- Advertisement -

Шарасыз шақта бағаны шарықтатқандар тоңған жұртты тонап жатыр

36

- Advertisement -

Соңғы екі күнде қыс қаһарына мініп, қабақ ашпай, қарт шаһар тұрғындарын әбден әбігерге салды. Облыс орталығына таяу елді мекендер ақ қар, көк мұзда көгілдір отынсыз қалса, қаланың қақ ортасындағы тұрғындар қоғамдық көліктерді аялдамада Аяз атаны күткендей тоңа тосты. Әбүйір болғанда, мектеп оқушылары қысылтаяңда қашықтан оқуға көшті. Дегенмен, көне шаһардағы күнделікті күйбең тіршілік күрделене түсті. Дәл осынау сақырлаған аяздың сын сағатында қарыс жер үшін әкесінің құнын сұрайтын такси жүргізушілері жығылғанға жұдырық болғаны тұрғындардың жанына батқаны жасырын емес.

Тараз қаласы – аумағы жағынан да, халқының санынан да өзге облыс орталықтарынан асып түспейтіні анық. Анау айтқандай Астана, Алматы, Шымкент секілді құжынаған көліктер де, қаптаған халық та жоқ. Тұрғындары төрт жүз мыңнан енді аса бастаған қала үшін мұндай маусымдық мәселелер бас ауыртпайтындай көрінуі мүмкін. Бірақ, бүгінде басты мәселенің бірі осы. Өйткені, тараздықтар осындай қиын-қыстау кезеңде бағаны бейберекет шарықтатып жіберетін такси жүргізушілеріне наразы.

– Күн суытса болды, такси жүргізушілері бағаны сұмдық көтеріп жібереді. Жай күндері 500 теңгеге баратын жерге жету құны мейлі қыста 700-800 теңгеге қымбаттаса түсінер едім, бірден 1500-1700 теңгеге қымбаттап кетуі санаға сыймайды. Бұрындары inDriver жақсы еді, онда өзіңнің шамаңа қарай бағаны қоя аласың. Қазір ол қосымшада такси жоқ, бәсекелестікке шыдамаған секілді. Елдің барлығы өзіміз секілді Яндекс такси қызметін пайдаланатыны жасырын емес. Ал, мынандай жағдайда Яндекс такси ұсынған бағалар барып тұрған бассыздық емей не? Өзімнің бес балам бар. Барлығы да балабақша, мектепке барады. Қыстың көзі қырауда қоғамдық көліктер де уақтылы келмейді. Жарты сағат дегенде әзер жеткен қоғамдық көліктер талай мәрте аялдамадағы балаларға тоқтамай кеткенін өз көзіммен көрдім. Кешкісін адам толы автобустар балаларға тоқтамайды да. Амал жоқ, такси қызметіне жүгінуге тура келеді. Бірақ, оңып тұрған олар да жоқ. Соңғы екі күн қалада қатты аяз болды. Кешелі бері балаларымды мектепке, одан кейін қосымшаларына жіберу үшін такси қызметіне жүгіндім. Екі күнде жиырма мың теңгем тек таксиге кетті.

Осыдан байып кетеміз дейді ме, әйтеуір күн күрт суыса такси бағасынан адам шошиды. Елімізде бәріміз заңға бағынамыз. Санаулы күнде отыз жылдан асып кеткен тәуелсіздігіміздің мерекесін тойлаймыз. Сонда тәуелсіз еліміздің заңы бойынша шетелдің осындай такси сервистеріне әлі күнге бір бақылау болмағаны ма?! Халықты мәжбүрлі түрде қанап, тонап жатқан такси қызметтері қашан бақылауға алынады? Бағаның бейберекет шарықтауы заңды ма? – дейді көпбалалы ана Гүлнұр Айдарбекова.

Екі күндік аязда екі аялдаманың арасына екі мың теңгеден кем сұрамайтын такси жүргізушілері тараздықтардың титығына бірінші рет тиіп отырған жоқ. Ең қызығы, жауын жауса аймақта шаруалардан бұрын такси жүргізушілері қуанатыны еріксіз таңдай қақтырады.

