- Advertisement -

Кәсіппен көркейген Сәуле

34

- Advertisement -

Оқушы кезінен батыл, мақсатшыл болған Сәуле Мақшанқызына ата-анасы да, ұстаздары да үмітпен қарайтын. Мойынқұм ауданы, қазіргі Қылышбай ауылында дүниеге келген Сәуле Рысбаева жастайынан зерек те зерделі болды. Кейіннен Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті бітіріп шықты.

Сәуленің кәсіпкерлікте нағыз өзін көрсеткен шағы еліміздің Тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс келді. Тіпті, егемендіктің елең-алаңында сауда-саттықпен де айналысып, ала дорба да арқалаған. Сауда-саттықпен Ресейге, Венгрияға барып жүріп, өзіне біраз ой түйген. Сырт елде адамдардың өмір сүруі, ой-мақсаттары да басқаша болады.

Шетелге шығып, саудамен айналысып көрген Сәуленің ендігі ойы – бір кәсіпорын ашу болды. Кез келген жаңа мақсат қиындықсыз жүзеге аспайды. Ол жағын жақсы түсінді. Осылайша, Сәуле Мақшанқызы еліміз өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін небәрі үш жарым айдан соң жеке «Рысбаева и Ко» компаниясын ашты. Кәсіпкерлік жолында талай қиын кезеңнен өтіп, сынақ сәттерде де табандылық танытты. Тіпті, мөр шығаратын кәсіпорын ашамын дегеніне әуелі ешкім түсінген де жоқ. Талай есіктердің табалдырығын тоздырды.

Бірақ, Сәуле ешкімнің сөзіне де, әжуасына да қараған жоқ. Мақсатты жолынан қайтпай, алға ұмтылды. Кәсіпорынға керекті мөр жасайтын құрылғыны Венгриядан сатып алып, кәдімгі жолаушылар тасымалдайтын пойызбен жеткізіпті.

Сәуле Рысбаева ақырында сол кездегі облыс әкімі Өмірбек Байгелдіге хат жазып, қабылдауына жазылады. Ол хатта: «Қадірлі Өмірбек Байгелдіұлы! Мөр жасайтын кәсіпорын аштым. Қажетті құрылғыны әкелдім. Бірақ, ресми рұқсат алу мүмкін емес. Бұлай кедергі бола беретін болса, тіпті, жақын шетелге, Қырғыз еліне кетіп, сол жақтан кәсіпорын ашуға мәжбүрмін», – деп ашық жазады. Міне, осыдан кейін барып, сең қозғалып, рұқсат берілген көрінеді. Мақсатқа жету жолы оңай емес. Оны өзін дамытпаған, жан-жақты ойлай алмайтын адамдар түсіне де алмайды.

Алайда, рұқсат алуын алғанмен, алғашқы мөрді жасап шығару қиын болды. «Ол уақыттағы қиындықтарды қазір ойлаудың өзі ауыр. Арнайы мөр дайындаудың қыр-сырын жетік білетін маман жоқ. Ұйқысыз түндер енді басталды. Талай күн көрер таңды көзімізбен атырдық. Бір күні жасағанымыз қамыр сияқты иілгіш жұмсақ болып шығады. Құрылғыға салып, қатты қыздырып қойсақ, қатып қалады. Енді не істейміз? Содан әр күні температураны қосқан сайын кәдімгі сызғышпен миллиметрлеп өлшеп, жазып-сызып отырып, қажетті кондицияға жеттік-ау», – деп жұмыс бастаған мазасыз шақтарын еске алады Сәуле Рысбаева. «Қаражат жағын қалай шештіңіз?», – деген сауалды да қойдық. «1992 жылы 25 мың доллар несие алдым. 25 мың доллардың 20 мың долларын инфлияция жеп қойды. Бар жоғы 5 мың долларды өндіріске салдық. Несиені бір жылдың ішінде өтедім. Келесі жылы 15 қарашада айналымға төл теңгеміз шықты. Бұл да бізге көп көмек болды», – деп жауап берді кәсіпкер.

Осылайша, машақатпен ашылған кәсіпорынның өңір тұрғындарына қызмет көрсетіп жатқанына алдағы жылдың басында 32 жыл толады.

Содан бергі жылдар ішінде «Рысбаева и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еліміз нарығынан берік орын алып, тәуелсіз Қазақстанда полиграфия нарығының дамуына өз үлесін қосумен қатар іргелі де, ірі ауқымды компанияға айналды. Бұл мекемеде алғашында небәрі бес адам жұмыс істеген болса, қазіргі күні қырықтан астам адам тұрақты түрде еңбекпен қамтылып отыр.

Ұжым негізінен мөр мен мөртабанның сан алуан түрін, шағын сый-кәделермен қоса, тапсырыс берушінің өтінішіне қарай алуан түрлі полиграфия, жарнама өнімдерінің жүзден астам түрін дайындап шығарады. Қарапайым қаламнан бастап, ауқымды да көлемі үлкен жарнамалық билбордтардың сан алуан түрін жасап, тапсырыс берушілердің талабынан шығуда. Ең бастысы – өнім сапасы мен қызмет көрсету жұмысына мұнда айрықша көңіл бөлінеді. Оған бүгінде халық өз бағасын беруде. Түрлі инновациялық жарнама стендтер дайындау барысында, мемлекеттік рәміздер дайындау саласында көптеген мекемелердің тек Сәуле Рысбаева басқарып отырған мекеменің қызметіне жүгінетіні анық. Себебі, «Рысбаева и Ко» шығарған өнімдері нарық талабына сай, жұмысшыларының білімі мен тәжірибелері өте жоғары. Олар мекеме тарапынан жыл сайын шетелдерде өткізілетін халықаралық полиграфия көрмелеріне қатысады. Тәжірибелі басшы, білікті ұйымдастырушы Сәуле Рысбаева өз қызметкерлерінің денсаулығына, арнайы жұмыс формаларына көп көңіл бөліп отырады.

