- Advertisement -

Поездағы әңгіме (боямасыз өмір)

12

- Advertisement -

Алматы – Маңғыстау бағытындағы жолаушы поезына мен Тараз қаласынан отырдым. Купеде екеу. Бірі – жасы жетпісті алқымдап қалған өзім шамалас әйел, екіншісі – студент жас бала екен. Менімен үшеу болдық. Әлгі жас бала Түркістаннан түсіп қалды. Купеде екеуміз. Таныстық. Есімі Бибігүл екен. Шудың түлегімін деді. Шашы аппақ қудай, бет-жүзін аямай әжім торлаған, кіп–кішкене ғана кейуана. Түріне қарап қиыншылықты көп көрген, тағдыр тауқыметін тартқан кісі-ау деп топшыладым. Әңгімелесе келе ойымның дұрыс екеніне көзім жетіп, қатты аяп кеттім. Жол қысқарсын деп кейуананы әңгімеге тарттым.

Ой, айналайын, құрбым-ау, менде қайбір жібі түзу әңгіме бар дейсің? Тумысымда бір күн рахат өмір сүріп көргем жоқ десем нанасыз ба?», – деп бір күрсініп қойды. Әңгімені әріден бастады. Біз бір үйде бес бала болдық екі ағам, мен және менен кіші бір інім, бір сіңілім. Балалық шағымыз да бір керемет болды деп айта алмаймын. Әкеміз ертерек қайтыс болып кеткен, анамыз жалғыз өзі қинала жүріп бізді жеткізді. Жоқшылық, жетіспеушілік бізді қатты қинайтын. Анамыздың денсаулығы жоқ, әрі ерні жырық нысаналы кісі еді. Екі ағам өсіп, жұмысқа жараған соң, жағдайымыз сәл оңала бастады. Ешқайсымыз мектептен әрі қарай оқи алмадық. Оқимыз деп те айтпадық. Шамамыз келгенше анама қамқоршы боп жұмыс істегіміз келетін. Мен де бойжетіп, анам жұмысқа кеткенде үй шаруасы мойныма ілінді. Сөйтіп жүргенде көрші жеңгеміз мені талдықорғандық бір жігітпен таныстырып, көп ұзамай ол мені алып қашып кетті. Сонымен, Матай руының «Көлбастау» деген ауылына келін болдым. Келген үйім көпбалалы отбасы екен. Қайын атамның екі әйелі, шешесі және он екі баласы бар еді. Менің күйеуім үйдің тұңғышы болып, мен бұл отбасының он жетінші мүшесі болып түстім. Атамыз қатал, сұсты кісі еді, жарықтық. Ешкім бетіне қарап сөйлемейді, айтқаны заң. Үйде араласпайтын тіршілігі жоқ. Жұмыс істемейді. Таңертеңнен кешке дейін үйдегі әйелдер мен балалардың ісіне араласады, ұнамаса ұрып-соғады, балағаттайды. Алғашқы күннен бастап-ақ мені де өз қарауына алды. Таңғы 05.30-де айғайлап тұрғызып алады, содан ел ұйқыға кеткенше тыным таптырмайды. Сиыр сауу, тамақ пісіру, нан жабу, ыдыс жуу және тағы да басқа сол үйдің бітпейтін тірлігі менің мойныма қамыт болып ілінді. Жолдасым – механизатор. Ерте кетіп, кеш келеді. Менің қандай жағдайда жүргенім оны қызықтырмайды. Тамағы мен төсегі даяр болса болды. Істеген тамағымды да көпшілікпен бірге отырып ішпеймін. Мені отырғызбайды. Сізге өтірік, маған шын, солардан босаған ыдысты жалап, тамақтың дәмін татамын. Момындығым ба, әлде қорықтым ба, өзіме бөлек құйып алуды да білмеген екенмін. Жұрттың соңынан сілем қатып, төсегіме келіп құлаймын. Ерте тұрып, күнделікті тіршілігіме қайта кірісемін. Кейде шаршап, тірліктен жалыққаннан дүкен аралап, абысын-ажын, көрші-қолаңмен араласып, сырласып, әңгімелескім келеді. Бірақ еш шыға алмаймын. Атам басқан ізімді аңдиды, одан қатты қорқамын. Төркінімді сағынғаннан көзіме ерік беріп, жылағаннан басқа амалым жоқ еді.

