- Advertisement -

Туристерге бағыт берген «Taraz tour»

70

- Advertisement -

Туризм экономикаға мол табыс түсіруде ұтымды сала. Біздің табиғаты бай еліміздің бұл салада қарқынды дамуына мүмкіндігі жетерлік. Әсіресе, ертедегілердің өшпес ізі қалған тарихи орындары көп облысымызды туристерді тартуға бейім десек, қателеспейміз. Бұл бір жағынан елімізді шет мемлекеттерге танытуға да таптырмас жол болмақ. Әулиеата өңіріне келетін меймандарға барынша жағдай жасау үшін біз заманауи жаңалықтарды да қолданып келеміз. Қазір кез келген адам өзіне қажетті мәліметтерді қолындағы кішкентай ғана ұялы телефоны арқылы таба алады. Сондықтан, біз де Жамбыл жеріне атбасын бұратын меймандар үшін туристік орындарымыз туралы толық мәліметтерді электронды нұсқада ғаламтор кеңістігіне жүктеп, оны тез табу үшін QR-кодты сканерлеу тетігін қолданысқа енгіздік.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» тақырыбындағы биылғы Жолдауында «Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек», – деп елге қажетті барлық істі цифрландырып, табыс көзі болар кәсіпті де осы бағытта оңтайлы дамытуды тапсырған болатын. Біз де туризм саласында цифрлы жүйені қолдана отырып, жұмысты жандандыруды қолға алдық.

Жоғарыда айтып кеткенімдей, тарихтың темірқазығы саналатын Таразымызға келген мейман өңіріміздегі туристік орындарды тез табуына жол нұсқайтын әрі қай нысан несімен қызықты екенін жылдам таба алатын жүйені қолданамыз. Жамбыл облысында қазіргі таңда 83 туристік нысанда QR-кодтар бар. Тараз қаласына келген қонақтар мен тұрғындар ұялы телефоны арқылы QR-кодты сканерлеп, мәдени- тарихи орындардың жасалу тарихын біле алады. Ол үшін облыстың көрікті жерлері туралы 5 тілде яғни, қазақ, орыс, ағылшын, қытай және түрік тілдерінде мәтіндік және аудио ақпаратты қамтитын арнайы «Taraz tour» мобильді қосымшасын ұялы телефонына орнату қажет. Көз алдыңызда қандай нысан тұрғанын білу үшін телефонды кодқа бағыттасаңыз жеткілікті, экранда онымен байланысты барлық маңызды деректер мен тарихи оқиғалар пайда болады.

Биыл «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасымен Тараз қаласына келетін туристерге біздің облысымыз туралы мәлімет беретін ақпараттық терминалдар «Әулие-ата» халықаралық әуежайында және MART сауда ойын-сауық орталығында орнатылған болатын. Ақпараттық терминалдардың басты міндеті – туристік объектілер, қонақүйлер, қоғамдық тамақтандыру орындары, туроператорлар және такси қызметтерімен, сондай-ақ, Жамбыл облысының көрікті жерлерімен танысу процестерін 3 тілде ақпарат беру. 2020 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасының «Тараз-Туризм» Туристік ақпараттық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Тараз қаласына келген туристерге толық ақпарат беретін ақпараттық дүңгіршектер орнатқан болатын. Мұндай дүңгіршектерді орнатудағы басты көзделген міндет – Тараз қаласы және оның туристік әлеуеті туралы ақпаратты қалыптастыру, тарату, туристерге әдістемелік және консультациялық көмек көрсету, өңіріміздегі туристік өнімді ұсыну. Аталған дүңгіршектердің бірі Айша бибі кесенесінің кіре берісінде орналасса, екіншісі «Көне Тараз» этномәдени кешеніне қойылды.

Басқармамыз облысымыздың туризм индустриясын дамытуда жас жеткіншектердің саяхатын ұйымдастыруды да назарға алады. Біріншіден, балалар – біздің болашағымыз. Ертеңгі ел тұтқасын ұстар бүгінгі балаларға туристік орындарды таныстыру арқылы Отанының, туған халқының кешегі өткен тарихын жеткізіп, өз мемлекеті жайлы мол мәлімет берсек, жас тұлғаның бойында туған елге, жерге деген махаббат оянары сөзсіз. Өз жерінің жақұттарын танып өскен бала сол мемлекетті қорғауда да аянбайды және елінің игілігіне еңбек етуді мақсат етеді. Жастардың бойына патриоттық тәрбие сіңдіріп, танымын кеңейтуде балалар туризмінің рөлі зор. Осы тұста облысымызда балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталғанды жөн көремін. Балалар мен жасөспірімдер туризмі оқушыларды тәрбиелеудің, оқытудың, сауықтырудың, кәсіптік бағдарлаудың, әлеуметтік бейімдеудің, салауатты өмір салтын бекітудің, үздіксіз білім берудің және балалар мен жасөспірімдердің жеке басын дамытудың тиімді құралы. 2022 жыл – «Балалар жылы» болып жарияланғанын ескере отырып, балалардың оқу процесіне қызығушылығын ояту және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру негізінде ауқымды іс-шаралар өткізілді. Ондағы басты мақсат – экскурсиялық-танымдық бағдарламалар ұйымдастыру арқылы оқушы балалардың туған жеріне деген сүйіспеншілігін, оны танып-білуге құштарлық сезімдерін ояту. Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға арналған іс-шаралар биыл да өз жалғасын тапты. Мәселен, «Taraz city bus» экскурсиялық автобусын айрықша атап өткім келеді. Жылдық жоспарға сәйкес, «Taraz city bus» экскурсиялық автобусының жұмысы ұйымдастырылды. Іс-шара 2022 жылдан бастап өткізіліп келеді. Іс-шара мамыр-маусым, қыркүйек-қазан айларында өткізіліп, оған мыңнан аса оқушы қатысса, биыл сәуір айынан бастап, 6 айға созылып, іс-шараға 2 мыңға жуық оқушы қатысты. Экскурсия барысында Тараз қаласының тарихи-мәдени нысандары атап айтқанда, «Ежелгі Тараз» тарихи-этномәдени кешені, «Тектұрмас», «Айша бибі», «Қарахан», «Дәуітбек» кесенелері ұсынылды. Сонымен қатар, Тараз-Түркістан бағыты бойынша қалааралық экскурсиялық тур өткізілді. Онда Түркістан облысының «Ақ мешіт» туристік нысандары, «Домалақ ана», «Арыстан баб», «Қожа Ахмет Ясауи» кесенелері, «Керуен сарай» кешендері көрсетіліп, балаларды осы нысандарға арнайы апарып, аралаттық.

