- Advertisement -

Алаш зиялылары жапондық жаңғыруға неліктен мән берді ?

12

- Advertisement -

1914 жыл бірінші дүниежүзілік соғыс Еуропаны қысып тұрғанда, ұлт жанашырларының алып арманы – қазақ халқын апаттан аман алып қалу еді. Бәріне мәлім, Алаш зиялылары сонау ғасырдың өзінде-ақ дамудың түрлі жолын іздеген. Жапония туралы «Осы шағын ғана мемлекет ұзақ уақыт мәдениеті мен тілін қалай сақтай алды?» деген сұрақ туындайды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхтар Әуезовтің «Жапония екінші дүниежүзілік соғысқа дейін және соғыс кезінде де идеологияландырылған ел болды. Ұлттық идеология түсінігі жапондар үшін «национализм» түсінігіндей біте қайнасқан кезде барып өз тілінде сөйлеп, өз мәдениетімен мақтанатын әрі дәріптейтін болды», – деп жазған. Ұлтты сақтап қалу жолында Алаш зиялылары неліктен жапондық жаңғыруға ден қойғанын зерделеп көрелік.

Әуелі «Соңғы жылдары алаштанушылардың аузынан түспей жүрген «Мэйдзи революциясының» Алаш автономиясымен байланысы қандай?» деген сұраққа жауап іздейік. Жапонияның тарихында зор өзгерістер 1868-1912 жылдардың арасында орын алған. Мэйдзи заманның билеушісі болса, «исин» сөзі жаңару және өзгеру деген мағынаны білдіреді. Дәуір атауы Жапонияның 122 императорының билігінің ұранымен байланысты болды. Өзін-өзі сыртқы мәдениеттен оқшаулап, таудың басына мінәжат ететін будда секілді бүкіл байланысты үзген жасырын ел дағдарысқа ұшырады. Еуропаның отаршылдық саясатынан сескенген халықтың еңсесі түсті. Бір- бірімен бәсекелескен феодалды топтар, яғни сегундардың да экономикалық сайысқа әлі жетпеді. Алайда, халқының дәрменсіздігіне ашынған хан Мэйдзи рестравациясын қолға алып, тозығы жеткен билік жүйесін ысырып тастап, орнына екі парламент құрып, капитализмге жол ашып береді. Елді модернизациялау процесіне 1869 жылғы «Император Муцухитоның ант беру» саяси бағдарламасы әсер етті. Бұл құжатта негізгі ережелердің бірі – Жапонияның жағдайын жақсартуға болатын халықтың білімі мен жетістіктерін тиімді пайдалану туралы тармақ жазылды. Британдық социолог Рональд Филип Дор атап өткендей, 1870 жылы Жапония халқының сауаттылығы жөнінен ХХ ғасырдың басында мықты державалардан асып түскен еді. 1872 жылы Мәдениет министрлігі француз үлгісіндегі мемлекеттік білім беру жүйесі туралы қаулы шығарып, әр округте 1 университет және 32 орта мектеп салынуына мүмкіндік жасады. Әр орта мектеп 210 бастауыш мектепті қамтитын жеке орта мектеп ауданынан тұрды. Алғаш рет ұл мен қыз бір партада білім алып, мемлекеттік оқу орындарының дәрежесі биіктей түсті. Адамның білімі мен ой ұшқырлығын қажет ететін капитализмді пайдаланып, көзді ашып-жұмған шақта бақуатты елдердің бірі атанады.

