- Advertisement -

Меркі – жайсан жұмбағы

140

- Advertisement -

Еуразия даласы түркі халықтары ту тігіп, мемлекет құрып, өркениет қалыптастырған алып кеңістік. Бұл далада сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, сянби, тоба, жужан сияқты этносаяси одақтар мен бірлестіктер ретінде құрылған Ұлы Түркі елі VІ-VІІІ ғасырларға дейінгі аралықта салтанатты империя құрады. Ұлан-ғайыр аумақта мемлекет құрған түркілер елінің өзіндік өркениеті мен мәдениеті қалыптасты. Түркі дәуірінен қалған көне тас мүсіндер мен ғұрыптық кешендер, жерлеу орындары мен жартас беттеріндегі суреттер соның дәлелі.

Шу өңірінде орналасқан Жайсан түркі ғұрыптық кешені осы аталған ескерткіш нысандарының бірегей үлгісі. Кешен Шу ауданындағы Д.Қонаев ауылынан солтүстік бағытта 16-40 шақырым қашықтықта, Кіндіктас тауының солтүстік баурайындағы қыратты алқапта орналасқан. 2010 жылы облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.

Культтік ескерткіштердің негізгі бөлігі – Құдай деп таныған бабалардың тас мүсіндері орнатылған тас үйінділерден тұратын қорған типіндегі құрылыстар.

Деректерден Үндістан мен Ираннан, Византиядан және басқа да елдерден келген жат жерлік қонақтарды алғаш рет қарсы алған түрік билеушілерінің дінге беріктігін көруге болады, олар өз иелігіндегі жерге келген халықтардың мәдениеті, діні туралы ықыласпен тыңдаған. Миссонерлер мен қажылыққа бара жатқан адамдармен байланыс жасай отырып, басқа мемлекеттердегі өмір туралы, осы немесе басқа діннің үстемдігі туралы біліп отырған.

Алғашқы түрік қағаны Естеміс қаған Тараз қаласындағы кездесуден кейін, қонақтарына өзінің сүйікті киелі мекені Мыңбұлақта (қазіргі Меркі ғибадатханасы) салтанатпен құрмет көрсеткен кезде Византия мен Иранның елшілерді «Түрлі келбеттегі пұттарды» көргендігін айтады. Осылайша, будда табынушысы Сюань Цзян (629 жылы) Қытайдан Үндістанға сапары барысында батыс түрік қағаны Тон ябғуда (618-629 жылдары) қонақта бір жыл болған екен. Биік таулы Меркі ғибадатханасына барған Сюань Цзян ол жерге баратын жолды бәрі біле бермейді, ал оның өзін көзін байлап апарған деп жазған.

Өз жазбаларында ол Түрік қағанының киелі ордасы Меркі жайында өз еліне адал қызмет еткен ұлы тұлғалардың мүсіндері бар көптеген культтік ескерткіштерге бай өлке деген естеліктер қалдырған.

Осы уақытқа дейін жүргізілген ғылыми-зерттеулер нәтижесінде 37 ғұрыптық-мемориалды кешен ашылған. Əрбір кешеннің құрамында ондаған жерлеу орыны мен тас мүсінді ғұрыптық құрылыстар, жартас беттеріне салынған суреттер мен рулық таңбалар бар. Кейбір таңбаларды он оқ будун, түркеш тайпаларының орналасқан жерін анықтайтын белгілеріне жатқызуға болады.

Ғұрыптық қоршауларда ер адаммен қатар, әйел мүсіні де қойылған. Мұндай жайттар түрік дәуірінің ескерткіштерінде өте сирек кездесетін құбылыс. Мұның өзі батыс және шығыс болып екіге бөлінген қағанаттың тарихи-мәдени ерекшеліктерін аңғартады.

Түркі халықтары қаған-бекзадалары мен әруақты ата-бабаларының құрметіне арнап кешендер орнату, басына келіп тәу ету, көк тәңірден тілек тілеу салтанатты түрде орындалатын ерекше дәстүрлерінің бірі. Міне, Жайсан жеріндегі түркі дәуірінің ескерткіштерінде сол кезеңде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тірі жады, бейбіт тұрмысы құбылмалы болмысы бейнеленген.

 

Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support