- Advertisement -

Қысқы демалысқа қауіпсіздік қажет

44

- Advertisement -

Қыстың қызығы – қар мен сырғанақта. Қар жауса, аяз қанша қысса да бала біткен үйде отыра алмайды. Тіпті, бала түгілі үлкендер де айналаны ақ көрпеге ораған табиғатта таза ауаны құшырлана жұтып, сырғанақ тебуге құмар. Бірақ, тарихи көне шаһар Тараз қаласында әлі күнге дейін қысқы туризм дамымаған. Соның салдарынан мұндағы жұрт өздері қалаған жерден сырғанақ жасап алып, қысқы демалыста сонда ағылады. Біз де тараздықтар барып жүрген «Тектұрмас» этнотарихи кешеніндегі сырғанаққа барып көрдік. Бір барғанның өзінде бірнеше қорқынышты жайтқа тап болдық.

Ол жердегі сырғанаққа, әсіресе сенбі, жексенбі күні баратындардың қарасы қалың. Себебі де түсінікті. Жұмыс пен мектептегі сабақтан босаған күні тұрғындар демалысын қызықты өткізгісі келеді. Біз барған күн де жексенбі болатын. Қалың бейіттердің дәл қасынан басталған сырғанақ төбешіктің бергі бұрышына дейін созылған. Төбе басында келушілерге сырғанауға арналған баллонды жалға берушілер де көп екен. Жоғарыдан баллонмен төмен қарай құлдилағанда қатты сырғанағаны соншалықты, көкте ұшқандай әсер береді. Әрине, өте қызық. Бірақ, өте қауіпті де. Төменге сырғанап түскендер баллонын сүйретіп жоғары көтеріліп келе жатқанда қатты екпінмен келе жатқандар соғып кетсе, екеуі де қиын жағдайға ұшырайды. Сырғанайтын жолдың кей тұстары ойпатты болғандықтан, баллон үстіндегі адамымен қоса жоғары көтеріліп, жерге қайта түскенде кейде домалата аунатып жібереді. Біз барған күні екі жас шамасындағы баласымен төменге түскен келіншек әлденеге айналып жоғарғы жаққа кері қарап тұрған. Артынан асқан жылдамдықпен ер кісі екі баласымен сырғанап келді де әлгілерге соғылды. Абырой болғанда кішкентай баланы ер кісі бір қолымен құшақтаған күйі құлатпай баллон тоқтағанша жеткізіп үлгерді. Әйтпегенде, не болары белгісіз еді.

Біраздан соң орта жастағы әйел сырғанап бара жатып ойлы жерде баллонымен қоса аударылып, төменге төңкеріле жетті. Біразға дейін әйел есін жия алмай қос қолымен басын ұстап отырып қалды.

Бірге барған кісіден алдыңғы күні жұмыстан соң әріптестерімен келгенінде бір қыз әлгіндей ойпаң жерде жоғары көтерілгенде айғайлаған аузы ашылып, қайта жерге қонғанда екпінмен күрт жабылған астыңғы-үстіңгі жақтары соғылып, тісіне зақым келгенін естідік. Тағы бір кісі сондай ойпатты тұста баллон секіргенде омыртқасына салмақ түсіп, белін ауыртып алғанын айтты. Айта берсе, мұндай жағдайлар жетерлік. Себебі, онда ешқандай тәртіп қойылмаған, сырғанау жолағы мен кері қайтушының жолы бөлек белгіленбеген. Сырғанау жолдары тегіс емес.

Жедел жәрдем станциясына дәл осы «Тектұрмастағы» сырғанаққа 18 қаңтар күні 2 шақырту түсіпті. 22 және 26 жастағы кісілердің бірі оң жақ қабырғасын сындырып алса, екіншісінде оң жақтағы жіліншіктің төменгі үштен бір бөлігінде жабық сынуы орын алған. Бұл тек медициналық жедел жәрдем шақырғандықтан сонда тіркелгені. Ал, ешқандай жедел медициналық жәрдем шақырмай, өз көлігімен ауруханаға жеткізіліп жатқандар немесе сынықшы, емшіден ем алғандар, өз бетінше үйінде емделіп жүргендер қаншама екені белгісіз.

Жалға баллон беретіндер бастапқыда бағаны жарты сағатқа 500 теңге деп бағалап, кейін келушілердің көптігіне қарай 1000 теңгеге көтерген. Ал, 30 минутта екі-ақ рет, тіпті уақытты тиімді пайдалану үшін жылдам қимылдағанның өзінде үш-ақ рет сырғанап үлгересіз. Аз ғана уақытқа мың теңге деп баллон бағасын лезде қымбаттатқан жалға берушілер әлгіндей қауіпті жағдайларда ешқандай жауапкершілікті мойнына алмайды. Тәртіптің жоқтығы осы жерде де байқалады. Ақыры санаулы минутқа жоғары ақы алған соң ең болмаса сырғанау мен жаяу көтерілу жолдарын белгілеп, ескерту тақта қойса жарасар еді.

Осындай қалың нөпірдің ішінде кішкентай үш баласымен жүрген келіншектен «Балалармен мынандай жерде сырғанауға қорықпайсыз ба?» дегенімізге:

– Қайтеміз енді, қауіпті болса да балаларды қыдырту үшін келдік. Көпқабатты үйдің ауласында балаларды шанамен ойнататын орын жоқ. Жақын маңда да қауіпсіздік шаралары сақталған, арнайы қысқы демалыс орны болса екен, қуана-қуана сонда барар едік. Баланы демалыста үйде ұстап отыра алмайсың, әрнеге қызығады. Балаларға арналған жабық ойын орталықтары, дәмхана, театр дегендеріңіз мынандай әдемі аппақ қарлы уақытта қызық емес. Өзіміз де бала күнімізде ауыл сыртындағы алаңқайда бір-бірімізді шанамен сүйреп, ойнайтынбыз, – дейді есімін Майра деп таныстырған келіншек.

Дәл осы «Тектұрмастағы» сырғанақта болған жағдайларды әлеуметтік желіден көріп, жергілікті тәртіп сақшылары сонда барып, сырғанап жүргендерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Облыстық ішкі істер департаментіне хабарласқанымызда, ондай жерлерге рұқсат беру немесе бермеуге заң бойынша құқықтары жоғын, дегенмен ондағы сырғанаушыларға қауіпсіздікті ескертіп жүргендерін, ол жерден қауіптілікке байланысты ешқандай арыз-шағым түспегенін айтты. Ал, әлеуметтік желіде қорымның қасында сырғанаған кей кісілер шеткі бейіттерге зақым келтіргені байқалады. Осыған байланысты ішкі істер қызметі «Вандализм» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағандарын жеткізді. Жергілікті атқарушы органдар арқылы көрсетілген жерде сырғанауға арналған бұйымдарды саудалауға тыйым салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын да хабарлады.

Біздің айтпағымыз – тұрғылықты жұртшылық қатер барын білсе де сол жерге қыдырысқа баруы қысқы туризмге деген сұранысты байқатады. Жалпы, облыс аумағында қысқы демалыс орындарының жоқтығынан балалар бастап, үлкендер қоштап, осындай тәртіп сақталмаған сырғанау орындары шығып жатыр. Ең болмаса сондай орындарға қауіптің алдын алар іс-шаралар қолданылып, тәртіп ережелері сақталса екен дейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support