- Advertisement -

Ғылымды дамыту – басты міндет

13

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз қазақ елінің ертеңі үшін ғылым мен білімнің ауадай қажеттілігін үнемі айтып келеді. Ғылыми қызметкерлерге жағдай жасап, жастарды инемен құдық қазғандай бейнетті білім жолына тарту бағытында атқарылған іс те, алдағы жоспар да аз емес. Осы тұста Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында «Ғылым және инновациялар – аумақтық дамудың драйверлері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мазмұнды басқосуға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, отандық және шетелден келген оқытушылар қатысты.

Ғылыми қызметкерлердің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келген және облыстың 85 жылдығы мен Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының 15 жылдығына арналған іс-шараны ашып беріп, жүргізіп отырған педагогика ғылымдарының докторы, профессор, аталған оқу ордасының вице-президенті Махметғали Сарыбеков отандық ғылымға жергілікті жоғары оқу орындарының қосқан үлесіне жан-жақты тоқталып өтті.

– Биыл ғылым күні еліміздің тұңғыш академигі, көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына сай келіп отыр. Осы жылдары қазақстандық ғылымда нақты өзгерістер орын алды. 2011 жылы 18 ақпанда Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңы қабылданды. Осы заңның аясында мемлекеттік бюджеттен ғылымға бөлінген қаражат өсіп, жаңа қаржыландыру механизмі енді. Ғылыми басқару жүйесі жетілдірілді. Оның стратегиялық, әкімшілік және сараптамалық функцияларының аражіктері нақты ажыратылды. Ғылымның приоритеттік бағыттары бойынша тұңғыш рет ұлттық ғылыми кеңестер құрылып, жұмыстарын жасауда. Конкурсқа берілген ғылыми жобаларды сараптау мақсатымен ұлттық ғылыми техникалық сараптамалық орталық құрылды. Академия ғылыммен қатар жоғарғы оқу орындарының ғылымын дамытуға мүмкіндіктер жасауда. Жас ғалымдарды ғылымға тарту мақсатымен нақты іс-шаралар іске асуда, – деп атап өтті өз сөзінде Махметғали Нұрғалиұлы.

Мұнан соң облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ел аумағындағы фосфориттің баланстық қорының 72 пайызы, кварциттің 65, алтынның 8,2, мыстың 3, уранның 0,7 пайызы аймақта шоғырланғанын, тұтынуға арналған және техникалық тұздың қоры 15 миллион тоннаға дейін жететінін жеткізді. Өнеркәсіп саласында 45 мыңнан астам адам еңбек ететін 859 кәсіпорны бар аймақтың химия өндіріс саласында әлеуеті зор екенін де айрықша жеткізді.

– Ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Еліміздің білім мен ғылым саласы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше назарында. Жалпы, білім жүйесіндегі өзгерістер, жаңа көзқарастар заманның талабынан туындап отырған мәселе. Жаңа технологиялар заманында ғылымды дамыту – маңызды міндет. Себебі, ғылым қоғамды дамытуда және жаһандық мәселелерді шешуде үлкен рөл атқарады. Ғылым дамуының басты күші – ғылыми-зерттеу институттары мен түрлі бағытта білім беретін оқу орындар. Сондықтан да бүгінгі іс-шараның білім мен ғылым сапасын арттыру ісінде рөлі зор. Ғылым мен инновация еліміздің және өңір экономикасының деңгейін арттыра түсетіні баршамызға мәлім. Ал, бұл жұмыста ғылым қайраткерлері, қарапайым ғалымдар мен ұстаздар, әрине, алдыңғы шепте. Осы ретте, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының ұжымын 15 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Институт ұжымына шығармашылық өрлеу, жаңа жетістіктер тілеймін. Бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда еңбектеріңіз жемісті болсын, – деген аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы бірқатар оқытушыларды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев отандық ғылым саласының жетістіктерін атап өтіп, ғылыми қызметкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды жеткізді.

