- Advertisement -

Ақындар мектебінің ұстазы

46

- Advertisement -

Айтмұханбет Исақов дегенде көпшілік «Мұхамеджан мен Айнұрдың ұстазы», деп танып жатады. Сырт көзге жай бір қарапайым адам. Ал, оның айтысы мен шығармашылығы туралы жазылмаған, зерттелмеген, ашылмаған қаншама қазына барын кім білсін?! Қопарып, талдаған ешкім жоқ. Әлі де зерделеніп, жазыла жатар…

Бүгінгі әңгіме, биыл алпыс жасқа толғалы отырған, қайталанбас бітім-болмысы мен адами қалпы тұтастай адалдық пен шынайылықтан тұратын талант иесі – республикаға танымал айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақов туралы болмақ.

Ақын деген жаратылыстың бойында қаншама қасиет пен өнер қатар жүретінін біреу білсе, біреу білмес. Ақынның ақындығы бір төбе! Тал бойын жамандық атаулыдан биік ұстайтын бекзат болмысы бір төбе. Адамгершілігі мен мейірімділігі, ұқыптылығы мен қанағатшылдығы, үлкенге құрметі мен кішіге деген ізет-ілтипаты, шәкірттеріне деген жанашырлығы, қамқорлығы, олардың өнерін бағалап қана қоймай, қисығын түзеп, ақылын айтып, дұрыс жолға салуы – көргенді, текті адамның ісі. Айтмұханбет Исақовтың ағамыздың адами қасиеттерін тізіп айта берсеңіз толып жатыр. Оның өсірген гүлдері мен бау-бақшасын күтіп-баптауын былай қойғанда, балықшылығы мен аңшылық-мергендігін айтсаңызшы!

Бүкіл өмірін айтысқа, өлеңге арнаған Айтмұханбетке Алла ақынға тән бірбеткей мінез де берген. Алты жасынан нағашысының домбырасына үйір болып, «жыр айтам» деп айтқанынан қайтпайтын өжет баланың бетінен қақпай, нағашысы сол домбыраны сыйға тартқан екен. Осыдан бастап текті өнердің қадірін ұғынған кішкентай ақын баланың өнерге деген талпынысы күшейе береді. «Үлкен сахналардан көрініп, болашақта үлкен айтыскер ақын болсам», деген асыл арманы оны алға жетеледі. Ел алдында арнау айтып, ауыл-аймақтардағы айтыстарға қатысып, ел марапатына бөленіп жатты. Алайда, әр пенде Алланың маңдайына жазғанымен жүреді емес пе? Тағдыр соқпағымен бір үйдің жалғыз баласы болғандықтан, жас ақын сол арманын өз ауылында жалғауына тура келеді. Өз бетінше халық ауыз әдебиетінің жауһарларын еркін меңгеріп, бала күнінен ұлттың қайнар бастауын Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Үмбетәлі, Кенен бабаларымыздың бейнелі жырларынан алып, жатқа соққан ақынға бабалар салған соқпақ тура жолға түсу қиын болмады. Ол өз бетінше ізденді. Әр дәуірде өмір сүрген ұлылармен рухтас, мұңдас, сырлас, үндес болды. Кейде Жамбылдың мақамымен жырласа, кейде Кенен атаға ұқсап кетеді. Дауысы мен бет-бейнесіне қарап жұрт, «Аяз Бетбаевсың ба?», – дейтін кездері де болыпты. Өнердегі ескіліктің көзін көрген сонау заманның адамдары бір-біріне ұқсас келетін шығар. Сырт бейнесі боямасыз-ақ Шәкен Аймановтың тап өзі іспеттес. Сөйлесе кетсеңіз, сонау ғасырдың үнін тыңдап, қазыналы тылсым дүниеге тап боласыз.

Ол әдеби нормалар мен теорияларды университет қабырғасында арнайы оқып, буын саны мен бунақтардың орналасуын мұғалім алдында лекция қылып жазған емес. Өлең жазуда ұйқастардың буыны артық кетіп, бунағы кем түсіп, ой қайталап, сөз қайталап жатпайды. Шумақтары шымыр, әрбір өлеңі үшін Алла алдында өзін жауапты сезінеді. Өлеңге қатал қараса, өмірге де солай қарайды. Өлең жазу – ол үлкен жауапкершілік. Шабытқа еріп, сөз құрай салмайды. Айтыста да солай. Ақтарылып келген өлеңі тасқа басылған бұрынғының жыр-дастанындай мінсіз төгіліп түсе қалады.

