қақпағы, шындық – сөздің айғағы» деп, тіл қадірін бәрінен жоғары бағалаған. Сондықтан тарихымызбен тамырласқан, тағдырымызбен сабақтасқан дана тілімізді қай-қайсымыз да қастерлеуге тиіспіз. Жазу мәдениеті қалыптасудан бұрын адамзат құлақ арқылы тіл қорын көкірегіне қондырған. Сондықтан ұлы тарих шежіресін өз бойына сіңіріп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ана тілімізді құрметтеу, оны дамыту – бүгінгі ұрпақтың, біздердің азаматтық борышымыз деп білеміз. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген елдің ұрпағы ретінде күнделікті өмірде тіліміздің тұғырын нығайтуға жастар да күш салсақ дейміз.

Бір қуанарлығы, «Ана тілім – арым» деп, егемен еліміздің тұғыры мемлекеттік тілімен биік бола түсетіндігін түсінетін жастардың арамызда көптігі. Ал, ана тілін еркін меңгеру арқылы жастардың бойында туған жері мен елін шексіз сүйе білу дағдылары қалыптасады. Сол үшін оның терең иірімдеріне бойлай білу – саналы азамат болып қалыптасуды қалайтын жастардың басты міндеті деп білеміз. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Ендеше, ана тіліміздің мәртебесін үстем етіп, еліміздің мерейін көтеру, әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктету – бұл біздің басты парызымыз болып қала бермек.

 

Жайнар МҰРАТ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support