- Advertisement -

Еңбек Ері елінің есінде

17

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап дәріптеуіміз қажет» деген еді. Болашақтың иелерін тәрбиелеп отырған мектептерде жастардың бойына өз еліне, Отанына деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, патриоттық тәрбие беру мақсатында халықтың игілігіне еңбегі сіңген азаматтар жайлы және сол аймақ туралы деректер жиналған мұражайдың болуы тәлім беруге де тиімді.

Жақында ғана Т.Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылындағы А.Шынәсілов атындағы орта мектептен Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевқа арналған мұражай ашылды. Сайрамбай Әліқұлұлының ұл- қыздарының демеушілігімен «Жомарт түлек» жобасы аясында жасақталған мұражайдың ашылу салтанаты «Мұражай – тарих көзі» тақырыбымен ұйымдастырылды.

Мұражайда мектептің тарихы, алғашқы лентасын қиған сәттен бергі деректері және ауылдың өткені, ардагер ұстаздар мен танымал түлектер туралы мәліметтер, осы ауылдан шыққан кісілердің еңбектері де қойылған. Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевтың өмірбаяны, атқарған жұмыстары, ел игілігіне жасаған игі істері туралы да осы мұражайдан табуға болады. Сонымен қатар, әке сі Әліқұлдың депутат болып, ел игілігіне атқарған қызметтерінен хабар беретін деректер алған марапаттарымен көрсетілген. Мектептен ауылдың мәселелерін көтеріп, тыныс-тіршілігін жариялап отыратын «Мектеп әлемі» журналы шығады, осы басылымға да мұражайдан бір бұрыш жасақталған. Сондай- ақ, ауыл тұрғындарынан жиналған көненің көзіндей болып қалған ескі бұйымдар, ертедегілерден қалған заттардың сынықтары да зерттеліп, осында қойылған. Мұражайға қойылған Сайрамбай Дөненбаевтың мүсіні де осы кеште салтанатты түрде ашылды.

– Сайрамбай Дөненбаевтың еңбекқорлығы мен өз халқына деген сүйіспеншілігі, жомарттығы баршаға мәлім. Ол кісінің қой басын 52 мыңға жеткізгенінің өзі еңбеккештігін байқатса керек. Өзі дүниеден өткеннен кейін бірге оқыған сыныптастары мектеп бітіргендеріне 40 жыл толғанда ауылда бас қосты. Сонда бәрі де Еңбек Ерін еске алды. Сол кезде жары Балжан Қодасоваға «Сыныптастары келіп, еске алғанда ең болмаса естелікке суретке түсетін Сайрамбайға арналған бір бұрыш та жоқ, соны жабдықтап жасайық» деп қолқа салғанмын. Кейін ақылдаса келе еліміздің Еңбек Ері атанған нағыз еңбекқор адамға бір бұрыш бергеніміз жараспас деп, мектептің бір кабинетін босатып, бір жылдан бері мұражай етіп жасақтадық. Балжан балаларының атынан демеушілік жасап, барлық шығынды өзі көтерді. Ағамыз көзі тірісінде мектебімізге құны бір миллион теңге тұратын музыкалық аппаратура алып берді. Мектепте ұл балалар арасында бокстан спорттық лига ұйымдастырып, оған да бір миллион теңге қаржы берген болатын. Ал, ауылға жасаған демеушілігі бір бөлек. Міне, осындай халықтың бақытына туған перзентті еске алуға арналған кеш ұйымдастырылып, Өрнек округі ақсақалдары мен мектептің танымал түлектері, Сайрамбай Дөненбаевтың бауырлары, ұл-қыздары шақырылды, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гулбарам Шотаева.

Мұражайдың лентасын Өрнек ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Болат Байкеев пен ардагер ұстаз Қадірбек Жапарқұлов, Өрнек ауылының ақсақалы Қабыл Абдуалиев кесіп, батасын берді. Еңбек Ерінің мүсінін қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мақсат Байжігітов пен бауыры Мейрамбай Дөненбев ашты.

– Сайрамбай туған ауылына жаңа мектеп салуға жүгіріп жүріп, «100 мектеп» бағдарламасынан бұрын осы мектептің тұрғызылуына еңбектенген еді. Осы мектептің алдындағы балаларға арналған 40 орындық интернатты толықтай өз қаржысына салып берді. Әрине, оның бұдан басқа да еліне тигізген көмегі баршылық. Елі барда ердің аты өшпейтіні рас екен. Адам еңбекпен абыройға кенелетінін де осы кісінің өмір жолынан көріп тұрсыздар. Туған ауылының мектебінен осындай мұражай ашылғаны – өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлкен үлгі. Келешекте Сайрамбайдың ізін жалғайтын халқының мүддесі үшін аянбайтын азаматтардың шығатынына сенеміз, – дейді Мейрамбай Дөненбаев.

Мұражайдың ашылу салтанатынан соң мектеп оқушыларының өнерімен Сайрамбай Дөненбаевты еске алу кеші ұйымдастырылды. Онда ұстаздар мен Еңбек Ерінің бауырлары, достары сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Кеш соңы «Тал егу – табиғатты аялау» атты бөліммен жалғасты. Іс-шараға келген қонақтар мектеп ауласына тал отырғызды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support