Бірде мынадай оқиға болды. Қыс айы болатын. Үйге от жақтым да, шелек толы көмірді пештің көзіне аударып сала салдым. Бір көмір домалап жерге түсті. Сол-ақ екен атам жатқан жерінен атып тұрып, бас салып мені жығып, басқа, көзге төмпештеп ұра бастады. Аузына келген боғауыз сөздерді айтып жатыр, ұрып жатыр: «Неге көмірді дұрыстап салмайсың, неге төгіп-шашасың?», дейді. Күйеуім соны көріп отырып араша түсуге, ажыратуға жарамады, міз бақпастан отыра берді. Ең болмаса қосылған қосағыңның қиналғанда жаныңды түсінгенін қалайды екенсің! Ондай қор болған өмірді ешкімнің басына бермесін деп тілеймін.

Ол да сол әкесінің тәрбиесін көріп өскен, оның ұғымында әйел адамды ұрып-соғып тұру керек деген түсінік қалыптасқан. Әйел жанының нәзік екенін түсінбейді.

Осылайша менің сұрықсыз өмірім өтіп жатты. Күйеуіме: «Маған жаның ашымаса, мені әйелім деп қабылдамасаң, болашақ балаларымның анасы, ұрпағымды көбейтуші, жан жарым, құдай қосқан қосағым демейтін болсаң, онда несіне маған үйлендің? Ұнатпасаң, неге мені төркініме апарып тастамайсың?» десем, «Ұнатам ғой, көкем (әкесін солай айтатын) қашанғы ашуланар дейсің, сәл шыдасаң інім үйленсе бөлек кетеміз», – деп мені жұбатқандай болады.

Қайным да үйленді, бірақ беташардан соң ол бөлек отау болып шығып кетті. Қайын сіңлі, қайын інілерім бірінен соң бірі үйленіп, тұрмыс құрып кетіп жатты. Ал, біз сол үйде қала бердік. Атама енді күйеуім қосылды. Ол да әкесінің көзінше қоқиланып, маған тап беретінді, боқтайтынды шығарды. Ылғи ұрыс-керіс, айғай-шу, ұрып соғу бұл отбасының үйреншікті әдетіне айналғалы қашан. Әкелі-балалы екеуінен таяқ жей жүріп, көтерген балам да түсіп қалды. Одан біраз жыл бала көтере алмадым. Ақырында төркініме қашып барып, сол жақта тәуіптерге, дәрігерге қаралып, әрең бала көтердім.

Атамыз қайтыс болды. Ішім білініп, нәресте көзге көрініп қалғанда күйеуімнен қатты таяқ жеп, қан қысымым көтеріліп, есімнен танып құлаппын. Содан аурухана төсегінде ес-түссіз бір апта жатыппын. Көзімді ашқанда қасымда жылап отырған анамды көрдім. Үйге келдім. Қабылдаған екпе мен дәрілердің әсерінен бе, білмеймін, іштегі баланы жеті айлығында босандым. Бала шала туғандықтан екі ай вакуумда жатып, содан кейін ғана үйге оралдым. Бұл бала бәрібір үйге қуаныш әкелмеді. Құшақ жая қарсы алған ешкім болмады. Тұңғыш бала болғандықтан бала күтуді де білмедім, енем де қарайласпады. Соның салдарынан баланың еңбегін қайызғақ басып, ақырында шіріп қайтыс болды. Сөйтіп, баламнан да айрылдым.

