- Advertisement -

Ауылшаруашылық саласының ахуалымен танысты

19

- Advertisement -

Облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров аймақтағы көктемгі дала жұмысының барысымен танысу үшін бірқатар ауданға барды. Министр әуелі өңірдегі бірнеше кәсіпорынды аралап, шаруалардың тұрмыс- тіршілігімен танысып, талап-тілектерін тыңдады.

Министр Жуалы ауданындағы жетекші кәсіпорын – «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен жан-жақты танысты. Серіктестік директоры Свамбай Ариновтың айтуынша, компания «Бурненский ірімшік зауытының» негізінде 2014 жылы құрылған.

Кәсіпорын негізі қатты ірімшіктердің бірнеше түрін, сары май, қоюландырылған және ультрапастерленген сүт, сондай-ақ, 2022 жылдан бастап айран, май және кұрт сияқты қышқыл өнімдерді шығарумен айналысады. Технологтардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде өндіріс орнының ассортименті макаронға, рисоттоға, омлетке қосатын, алдын ала үккіштен өткізетін қатты «Пармезан» ірімшіктерімен толықтырылыпты. Ал, зауыттың ірімшігі Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар, қазіргі уақытта өнімді Ауғанстан мен Түркияға жеткізу мүмкіндіктері туралы келіссөздер жүргізілуде.

Серіктестік басшысы Свамбай Аринов жарқын жетістіктерімен қатар, жұмысқа кедергісін келтіріп тұрған өзекті мәселелерді де бүкпесіз айтты. Мәселен, көршілес жатқан қырғыз елінің кәсіпкерлері кәсіпорын ірімшіктерін өз өнімдері ретінде дүкендерге өткізіп жүрген көрінеді. Сонымен қатар, Свамбай Аринов сүт өңдеуге субсидия бөлінбейтінін жеткізді. Осы ретте сүт өнімін қайта өңдеуге қаражат қарастырылса деген тілегін жеткізді.

Мұнан соң министр Жамбыл ауданының Көлқайнар ауылында орналасқан «Asa Damu» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Үсен Құрманбеков басшылық ететін кәсіпорын құс және жұмыртқа шаруашылығымен айналысады. Қазігі уақытта фабрика толық өндірістік қуатына шыққан. Өткен жылы мұнда 74,9 миллион тауық жұмыртқасы өндіріліпті. Құс фабрикасы испандық «Zucami» компаниясының жабдықтарымен жабдықталған. Бұл өндіріс процесін толығымен автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, голландиялық «Moba» фирмасының жұмыртқаны автоматты сұрыптау қондырғысын пайдаланады. Құс фабрикасында 50 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы – 120 мың теңге.

Сондай-ақ, министр Айдарбек Сейпілұлы Байзақ ауданындағы «Grand food premium» көкөніс сақтау қоймасының жұмысымен танысты. Жобалық құны 500 миллион теңгені құрайтын жеміс пен көкөністі өңдеу және консервілеу цехының тірлігі тындырымды. Қоймада қазіргі уақытта тек пияз өнімдері сақталған. Цех директоры Жасим Аббосовтың сөзінше, пияз облыс аумағына және өзге өңірлерге тасымалданады. Грузия еліне шығуға мүмкіндік болса да шетелге көлік кіргізу мәселесі шешілмеген екен. Директор осы жағдайды назарға алуын айтып, өтінішін жеткізді.

Іссапар барысында министр «Жалғызтөбе» ауыл шаруашылығы кооперативінің тыныс-тіршілігімен танысты. Осыдан екі жыл бұрын егін шаруашылығы бағытында құрылған кооперативке 137 адам бірігіп, жемісті еңбек етуде. Екі мың гектардан астам жерді игеріп отырған шаруалар 12 ауылшаруашылық техникасын тиімді пайдаланып отыр екен. Десе де, кооператив төрағасы Ерлан Каримбаевтың негізінен қызылша егуге қажетті техникалардың ескіргенін жеткізіп, жаңа комбайндар алу үшін субсидия мүмкіндіктерін пайдалануда кедергілер бар екенін айтты. Шаруалар жаңа комбайндар мен техникалар ауадай қажет екенін айтып, аталған мәселені шешуге көмек болса деген базыналарын жеткізді.

Өз кезегінде Айдарбек Сейпілұлы шаруалар өтініші жерде қалмайтынын айтты.

Сонымен қатар, А.Сапаров «Ауыл аманаты» жобасы аясында мал шаруашылығымен айналысатын «Біржанов» жеке кәсіпкерлігіне, «Алель Агро» акционерлік қоғамының жем-шөп өндіру зауытына барды.

Іссапар соңында министр «XinJiang WanTong Guan Ye LTD» жобасы арқылы тамшылатып суару жүйелеріне арналған жабдықтармен танысты.

 

Жуалы, Жамбыл және Байзақ аудандары

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support