- Advertisement -

Қола дәуірінің қайталанбас өнер туындысы

41

- Advertisement -

Қарасай петроглифтері Ақбұлым ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 5,7 шақырым жерде, Қарасай шатқалында орналасқан. Петроглифтер – қола және ерте темір дәуіріне жататын археологиялық ескерткіш. Нысан 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

2010 жылы «Археологиялық сараптама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің экспедициясы есепке алып, зерделеу жұмыстарын жүргізген. Суреттер шатқалдың орта тұсындағы биік жартастарға, аздаған бөлігі қырдағы тастардың тегіс бетіне салынған. Жартастарда тауешкі, бұғы, елік, түйе, бұқа, адам бейнелері қашалған. Бұқа, түйе бейнелері ірі көлемді етіп (60х40 сантиметр), нүктелеу тәсілімен салынған. Басқа да аңдардың нобайлы бедерленген. Тастың беттерінде 30-дан аса сурет кездеседі.

Қарасай шатқалындағы петроглифтердің ішіндегі құнды суреттер қатарына жататын петроглиф – күн басты Сібір бұғысы. Жанрлық композиция арқылы салынған бұғының суреті – ежелгі қола дәуірінен бізге жеткен бейнелеу өнерінің қайталанбас туындысы. Аң стилі негізінде салынған сурет шынайы бейнені сомдайтын шедевр болып табылады. Сонымен қатар, ежелгі көшпенділердің бейнелеу өнерінде кең таралған жылқы бейнесі де кездеседі. Жылқы қашанда дала өркениетінің басты нышаны. Мінсе – көлік, жесе – ас, шөлдесе сусын болатын қасиетті жануарлардың бірі. Сондықтан, жылқы ежелгі энеолит кезеңінен бері көшпенділердің өмірімен тығыз байланысты.

Қарасай петроглифтерінде культтық көріністер, адам мен жабайы аңдардың аңшылық іс -әрекеттері сомдалып, тауешкілердің артқа қайырылған үлкен мүйіздерінің тас бетіне шеберлікпен бейнеленуіне қарағанда, олардың киелі аңдар қатарына жатқызылғандығын көреміз. Суреттердің арасында түйе бейнелері де кездеседі. Түз тағыларынан қабан, ұзын құйрығы қайырылып тұрған түлкі, қасқыр (ит), қазіргі үй жануарларынан аумайтын Ойсылқараға жататын бір топ бұқалардың суреттері асқан шеберлікпен бейнеленген.

Сонымен қат ар, тастағы суретте алдыңғы екі аяқтарын көтеріп, шабысып, өз үйірлерін қорғап тұрған мығым денелі арғымақтардың суреттері нағыз шынайы көрініспен бейнеленген. Суреттердің мазмұнына арқау болған тұрмыстық затт ар, жануарлар мен құбылыстардың барлығы қасиетті саналған. Түз тағылары мен төрт түлік иесін құрметтеу, қару-жарақты кие тұту нышандары қазақ халқының дәстүрлі наным-сенімдерінде әлі күнге дейін сақталған.

Қалай болғанда да әрбір бедерде көне замандардағы белгісіз тас қашаушы шебер суретшілердің сол заманғы қоршаған ортаға, дәстүрлі тіршілігіне деген өзіндік көзқарасы мен пайымын сипаттайды. Бұл суреттер – қола дәуірінен бізге жеткен теңдессіз мәдени мұра.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support