- Advertisement -

Парасатты қоғам – мемлекет дамуының кепілі

46

- Advertisement -

Тараз қаласында 9 желтоқсан – халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай, «Парасатты қоғам – мемлекет дамуының кепілі» атты форум өтті. Жиынға азаматтық қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың өкілдері, волонтерлер мен студенттер қатысты.

Форум барысында облыстық әкімдік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы атқарылған жұмыстарға тоқталып, келер жылдың бағыт-бағдары бойынша ақпарат беріп өтті. Ал, қатысушыларға құттықтау сөзін сөйлеген облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Байболат бұл форумның маңызы туралы сөз қозғап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнімен құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хатымен қоғам белсенділерін марапаттады. Сонымен қатар, Ерлан Бейсенұлы Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысқа барлық мүдделі топтар: жастар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, инвесторлар, тәуелсіз сарапшылар, еріктілер және басқа да азаматтарды кеңінен тарту керектігі» айтылған дей келе, бұл бағытта облыс әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуда екенін жеткізді.

Форум барысында «Адалдық сағаты» аясында әзірленген «Даңқты балуан – Жақсылық Үшкемпіров» тақырыбында бейнедәріс көрсетіліп, «Өзгеден емес, өзіңнен баста» театрландырылған көрінісі қойылды. Сондай-ақ, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Қасымхан Төлендиев және «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі өңір бойынша филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова Әділетті Қазақстанды құру жолында адалдық қағидаларын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, форум қатысушыларын жемқорлыққа бірігіп қарсы тұруға және адал қоғам құру жұмысына үлес қосуға шақырды.

– Сыбайлас жемқорлық қоғам өмірінің барлық аспектілеріне теріс әсер етеді және қақтығыстар мен тұрақсыздықпен тығыз байланысты, әлеуметтік-экономикалық дамуға қауіп төндіреді, заңның үстемдігі мен демократиялық институттарға нұқсан келтіреді. Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнінде біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен бейбітшілік, қауіпсіздік, экономикалық даму мен әлеуметтік әл-ауқат арасындағы маңызды байланысты айтып ескертеміз. Мемлекет пен оның органдары, бұқаралық ақпарат құралдарының, азаматтық қоғам мен жеке сектордың, мәдениеттің, өнердің, ғылыми ортаның, жұртшылық пен жастардың өкілдері осы зұлымдыққа қарсы күресте бірігуі керек. Форум аясында біз жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылап отырмыз. Одан бөлек, келесі жылға қойған мақсаттарымыз бар, мәдениетті қалыптастыруға, еріктілермен, қоғаммен бірге жұмыс жүргізуді баяндадық. Ары қарай да осы жұмысты кезең-кезеңімен жалғастыратын боламыз, – деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров.

Форум соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға, парасаттылық құндылықтарын нығайтуға елеулі үлес қосқан қоғам белсенділері марапатталып, белсенді жас, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының 2022-2023 жылдардағы лауреаты Азамат Намелбектің облыс жастарына үндеуімен қорытындыланды.

Айта кетсек, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні 2004 жылдан бастап, жыл сайын 9 желтоқсанда аталып өтеді. 2003 жылғы 1 қарашада Мексиканың Мерида қаласында жоғары деңгейде өткен саяси конференцияда БҰҰ Бас Ассамблеясы Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын қабылдады. Конвенция жемқорлықтың алдын алу шараларын, сондай-ақ онымен күресудегі халықаралық ынтымақтастықтың механизмін қарастырады және соған сәйкес заңнамаларды жетілдіріп отырады. Қабылданған ережелерге сәйкес, сыбайлас жемқорлық салдарынан келген ақшалар қай елден келсе, сол елге қайтарылып отырады.

 

Назерке СӘНДІБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support