- Advertisement -

Ұлттық киім — ұлт бейнесі

13

- Advertisement -

Қазақ қолөнерінің бір саласы – ұлттық киім тігу. Ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қолөнердің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлығымен де қолданыстан қалмай келе жатқан қазақтың киімдері әлі де аз емес. Талғамы ерекше бүгінгі ұрпақ батыстың сән үлгісінен гөрі, заманауи стильде тігілген ұлттық киімдерге әуес деп айтсақ та болады. Тіпті әлемге әйгілі брендтер де этностильге көз тіккен.

Ал, қазақтың ұлттық киіміндегі ою-өрнегі тек сәнді сурет қана емес. Мәселен, ертеректе бозбала қыздың қолындағы білезікке салынған өрнегіне қарап, оған құда түскен-түспегенін ұғынған. Бұл қазақтың ою-өрнегінде үлкен мән-мағына жатқанының бір ғана белгісі деп айтсақ болады.

Қазіргі таңда еліміздің белгілі дизайнерлері де ұлттық нақышта безендірілген киімдер тігуге көбірек ден қойып жүр. Солардың бірі алматылық Нұржамал Нұрпейісованың қолынан шыққан сәнді көйлектер мен орамалдар әйелдер арасында жиі сұранысқа ие бола бастаған. Өйткені, 16 жылдан бері нарықта ұлттық нақыштағы заманауи киімдер ұсынып жүрген «Нұр- шах» сән үйінің киімдері көзге ерекше түседі. Дегенмен, ою- өрнектермен безендірілген сәнді көйлектердің бағасы қымбаттау болғандықтан, екінің бірі алып кие алмайтыны да жасырын емес. «Сәнді көйлектеріміздің бағасы қымбат болуының басты себебі, оның матасын шетелден алдырамыз. Одан бөлек, қолдан кестелеу де оңай тірлік емес, көп уақытты алады. Сондықтан бағасы да соған лайықты», – дейді Н.Нұрпейісова.

Бұған дейін Наурыз мерекесінде немесе той-томалақта ғана киілетін бешпент, нымша, шекпен сияқты ұлттық киімдерді қазір күнделікті киіп жүретін жандар баршылық. Олардың түр-түрін дүкендерден табу да қиын емес. Ұлттық киім өндірушілер әсем ою-өрнекпен безендірілген киімді кеңседе де, көшеде де киіп жүруге ыңғайлы әрі жеңіл етіп ұсынуда. Сапасына қарай бағасы да әртүрлі болып келеді.

Биыл елімізде «Көрісу күнінен» басталған Наурыз мейрамы кезінде әр күннің өз атауы болды. Соның бірі – «Ұлттық киім күні» деп аталды. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев жылдың басында республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айтып, басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек екендігін айтқан болатын. «Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек», – деді Президент.

 

Гүлназ АЯПОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support