- Advertisement -

Мақтаулы Мұқағали мектебі

8

- Advertisement -

Төле би ауылындағы еңселі білім ошағының бірі – Мұқағали Мақатаев атындағы тірек орта мектебі. Аталған білім ошағында 1302 оқушы сапалы білім алса, оларға 138 мұғалім тәлім мен тағылымды қатар беріп келеді. Мектеп директоры Алтынкүл Сиқымова – Білім беру ісінің үздігі, аудан аумағындағы құрметті ұстаздардың бірі.

Алтынкүл Мәдіомарқызы басқарған бұл мектеп қай жағынан алсаңыз да көш басында. Сондықтан, шалғайдағы ауыл балаларының білімін көтеру үшін тірек мектебі ретінде таңдалған. Қазіргі таңда Ш.Мұртаза атындағы, Алға, Жайсан, Еңбекшіл атты төрт мектептің оқушылары жылына екі рет 20 күннен осында білімдерін жетілдіріп жатыр. Оның өзі мұндағы білімнің сапалылығын байқатса керек.

Мұнда тәжірибелі ұстаздар еңбек етеді. Олардың өнімді жұмыстарын қол жеткізген жетістіктерінен аңғару қиын емес. Атап айтқанда, география пәнінің мұғалімі Анар Баетова мен математика пәнінің мұғалімі Салтанат Құмарбаева – облыстық «Үздік педагог» байқауының жүлдегерлері. Физика пәнінен дәріс беретін жас маман Бекнар Сайлаубаев облыстық «Педагогикалық идеялар» байқауында көзге түскен екен. Бекнар мектеп бітірушілері үшін еліміз бойынша дайындалатын 5 мың сұрақты таңдау жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі. Ондай маңызды комиссия құрамына осал маманды қоспайтыны белгілі. Демек, аталған мектептегі физикаға қызығушылығы бар балалардың бағы жанып тұр деген сөз.

Осы кезге дейін аталған мектепте ағылшын тілінен сабақ беріп келген Аққу Басыбек халықаралық деңгейде жарияланған байқауда көзге түсіп, енді шет мемлекетте қызмет етуге мүмкіндік алған. Биология пәнінің мұғалімі Әсел Бақтиярдың да жетістігі жетерлік. Талантты шәкірттер де аз емес. Мәселен, республикалық «Айқанат» байқауының сертификатын иеленген Айнұр Балқожаева Көкшетауда білімін одан әрі жетілдіретін болды. Үздік оқушы Руслан Османов та осы «Айқанат» байқауының жеңімпазы. Республикалық «Зерде» зерттеу жобасында көзге түскен Инабат Рахманқұлмен де ұстаздар қауымы мақтанады.«Оқуға құштар ұлт» жобасында 8-сынып оқушылары ерекше көзге түсіпті. Кітапқұмар балалардың қатарында Елнұр Дербес, Айым Мұсақұл, Нұрдәулет Опабек, Қайсар Әзімжан бар. Олардың жыл бойы елімізге белгілі жазушы-ақындардың шығармаларын қызыға оқып қана қоймай, ұстаздарымен, ата-аналарымен бірге талдағаны қуантады.

Аудандық, облыстық байқауларда көзге түскен шәкірттерді бұл мектептен жүздеп кездестіруге болады. Осы тұста Білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған Баян Жексенбаеваның, Білім министрінің Алғыс хатын иеленген Айзада Пазылбекованың, облыстық ғылыми жобалардың жеңімпаздары Гүлнар Шайлахметованың, Айнұр Балхожаеваның елеулі еңбектерін айта кеткен жөн. «Біз мектептегі білім сапасына ерекше мән береміз. Себебі, бүгінгі оқушы – ертеңгі маман, еліміздің жарқын болашағы. Оларды жан-жақты біліммен қамту – біздің міндетіміз», – дейді мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Баян Жексенбаева.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support