Айтыспен қарымтасын қайтарып, есесін алды. Айтқандары айтыста ғана айтылып қалады. Заман ағымы сондай болған шығар бәлкім? Ақынның айтысын ешкім еш жерге жазып, жариялаған жоқ. Ақын жаны өз айтқанын жариялап, жарнамалап, жалаулатқанды қаламады. Айтыс пен жазба өлеңді қатар өрсе де «үнемі ат үстінде» жүретін ақынның жас кезіндегі жазғандары қалың жыр дәптерде қала берді. Ауыл-аймақтарда жырлары ән болып шырқалып жатты. Ақын поэзиясының қуаттылығы мен бейнелілігі осында болса керек. Бірбеткей, адал мінезінен достар да тапты, шәкірттерді де өзіне тартты. Талайын сол жолда жоғалтып та жатты. Талайын қайта қауыштырды. Айт ағаның маңайына тіпті, қазірге дейін жастар өте үйір. Әр сөзінен сабақ алуға тырысады, әр ісіне қызығады. Әрі сыншысы, ұстазы. Аудандық мәдениет үйі мен өзі туған ауылының арасын жол қылып жүрген ақын ұстазды алыстан сағынып іздеп келетін өнерпаздар аз емес. Шәкірттері – Ахметжан, Айжан, Ақбота, Ғани мен Маралбек, Досжандар, Нұрлыбек пен Елбек, Аят, Шапағаттар бірінен кейін бірі келіп, үй ішін қуанышқа бөлейді. Бәрі қона жастанып, алып бәйтеректің саясын паналайды. Айт ағамыз жүрген сонау бір жылдарға ой жіберіп, түннің бір уағына дейін шабыттана қызықты әңгімесін айтады. Арасында жыр жазылып, өлең оқылып жатады. Жаңадан өсіп келе жатқан ақындардың қаламын түзеп, жөнін айтады. Шәкірттерін бір-бірімен айтыстырып, үйдің ішін қызыққа толтырады. Содан өзі де, шәкірттері де рухани шабыт алады. Арқаларынан қағып, үлкен өнерге қанаттарын еркін самғатып жатады. Өзі аулаған қырғауылы мен балығынан дәм татқан шәкірттері арқа-жарқа болып тарқасатыны бар. Ол өз жолын шәкірттеріне берді. Себебі, атақ пен мансап оны қызықтырмайтын. Дүбірлі додаларда шәкірті Мұхамеджанға талай ат мінгізіп, Айнұрға талай көлік сыйлағанын жария қылған жоқ. Керісінше, шәкірттерімен мақтанды. Шәкірттерінің арманын алға жетеледі. Соларды алға салып, сол бақытты ғана қанағат тұтты. Шәкірт бағын аялады. Маралбек Бабақұловқа терме үйретіп, Ақбота Ержанова, Ғани Мәтебаевтарды шапанына орап, талай жыр кештеріне қосып, арқасынан қақты. «Одан бері Шапағат Сәбитқызы, Аят Бәтей, Елбек Нұрмағанбетов сынды шәкірттерді тәрбиелеумен қатар, осы күнге дейін тәрбиелеген шәкірттерім жүзден асып қалды», – дейді ақын Айтмұханбет Исақов.

Ол бекерден-бекер «Ақындар мектебінің ұстазы» атанып жүрген жоқ. Сөз зергерінің шеберханасынан шыққан осындай небір ақын балалар, қазіргі күні сом-сом алтын болып келер ғасырға қаланып жатқан бір-бір алтын кірпіш іспеттес. Бұл мекен ақындар үшін үлкен мектеп болып қалыптасқан киелі мекен.

Ақын салған дара жол өз алдына бір мектеп, кезінде Сүйінбай мен Жамбыл жүріп өткен үлкен дара жол болып қалыптасты. Кезінде Аяз Бетпаев, Шырын Мамасерікова, Шорабек Айдаров, Серік Қалиев, Әзімбек Жанқұлиевтармен қатар жүріп, бір табақтан ас ішіп, әзіл-қалжыңдары жарасып, Алтынкүл Қасымбекова, Күміскүл Сәрсенбаева, Елена Әбдіхалықова, Ақмарал Леубаевалармен талай айтысқан. Марқұм Әселхан Қалыбекова мен Қаныбек Сарыбаев өнерін жоғары бағалаған.

Айтмұханбет Исақов бүкіл өмірін өнерге арнаған адам. Әлі күнге дейін жүлделі орындардан көрініп, талай айтыстарда қазы болып жүр. «Әсіресе, Алтынкүлмен көп айтыстым», – дейді. Ол да қайтпайтын, бұл да қайтпайтын. Айтыстың ең қызығы сол емес пе?!

Қалай десек те, айтыс өнерінің тарихында сонау Қарасудың бойында өмірге келіп, аядай Ащыбұлақтан қиырға өлең ұшырған Айтмұханбет Исақовтай біртуар ақынның болғаны даусыз! Өзі өмір сүрген уақыттың ұршығын өлең кеңістігінде еркін иірген мұндай ақын некен-саяқ-ау!

Алда алпыс жас мерейтойы келе жатыр. Ақынның мерейтойы ауыл, аудан, облыс көлемінде атап өтіледі. Алланың берген өнерінің арқасында алпыс жасқа дейін айтысып, бар ғұмырын осы өнерге арнаған ақын әрдайым елімен бірге!

 

Әсел НАЗАРАЛЫ,

ақын.

Жамбыл ауданы

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support