– Мемлекет басшысы қашанда ғылым мен білімнің дамуына, ғылым қызметкерлерінің жағдайына жіті назар аударып келеді. Ұлттық ғылым академиясының алқалы жиынында Президентіміздің отандық ғылымды дамытудың күрделі тетіктерін айқындап, бүгінгі күні қарқынмен табысты жұмыс істеп отырған Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрылуына бастамашы болғаны белгілі. Былтыр жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Перзидентінің жанындағы ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесті құру туралы Жарлыққа қол қойды. Кеңестің құрылуы ұлттық ғылыми жүйені басқару ісін жетілдіруге және Қазақстан Респуликасының ғылым және ғылыми техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындау бойынша ұсынымдар әзірлеуге ықпал етеді. Сонымен бірге ел Президенті өткен жылы 12 сәуірде ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысын өткізіп, отандық ғылымға серпін беретін тиісті тапсырмалар жүктеген болатын. Нәтижесінде Президент тапсырмасына орай Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Биыл Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда да Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамытудың жаңа әдіс-тәсілдерін айқындап, ғылымға серпін беретін, ғалымдардың жағдайын жақсартуға бағытталған тапсырмалар берді. Ел Президенті «Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуы тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек, ол үшін біз әрдайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет. Жұмысты дұрыс үйлестіре алсақ, бұл шаруа біздің қолымыздан келетіні анық», деген болатын. Біз Жаңа Қазақстанның жаңа біліммен қаруланған, озық ғылымды игерген, бәсекеге қабілетті жастарын тәрбиелеуіміз керек. Ғылыми ізденістердің нәтижесі ел экономикасы мен тұтас қоғамға пайда әкелуі тиіс. Бұл бағытта ғылыми қауымдастықтарға үлкен жауапкершілік артылуда. Осы жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген сіздерді институттың он бес жылдық мерейтойымен құттықтаймын,– деді Мәлік Нұржанұлы.

Өз сөзінде отандық ғылым мен өндірісті дамыту бағытында оқу орындарының қосар үлесінің мол екендігіне тоқталған Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов оқытушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Біздің еліміздің экономикасы, дамуы ғылым арқылы ғана іске асатынын білеміз. Сондықтан Президентіміз ғылымға аса ден қойып отыр. Соңғы жылдары ғылымға бөлінген қаражат еселеп өсуде. Ғылымның нәтижелері ел экономикасының дамуына үлесін қосып келеді. Институтымыз Қазақстандағы 120-ға жуық оқу орындарының ішіндегі ең жасы. Бар-жоғы 15 жыл толып отыр. Оның алғашқы 8 жылында институтымыздың тағдырына байланысты аяққа нық тұру кезеңдерінен, сол кездегі экономикалық дағдарыстар, қарбалас сәттерден өтті. Соңғы 7 жылда ғана институтымыз өзінің бағытын нақты айқындап, қай салаға көбірек көңіл бөлетінін анықтап, инфрақұрылымын жетілдіруге басымдық берілуде. Ұстаздың орны қашанда төрде болса, ғылымның да орны тұғырда. Кез келген дамыған елдерде өндіріс жетістіктері ғылымның жемісі. Сондықтан істеріңізге табыс тілеймін,– деді Ерболат Байұзақұлы.

Мұнан соң Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің профессор оқытушылары да ойларын ортаға салып, ұтымды ұсыныс, пайымды пікірлерімен бөлісті. Отандық және шетелдік оқытушылардың басты баяндамалары конференцияның секциялық жұмыстарында жан-жақты талқыланды.

Айта кетсек, аталған конференция жұмысына онлайн және офлайн форматта 350-ге жуық ғалымдар мен оқытушылар қатысып, 300-ге жуық баяндама тыңдалды. Алдағы уақытта бұл баяндамалар негізінде төрт томдық жинақ жарыққа шығатын болады.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support