- Advertisement -

Қарахан мемлекетінің тұрағы табылды

135

- Advertisement -

Қасиетті Әулиеата топырағында соңғы үш айда екінші көне қаланың орны табылды. Бұған дейін мамандар Жамбыл ауданына қарасты Құмтиын ауылының маңынан байырғы Қаракемер қалашығының орнын анықтаса, енді міне, Қаратаудың теріскей тұсынан тағы бір ежелгі шаһардың орны нақтыланды.

Археологтар келтірген деректерге сүйенсек, мыңжылдықтармен сабақтасып жатқан көне тарихтың куәсіне айналған қалашық Қарахан мемлекетінің тұрағы болған екен. Ал, қалашықтың қалыптасқан уақыты шамамен Х-ХІІ ғасырларға жатады.

Деректерге сенсек, қалашық өз уақытында сауда керуендеріне қызмет көрсеткен. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан байырғы шаһар алыс-беріс пен барыс-келістің орталығына айналған. Мамандар қалашық орнын нақты анықтау мақсатында он ай шамасында қазба жұмыстарын тұрақты түрде жүргізген.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қыш ыдыст ар мен төрт түліктің сүйектері табылған. Көне дәуір адамдарының керамика бұйымдарына өсімдік бояуын сіңіріп, құты, құмыра секілді заттарды жасағаны ғалымдарды таң қалдырып отыр.

«Қазба жұмыстары барысында қалашық орнынан қыш ыдыстардың сынығы мен тұрмыстық қажеттілікке арналған бұйымдар жиі кездесті. Қолға түскен қазандардың ішінде тұтқасы үшбұрыш тәрізді болып жасалғандары да бар.

Жалпы, Талас өңіріндегі төрткүлдер соңғы бірнеше жылдың бедерінде үздіксіз зерттеліп жатыр. Тарихы тереңнен тамыр тартқан мұндай мәдени мұралар тек Талас өңіріндегі санаулы ескерткіште ғана кездесетінін айта кеткен ләзім. Көне дәуір адамдарының ізденістің ізіне түскені, өркениет көшіне ұмтылғаны, жаңашылдыққа бет бұрғаны бізді шынында да тәнті етіп отыр», – дейді Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Нұрғали Несіпбаев.

Ғалымдар келтірген ғылыми деректерде көне қалашықтан бүтін қалпында сақталған ауыз су құбыры табылыпты. Ықылым заманда салынған құбырдың бүлінбегені расында да таңғаларлық жайт. Мұндағы құрылыс негізінен саздан жасалған екен. Оның қалыңдығы 50 сантиметрге дейін жетіп отыр. Мамандар тарихи қалашықтың көлік үздіксіз жүретін күре жолға жақын маңнан табылғанын да зор олжаға балап отыр.

«Ілгеріде Нұрлы кент ауылының тұсынан осыған ұқсас бірнеше төрткүл анықталған болатын. Соған қарап, осы маңнан тікелей керуен жолдардың өткенін бағамдау қиын емес. Қысқасы, Қарахан мемлекетінің адамдары бізге дейін де мәдениеті мен сәулеттік өркендеуге бастайтын идеяны көркейтуге күш салған», – дейді археологтар тобының жетекшісі Ералы Ақымбек жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне сүйеніп.

Жаңа қалашықтан байырғы өркениеттің куәсіне айналған әлі талай жәдігерлер табылуы ықтимал. Өйткені, мұнда іске кіріскен арнайы топ қар түскенге дейінгі зерттеу жұмыстарын жалғастыруға ниеттеніп отыр.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support