- Advertisement -

Қыз-келіншектерді кім қорғайды?

37

- Advertisement -

 Дүрбелеңге толы дөңгеленген дүниенің шартарабында не болмай жатыр?! Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық етек жайған елдерді жиі айтамыз. Өкініштісі сол, соңғы он жылдықта осы қатарға өзіміз де қосылдық. Бүгінде еліміз бойынша 50-ге жуық дағдарыс орталықтары бар. 2000 жылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының саны 22 367 болса, 2023 жылы 124 298 болған. БҰҰ-ның Әйелдер қоры таратқан дерегі бойынша, жыл сайын жақын адамының қолынан 500-ге жуық қыз-келіншек көз жұмып, полицияға шырқырап көмек сұраған қыз-келіншектерден 100 мыңнан астам қоңырау түседі екен. Бұл дегеніңіз күніне кемі бір әйел ауыр жарақаттан жан тапсырады деген сөз ғой. Әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін қазақ қоғамы қайда барады өзі?

Бұл мәселе тұтас бір мемлекеттің саяси жүйесінен сытылып шығып, әлемдік дертке айналып барады. 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою туралы декларацияны қабылдаса, 2014 жылы әйелдер мен қыздарға қарсы зомбылықтың алдын алуда Ыстамбұл конвенциясы қабылданған болатын. Ал, 2015 жылы БҰҰ-ға мүше елдер 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуға байланысты күн тәртібін бекітті. Қазақстан да зорлық-зомбылықтың барлық түрімен күрес механизмдерін жолға қойды. Алайда, соңғы жылдардағы көрсеткіш көңілден шықпай тұр. Аймағымызда отбасылық-тұрмыстық қатынастарға қатысты 1670, денсаулыққа қасақана зиян келтіру бойынша 650, ұрып-соғу бойынша 694 оқиға тіркелген. Оның ішінде 813 отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылық негізінде 205 адам әкімшілік қамауға алынған.

«Бұл статистиканы екі еселеп айта берсек болады. Өйткені, бұл сандардың артында «Ұят болады» деген өзіміздің ұлтымызға ғана тән түсінік тұр. Бір айтпайды, екі айтпайды, үш айтпайды. Бұл мәселе жылдар бойы жалғасып, әбден ушығып барып жария боп жатуы мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеге бейжай қарай алмаймыз. Аудан, ауылдарда дағдарыс орталықтары жоқ. Сондықтан, жиындар, форумдар өткізіп, ел-жерді аралап бәрін жақсылап жеткізуге, түсіндіруге мәжбүрміз», дейді «Ауыл» партиясы жанынан құрылған «Мейірім құшағы» әйелдер, балалар және отбасы жөніндегі комиссияның төрайымы Қарақат Әбден. Бұл пікірге психолог мамандар да қосылады. Олардың айтуынша, қанша қорлық көрсе де, шағымдануға дәті бармай жүрген әйелдердің қарасы көп. Ашумен арыз жазып қойған әйелдердің өзінің 90 пайызы шағымдарын кері қайтарып алады екен.

Психологтар бұл мәселені ер немесе әйелдің сонау өзі өсіп-өнген отбасынан алған тәрбиесімен байланыстырады. «Тәрбие отбасынан басталады. Кейбір ата-аналар баласын аямай ұрып жатады. Келісім жоқ, керіс бар. Бұл көріністің жиі қайталануы дұрыс емес. Өйткені, ол бала есейгенде, осыны қайталайтын болады. Сонда ғана сол баланың болашақ отбасын әлсіретіп, отбасындағы бірлікке сызат түсіруіне себепкер болғанын байқамай қалады», дейді Байзақ аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының психологы Әйгерім Өсербаева.

Әйелдердің әлеуметтік ахуалы – әлем бойынша басты назарда. Өйткені, әлемдегі әрбір бесінші әйел еркек кіндіктіден жәбір көреді немесе зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Ал, бізде әйелдерді кемсітушілікке қарсы атқарылып отырған шаруалар көп болғанымен, қыз-келіншектеріміздің дені өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезіне алмай отыр. Тіпті олардың көп бөлігі әлі күнге дейін өз құқықтарын қалай қорғауды білмейді. Сарапшылардың айтуынша, күнделікті күйбең тіршілікте зорлық-зомбылық көретіндердің басым бөлігі әйелдер екен. Әйел мүддесі қорғалмай, қоғамның әлеуметтік-экономикалық немесе демографиялық ахуалының дамуы мүмкін емес.

Статистика бойынша, еліміздегі әйелдердің 15 пайызы ер адамдардың жұбайларына қол көтеруін заңдылық деп біледі екен. Ал, ауылдық жерлердегі әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегіп жүр. Бұл – «Қызы бар үйдің – берекесі бар» деп қарайтын қазақ үшін үлкен қасірет. Өйткені, ол қыз – ертеңгі ана, отбасының ұйытқысы. Ешкім қызын зорлық-зомбылықтың зардабын тартсын деп өсірмейді. Сондықтан, оны отбасындағы бүгінгі тәрбиеден бастап қолға алу керек. Әйтпесе, дәл қазір қоғамды дендеген әйел әрекетіндегі дәрменсіздік пен шектеуліктен туып отырған «қорғансыздың күнінен» әзір құтыла алмаймыз…

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support