Балалық шағында ауылда өсіп, еңбекпен есейген Сәуле алдына үнемі нақты мақсат қойып, әрдайым биіктен көрінуге тырысады. 2002 жылы ол алғаш өзі туып-өскен Қылышбай ауылына жылжымалы УЗИ аппаратын әкеліп, ауыл тұрғындарын түгел тексеруден өткізіп, «Жарты Ай» қорымен бірлесіп халыққа киім-кешек таратса, кейін ауыл мектебіне спорт инвентарлар тапсырған. 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығына орай Қылышбай ауыл әкімшілігі ауласына 65 түп алма ағашын отырғызып берді. Ал, 2011 жылы ауыл түлегі Көпсекбай Төлебаевпен бірігіп 75 орындық «Рәтпек» мешітін тұрғызуға атсалысты. Бұдан басқа да қайырымдылық іс атқарып, ата-бабаларына ас беріп, ауылға жиі келіп тұрады. 2015 жылы Ұлы Отан соғысының 70 жылдық мерейтойына арнаған «Мың тағзым» кітабында туған өлкесі туралы мол мағлұмат беріп қана қоймай, өзі тәлім алған ұстаздарына, ауыл ақсақалдарына, елі мен туған өлкесіне мол алғысын білдірген.

Бүгінде Сәуле Рысбаева Республика іскер әйелдері қауымдастығының, «Ауыл» партиясының мүшесі. Облыстық мәслихаттың 7-ші шақырылымының депутаты болды. Облысымыздың «Алтын сапа» конкурсының бірнеше мәрте жүлдегері, 2016 жылдың мамыр айында Астана қаласында өткен «Қазақстанда жасалған» республикалық көрмеге Жамбыл облысының атынан қатысып, арнайы дипломға ие болды.

Өңірімізде алғашқылардың бірі болып жекеменшік кәсіпорын ашқан, оны дамытқан Сәуле Рысбаеваның еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2017 жылы «Құрмет» орденімен, кәсіпкердің жасап шығарған өнімдері «Қазақстанның үздік тауары» дипломымен марапатталды. «Қолөнер және халықтық кәсіпшілік өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін» берілген диплом да – Сәуленің еңбегінің әділ бағасы. С.Рысбаеваның өзге да марапаттары аз емес.

Гендерлік саясаттың біздің өңірде алға басуына Сәуле Мақшанқызы айтарлықтай үлесін қосып келеді. Үнемі аналар мен қыздарға арналған жиындарда сөйлеп, маңызды ойларын білдіруден жалыққан емес. Өзінің өмірлік тәжірибесін жас кәсіпкер қыздармен бөлісіп те жүр. Сондықтан, бұл бағытта да біраз марапатқа ие. Әр жыдары «Демократиялық қоғамдағы әйелдердің саяси көшбасшылығы» қозғалысының «Қанатты әйел» форумы сертификатына, Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы құттықтауына, Қазақстан дизайнерлері одағы дипломына ие болған.

С.Рысбаева 2016 жылы «ДАМУ» бағдарламасы аясында 96 орындық «А-Status» балабақша, мектепке дайындық, 1-4 бастауыш сынып кешенін ашса, 2017 жылдың қыркүйегінен аталған мектептің бала санын 240-қа жеткізіп 2 қабатты жаңа мектеп ғимаратын тұрғызып іске қосты. Бұл – еліміздің білім саласын өркендетуге кәсіпкердің қосып отырған үлесі. Сәуле Мақшанқызы еліміздің алғашқы Президентімен Астана мен Алматыда өткен әртүрлі алқалы жиындарда жеті рет кездесіп, «Елбасымен жеті рет жүздесу» деп аталатын естелік кітап жазды.

Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына орай «Мың тағзым» кітабын жазып шығарды. Бүгінде ол айтулы кәсіпкер ғана емес, ұлағатты ұлы мен балалар үйінен асырап алған үш бірдей қыздың аяулы анасы.

Қазіргі таңда өзін мойындатқан іскер адам, танымал кәсіпкер. Облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының жұмысына да белсенді үлесін қосып келеді.

Сәуле Рысбаеваны құрметтеп, түрлі кездесуге шақыратын жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептер көп. Ол жиындарда айтып жүрген Сәуленің ойлары да әсерлі. Себебі, өмірден түйгені көп кәсіпкердің жас толқынға айтары, берер үлгісі де көп.

Жақында Сәуле Мақшанқызы Шу ауданы әкімінің және Шу аудандық мәслихаттың шешімімен «Шу ауданының Құрметті азаматы» атанды. Бұл құрметке ол әбден лайық.

Бұл күнде Сәуле Рысбаеваның табанды ісінен тағылым алатындар көп.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support