Борышқа адалдық бәрінен биік

Борышқа адалдық бәрінен биік
ашық дереккөз
Борышқа адалдық бәрінен биік
Тараз гарнизонының офицерлер үйінде әскери қызметшілер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыбы талқыланған дөңгелек үстел өтті. Жиынға Тараз өңірлік гарнизонының түрлі әскери бөлімдерінің командирлері мен олардың орынбасарлары қатысты. Отырыс ведомствоаралық өзара іс-қимыл сипатына ие болды. Өйткені, оған Құрлық әскерлерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының, Әуе қорғанысы күштерінің оқу-жаттығу орталығының, Ұлттық ұлан бригадасының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаментінің өкілдері қатысты. Басқосудың бастамашылары – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әскери тергеу департаментінің Оңтүстік өңірі бойынша Тараз қалалық департаментінің өкілдері. Аталған тақырыпты талқылауға Оңтүстік өңірінің әскери прокуратурасы мен Тараз гарнизоны Әскери полиция басқармасының өкілдері де қатысты. Әскери тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету – әрқашан өзекті болып қала береді. Себебі, ең алдымен, әскери қызметтің өзі тәуекелмен байланысты. Өйткені әскери техника мен қару-жарақ дәл әскери ортада шоғырланған және оны пайдалану жоғары тәртіпті талап етеді. Қатаң кесте, қызметтік міндеттер және оны орындау да жауапкершілік пен тәртіпті талап етеді. Ал, ережелер мен кестелерден кез келген ауытқу жалпы жүйеде келеңсіздіктер тудыруы мүмкін. Сондықтан да әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтаудың басты кепілі. Ең алдымен, әскери қызметкерлердің санасы мен тәрбиесіне тікелей байланысты. – Әскери қызметтің заңнамасын немесе тәртібін кез келген бұзушылық ауыр зардаптарға әкеп соқтыратынын әскери қызметкерлердің өзі жіті түсінсе ғана, жоғары әскери тәртіпке қол жеткізуге және әскери қызметшілер арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға болады. Ол үшін командирлер әскери қызметшілерге заңды бұзудың салдарын тұрақты түрде еске түсіріп, олардың назарына заңдардың баптары мен нормативтік құжаттарды жеткізуі керек. Әскери ортада құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша басқа да тиімді шаралардың қатарында мұндай шаралар әскери қызметшілерге мысал ретінде заңды бұзудың нақты фактілері мен олардың салдарлары бойынша түсіндіріледі. Әскери атағынан, қызметтен немесе бас бостандығынан айыру сияқты құқықбұзушылық үшін лайықты жазасын алған әріптестерді мысал ретінде келтіре отырып, әскери қызметкерлердің санасына ой салуға болады, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әскери тергеу департаментінің Оңтүстік өңірі бойынша Тараз қалалық департ аментінің басшысы, полиция подполковнигі Эльдар Әлібай. Сонымен қатар, жиын барысында сарбаздардың ерік-жігерін арттырып, төзімділігін шыңдайтын ұсыныстар айтылып, мәселелер талқыланды. – Әскери қызметкерлердің жоғары саналылығына және олардың заңдарды сақтауына қол жеткізу үшін барлық шараларды қолдану қажет. Дөңгелек үстел барысында әскери құқық қорғау органдарының өкілдері суицидтік мінез- құлықтың алғышарттарының алдын алуға ерекше назар аударды. Әскердегі өз-өзіне қол жұмсау азаматтық қоғамның әскери салаға деген көзқарасына жағымсыз әсер етеді. Сондықтан, әскери тәртіп сақшылары бұл құбылыстың алдын алу шараларын күшейтуге шақырады. Суицидтік көріністердің алғышарттарының алдын алу мақсатында әскери бөлімдерде тәрбиешілер мен әскери психологтар тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуда. Олар әрбір әскери қызметшінің психологиялық ерекшеліктерін жинақтайды, олармен жеке әңгімелесулер жүргізеді, әскери топтардағы психологиялық климаттың жағдайын мұқият бақылайды және араласу қажет сәттерді белгілейді, – деп қорытындылады жиынды Эльдар Әлібай.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Ұқсас жаңалықтар