– Өзім Алматыдан көшіп келгеніме алты жыл болды. Әрине, Алматы алып шаһар, ол жақта жолақы қымбаттаса, түсінуге болады. Соған қарамастан, қол көтерсең көшедегі кез келген көлік иесі жолай алып кетеді. Тараз одан әлдеқайда шағын бола тұра, такси бағасының қымбаттап кетуі күлетін әрі қиналған жұртты шынымен жылататын жағдай. Жай күндері жаяу шарлап өтетін шаһардың ішінде бір қаладан екінші қалаға жететіндей баға сұрауы дұрыс емес. Әйтпегенде немерелерім баратын мектеп үйден бір аялдамадай-ақ жерде орналасқан. Арнайы техникалар орталық көшелерді тазалап, шағынаудандарға әлі жете алмай жатқандықтан, мұндағы жаяу жүргіншілер жолағы да көрінбейді. Сондықтан, балаларға алаңдап, такси шақырдық. Бір аялдамадағы мектепке тал түсте 900-1000 теңге сұраса, қайтар кезде 1200 теңге деп тұр. Ал, Талас шағынауданынан қаланың орталығына 1500 теңге сұрайды. Бұл қайдан шыққан баға? Бұларға бақылау керек. Көшедегі көліктердің барлығы жол жүру ережесіне, заңға бағынғандай, таксилердің бағасына да қадағалау қажет. Әйтпесе бұлай болмайды, – дейді Тараз тұрғыны Нұртас Қалдыбек.

Ал, бұл мәселеге такси жүргізушілері тұтынушылардың көбеюі мен ондағы тасымал қызметімен айналысатын көлік иелерінің азаюы себеп деп отыр.

– Жасыратыны жоқ, бағаны біз қоймаймыз. Өзім бұл қызметпен кәсіби тұрғыда айналыспаймын. Демалыс күндері хоббиге айналдырғаным болмаса, тұрақты жұмысым бар. Оның үстіне, былайғы уақытта барған жеріңді бағалар ақтамай жатады. Қаланың бір шетінен орталық алаңға дейін 300 теңгеге жеткізіп тастаған кездерім де болды. Ал, күн суыса сервистің өзі автоматты түрде бағаны көтеріп тастайды. Баға көтерген сайын өзіндік пайызын ұстап қалып отырады. Соның өзінде таңнан кешке дейін 20-25 мың теңге табуға болады. Ал, осы іспен тұрақты айналысатындар екі есе, тіпті одан да көп ақша табады. Оған қоса аязды күндері бағаның көтерілуіне тұтынушылардың көбеюі де себеп болады. Адам көбейіп, сұраныс артатын болса баға да көтеріледі. Күн суыса көптеген көлік те оталмай қалады. Салдарынан сервистегі такси жүргізушілер азаяды. Ол да өз кезегінде бағаның өсуіне себеп. Бұдан бөлек, қазіргі таңда жанармай бағасы да шарықтап тұр. Газ да қымбаттамаса арзандамайтыны анық. Ал, аязды күндері көлікті жылытуға көп жанармай шығындалады. Осы мәселелердің барлығы айналып келгенде бағаның көтерілуіне себеп, – дейді Яндекс такси қызметінің жүргізушісі Жансерік Сметов.

Яндекс такси қызметінің сарапшылары биыл желтоқсан айында сервис қолданушылары арасында сұраныс шарықтау шегіне жеткенін растап отыр. Орта есеппен алғанда Алматыда сервис таксилерінің құны – 14, Астана қаласы мен Ақмола облысында – 11, ал Жамбыл өңірінде 9 пайызға көтерілген. Қосымшаның ресми сарапшылары бағаның өскенін елдегі инфляциялық жағдайлармен тікелей байланыстырып отыр. Жоғарыда аталған жанармай құны мен көлік жабдықтарының қымбаттауы да қызмет бағасының шарықтауына себеп болып отыр екен. Соған қарамастан, елдегі аталмыш шетелдік тасымал жүйесіне бір жыл ішінде сұраныс 40 пайызға артқан. Оған қоса, кейбір қалаларда үнемделген тарифтегі сапарларға қарағанда қымбатырақ, тіпті жоғары деңгейдегі жайлылық тарифтері іске қосылған. Сәйкесінше, осы жаңа қызмет түрлері орташа бағаның қымбаттауына өз үлестерін қосқан.

Жалпы, отандық сарапшылар елімізде Яндекс такси қосымшасы арқылы 500 мыңға жуық адам такси қызметімен айналысатынын, болжаммен аталған сервис Қазақстан бойынша тәулігіне 4 миллиард теңгедей табыс табатынын айтуда. Ал, айына кемінде 70, орташа 120 миллиард теңге пайдаға кенелетін сервиске салықты да қамбаттату керектігін, бірақ оның өзі мәселені түбегейлі шешпейтінін, ол үшін отандық сервис стартаптарын барынша қолдауға басымдық берудің маңыздылығын алға тартуда. Қалай дегенмен, өз елімізде халқымызға қызмет ететін жүйемізді ойлап тауып, іске қоспасақ, сырттан келген сервистер сары аязда басымыздан сипамайтыны айдан анық.

 

НҰРЖАН ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support