Бұдан бөлек, облыстың оқушыларына арналған «жанды сабақтар» экскурсиялық бағдарламасымен де бірқатар жұмыстарды жүргіздік. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан дарынды балаларға арналған Тараз қаласындағы гимназиялардың 7-8-сынып оқушыларына арналған «жанды сабақтар» жобасы биыл 6 сәуір мен 11 мамыр аралығында өткізілді. Интерактивті экскурсияның мақсаты–танымдық экскурсияларды оқу процесіне біріктіру арқылы тарих, география және химия бойынша білімді кеңейту және бекіту. Сондай-ақ, осы экскурсияда болашақта тарихты зерттеуге және облыстың зияткерлік әлеуетін, бәсекеге қабілетті және дені сау ұрпақты қалыптастыруға ықпал ететін балалардың өзін-өзі тәрбиелеуге деген қызығушылығын қалыптастыру назарға алынды. «Жанды сабақтардың» міндеті – бір жағынан туристік-тарихи ресурстарды пайдалану негізінде оқу ұйымдарының білім беру кеңістігін ұлғайту, екінші жағынан жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің инновациялық әдістері ретінде білім беру экскурсияларын дамыту. Мектептен тыс танымдық экскурсияларда «Қазақ хандығының тарихы» және «Тараз қаласының тарихы» тақырыптары бейнеленген тарих және география пәндері өткізілді. Сонымен қатар, экскурсиялық турларда «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытының арнайы оқу зертханасында және зауыт аумағында химия пәні жүргізілді. Бұл экскурсиялық бағдарлама «Ежелгі Тараз» ашық аспан астындағы тарихи-археологиялық мұражайы, «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша бибі», «Бабаджа хатун» және «Тектұрмас» кесенелері секілді тарихи нысандарды қамтыды. Аталған іс-шарада былтыр 200-ден астам мектеп оқушылары қатысса, биыл 500-ден астам оқушы қамтылды.

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген кезекті отырысының №4 хаттамасына сәйкес балаларға арналған экскурсиялық бағдарлама жүзеге асырылды. Өңірлік полиция департаментіне бағынысты жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полициясынан қылмыстар мен құқықбұзушылықтар бойынша есепте тұрған балалардың тізімі ұсынылды және осы жылдың мамыр айында олар үшін 100-ге жуық оқушы қатысқан туристік, танымдық экскурсиялар ұйымдастырылды.

«Астана» мерекесі қарсаңында да балаларға арналған экскурсиялық бағдарлама өткізілді. Толығырақ айтсақ, 6 шілде – Астана күнін мерекелеу қарсаңында «Зерде» дарынды балаларды оқыту орталығының үлгілі оқушылары үшін тегін экскурсиялық автобус ұйымдастырылды.

Ал, «Балалар жылына» орай, облыс бойынша мектеп оқушылары мен жөсөспірімдер қамтылған 70 іс-шара өтті. Оның ішінде, мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін ашуға бағытталған «Туған жер», «Көне Тараз жас қолөнершісі», «Тараз – сүйікті қалам», «Өз өңіріңді танып, біл!» тақырыптарында әртүрлі байқаулар болды. Оларға 100-ден астам мектеп оқушысы қатысты.

Сонымен қатар, демеушілер қаражаты есебінен де балаларға арналған бірқатар іс- шаралар өткізілді. Солардың бірі – тоқыма және кестемен тігу өнері бойынша тегін шеберлік сыныптары (мастер-кластар) ұйымдастырылды. Анығырақ айтсақ, «Ажур» шығармашылық студиясында балалар үйіндегі жасөспірімдерге тоқыма және кестемен тігу өнері бойынша тегін шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі аясында жасөспірімдерге арналған қолөнер түрлері бойынша тегін шеберлік сыныптар өткізілді.

Жалпы, экскурсиялық танымдық турлар мектеп оқушылары арасында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл тұрғыда құрамына облыстың негізгі тарихи-мәдени және табиғи объектілері енгізілген арнайы өңделген экскурсиялық бағдарламалар бар. Өскелең ұрпаққа тәлім беріп, танымын кеңейту мақсатында ұйымдастырылатын мұндай іс- шараларымыз мұнымен тоқтап қалмайды. Жастарды тарта отырып, облысымыздың туристік орындарын таныту, құнды деректерін насихаттау шараларын ұйымдастыра отырып, облысымызға жан-жақтан, шетелдерден туристерді тарту ісі де жалғасын таба беретін болады.

 

Маханбет РАХИМЖАНОВ,

облыс әкімдігінің туризм басқармасы «Тараз-Туризм» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support