Ахмет пен Міржақыптың ағартушылығында осы революцияны қайталауға бел байлағанын байқаймыз. Себебі, біздің елдегі аграрлы шаруашылықпен нан тауып, байырғы ойларынан шыға алмай жүрген жапондықтарға ұқсастықтар бар еді. Салиқалы ортадан бой түзеген зиялылар шығыс елінің революциясын қазақ болмысына икемдеп, дамыған шет елдердің санатына қосуды көздеді. «Мэйдзи» революциясы Алаш зиялыларына демократиялық мемлекеттің кірпішін қалаудың қадамы, күйзелген кедей жұртына үміт ұялатуға керекті құрал екеніне сенімді болды. ХІХ ғасырдың басында Жапония өзі жеке дербес мемлекет болса, біздің жұртымыз білдей алып федерацияның құрамында еді. Санасы күрделі идеялармен сусындай қоймаған, хакім Абай айтқандай тек мал бағумен ғұмырын кешіп жүрген, халыққа қалай еркіндіктің дәмін сезіндіріп, бойына қуат беруге болады? «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» демекші, халқымыз мерзімді баспаның көркемдігі мен сөздің сәнін табатын журналистердің рухын пайдалануды жөн көрді. Тарихымыздағы «Қазақ» газетінің ашылуындағы сыр осында жатыр. Қазақ журналистикасының жалғыз қарлығашы «Қазақ» газеті алдыңғы «Қазақ газеті» және «Серке» мерзімді басылымдарының қажырлы тәжірибесі мен цензурасынан кейін туған болатын. Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы жариялаған «Қазақ һәм түрлі мәселелері» мақаласында діттеген мақсаттары анық баяндалған. «Қазақтар неге аузына су алғандай үндемей отыр дегенде қазақта газета жоқ. Думада не мәселе көтеріліп жатқанын білмейді деуші едік», дейді мақалада. Осы сөздердің артында қараңғылыққа шам болу ойы жатқаны түсінікті. Қазаққа тарихи ақиқатты қаламымен тербеп жазып қалуды Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды қаламгерлер пешенелеріне жазылған өмірлік парыз санады. Ана тілде ақпарат таратып, ұлттың уәжін суреттейтін газетті кім оқымасын? Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының педагогика саласының да бүгінгі деңгейге жетуіне атқарған жұмысы орасан. 1911 жылы «Айқап» журналының екінші санында жарық көрген «Қазақ өкпесі» мақаласы өткен тарихты саналы және объективті зерделеп, халықтың дербестік жолында туындайтын кедергілердің, Ресей империясына қосылудағы басты мәселелердің басы ашылады. Осында автор келер ұрпағына қандай мирас қалдыра алатынын ойланып, өз жеріне ие бола алмайтын қазағының надандығына қапа екенін жеткізеді. «Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты», – деп ашына жазады.

1913 жылдың 14 нөмірінде «Қазақша оқу жайынан» атты бас мақаласы жарияланды. Қаламнан туған мақала қазақ балаларының ана тілінде оқудағы қиындығын сөз етеді. Бастауышқа түскен оқушылардың бірқатары орысша оқыса, бірі жаңа бағдарламамен қазақ тілін игеруде, бірақ ауылдарда ескі дәстүрде молдалардан әріп танитын көрінеді. Жаңа жолмен екі тілді үйретуші мұғалім мен қарт молдалардың сабақ беруінде үлкен кемшілігі бар деген тоқтамға келеді. Бірінші кемшілік – дыбысты айыра алмау десе, екінші кемшілік – жас оқушының тілін дыбысқа жаттықтырмауы деп кесіп көрсетеді. Сөйтіп, оқытушыларды тілдегі фонетикалық сабақтарға баса мән беруге шақырады. Кейін 1914 жылы басылған «Бастауыш мектеп» мақаласында барша жұрт ілім оқуын, үш жыл тек қазақ тілінде, қалған екі жылын орысша сауат ашып, келешекте білімді тасымалдайтын парасатты жастардың керектігін жазды.

Алаш зиялыларының ұстанған бағыты патша үкіметін алаңдатып, олардың қызметіне тосқауыл қоюды бастады. Ірі қалаларда жаңа мектептердің салынуын жоғарғы билік өздеріне жасалып жатқан қастандық деп санады. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» туындысы отандастарын жаңа өмірге үндеп, басқа халықтардан даналықты сіңіріп, ғылымға үлес қосу үшін еріншектіктен арылу керек деп түйіндеді. Ал, Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағы халықтың күйін бойына өткізіп, надандықтан босанып, білімнің нұрымен жаңғыруға шақырады.

Қорыта айтқанда, осы байланысқа көз жүгірте отырып, жапондық жаңғырту тәжірибесінен өнеге алып, білім мен ғылым саласында да, басқа салаларда да заманауи батыстық инновациялық технологияларға машықтануға көбірек көңіл бөлу керектігін түсінеміз. Сонымен қатар, әлемнің басқа халықтарының жоғары мәдениетіне қосыла отырып, біз өскелең ұрпақты тәрбиелеудің дәстүрлі және ұлттық қалпын сақтауымыз қажеттігін де ұмытпаған жөн. Себебі, ұлттық құндылықтарымыз, байтақ даламыз бен Қазақ деген аты бар еліміз өз заманында жан аямай шайқасқан бабалардың бізге қалдырған аманаты.

 

Жанел ӘБДІҚАЙЫМОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Гуманитарлық- әлеуметтік ғылымдар» факультетінің 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support