Уақыт зымырап өтіп жатты. Сұрықсыз күндердің бірінде енем бізді бөлек шығарды. Батпаққа түсіп кірпіш құйып, цемент шылап фундамент құйып, екеуміз екі бөлмелі шағын времянка салып, сонда тұрып жаттық. Бөлек шыққанда да қатты қиналдық. Күйеуімнің табысы ештеңеге жетпейді. Бірде аш, бірде тоқ, бірде бар, бірде жоқ болып өмір сүрдік. Екі ұл, бір қызды болдық. Шүкір, бәрі есейді, өсті, өз алдарына бір-бір отау иесі болды. Үлкен үй салдық. Бірақ екі бала да жұмыс бабымен екі жаққа кетті, қыз тұрмыста. Бақырауық шалымыз екеуіміз ғана қалдық. Ауру қалса да, әдет қалмайды деген емес пе, қартайса да қу мінезі қалмады. Мені боқтап, қолына түскен нәрсемен ұрып жіберуін қоймады. Қолыма ақша ұстатпайды. Зейнетақымның қанша екенін де білмеймін. Өзі алады, үйге керек заттарды да өзі әкеледі. (атамыз марқұм да сондай болатын). Бұл күнде денсаулығым жоқ, аурумын. Басым жиі-жиі ауырып, жатып қала беремін. Ауырмайтын жерім жоқ. Анда-санда ауруханаға жатып шыққанмен бәрібір емі жоқ. Үйге келген соң, қайта ауырамын. «Ауырдым» деп те жата алмайсың, себебі бітпейтін үй шаруасы мойнымда. Қартайған шағымда да Алла маған тыныштық пен сыйластықты, жақсы өмірді қимады-ау деп назаланамын. Бала мен келін қолына көшіріп алғысы келеді, шал құрғыр бармайды. Қартайдық, енді бір-бірімізді сыйлап, сүрінсек демеп «сіз, біз десіп» отырсақ болады ғой. Ондай әдет жоқ, керісінше бір шәйнек шайды тыныштықпен ішкізбейді. Әбден шаршадым, жүйкем тозды. Қызымды шақырдым да, жолкіре ақша алып, шалыма айтпастан ол жоқта шығып кеттім. Енді міне, Ақтауға ұлыма келе жатырмын. «Өлсем, баламның қолында өлейін деп», – дегенде кейуананың көзі жасқа толып, үнсіз қалды…

Апайдың өмірінде болған мұндай отбасылық трагедия қазіргі қоғамда да орын алуда. Әйелдің әлсіздігін пайдаланып, жарын үнемі соққыға жығатын, бар жауапкершілікті әйел мойнына артып қойған еркектер де жоқ емес. Соңғы кезде тіпті, күйеуінің қолынан қаза тауып жатқан әйелдер қаншама?!

Қазақ халқы «Барған жеріңде тастай батып, судай сің» немесе «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деп қызына бәріне көнуді, ата-ана атына кір келтірмеуді, өнегелі келін болуын тапсырған, қадағалап отырған. Қызы барған жерінде ұялмасын, төменшіктеп жүрмесін деп, шамалары жеткенше тойын жасап, жасауын беріп жатады. Алайда, келін ретінде аттаған босағасында қара көз қыздарымыздың барлығы бірдей бақытты ғұмыр кешіп жатыр ма? Жанұядағы жанжалдың салдарынан әкеге деген жеккөрушілік сезімі жүрегін жаралаған талай бала тірі жетім атанып жүр емес пе? Ер азамат – отбасы үшін жауапты адам. Үйдегі тәрбие ер адамның өзінен басталады. Қазіргі жастардың қатыгез болып қалыптасуына отбасындағы жанжал мен зорлық-зомбылық ең бірінші әсер етеді дейді мамандар. Өйткені қыз бала анасының, ұл бала әкесінің өмірін қайталайды деген тұжырым бекер жасалмаған.

Отбасындағы жанжалды сол үйдің ішкі мәселесі деп қарамау керек. Сол зорлық-зомбылық салдарынан адам құрбан болған кезде ғана талқылай бастамау керек, ол әркез қоғам назарында болса ғана бұл кесапаттан арыламыз.

 

Баршагүл БАЯЛИЕВА,

ардагер ұстаз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support