- Advertisement -

«Алтын домбыра» жүлдесі «Бекзатқа» қалай бұйырды?

123

- Advertisement -

Тәуелсіздіктің елең-алаңында басталған қазақ боксшыларының жеңісті жорығы Сидней Олимпиадасында жалғасты. Білікті бапкер Тұрсынғали Еділов ұлттық құрама тізгінін ұстаған тұста Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов Олимпиада чемпионы атанған еді. Жиырма жылға жетеқабыл уақыт өтсе де, Еділовтің ерлігін әлі күнге ешкім қайталаған жоқ. Олимпиада ойындарында қазақ боксшылары екі алтын медаль алатын күн енді туа ма, тумай ма, Құдайға ғана аян.

Сиднейде атой салған Бекзаттың ерлігін қазақ халқы ешқашан ұмытпайтыны даусыз. Батыр оғлан «Олимпиадаға алтын медаль алу үшін барамын, халқымды қуантатын боламын» деп мәлімдеме жасағанда, миықтан күлгендердің тамыз айында аузына құм құйылды. Олимпиада ойындарында атой салған сайыпқыранға арнап жазған белгілі композитор, жерлесіміз Гүлнұр Өмірбаеваның «Бекзат» әні қазақ даласының әр қиырында шырқалып жатты.

Гүлнұр Өмірбаева туралы әңгіме қозғалса жұрт: «Қыздар, қыздар» әні туралы ой толғай жөнеледі. Композитордың төлқұжатына айналған туындыны өнерсүйер қауым әлі ұмытқан жоқ. Ал оның «Бекзат» әнін жазуына не түрткі болды? Ел аузында жүрген әңгіме аз емес. Біреулер «Гүлнұр Бекзатқа ғашық болыпты» деген сыңайда гу-гулетіп жатады. Композитордың өзі бұл туралы не дейді?

«Әннің жазылу тарихын әріден іздеген жөн шығар. Күндердің күнінде Бекзатты түсімде көрдім. Ілгеріде Бекзатпен жерлес ағам, бокстан Сиднейде өткен Олим¬пиада ойындарының чемпионы, даңқты боксшы Ермахан Ыбырайымовтың қуанышында, ауылда дидарласқанмын. Зымыран уақытты кім тежеген десеңізші? Жылыстап күндер өтіп жатыр. Жиырмасында жасындай жарқыраған жампоздың тәуелсіз Қазақстан тарихында ұлт оғландары арасынан алғаш боп Олимпиада ойындарының чемпионы атанғаны шығармашылық адамын тебірентпей қоймайды екен. Түсімде тура ауылға келген кезіндегі былғары күртешені киіп алыпты. «Гүлнұр, сен менің ертең болатын тойыма келмейсің бе?» деп алдымнан жүгіріп шықты. Бұл қандай той деген ой құшағында жатып оянып кеттім», дейді Г.Өмірбаева.

Лирика-колоратуралық сопрано дауысты әншінің нәзік үні құлаққа майдай жағатыны рас. Өнерін өмірім деп түсінген ол Бекзат туралы түс көргеннен кейін көмейіне келген әуезді әуенді әнге айналдырғысы келеді. Шығармаға лайықты сөзді бір жазса, ақын Иран-Ғайып жазады деп ой түйеді…

«Шыны керек, сол жылдары жатақхананы паналайтынмын. Бөлмемде күйсандық бар. Бекзат туралы түс көргеннен кейін бойымды бір әуен жаулап алды. Әуен келгеннен кейін әннің қаңқасын шамам келгенше құрастырғандай болдым. Кейіннен мәтінді тастай қылып жазатын ақын іздедім. Әрі ойланып, бері ойланып, Иран-Ғайып ағама хабарластым. Ол кісі әнді бірден ұнатқанын байқадым. «Сен мына балаға ғашық болған адамсың ғой», деді ақын ағам әңгіме арасында. Өз кезегімде: «Мен Бекзаттың өзіне емес, ерлігіне ғашықпын», деп жауап берген болатынмын.

Сол жылдары санамды жалғыз ой билеп алды. Жұрттың бәрі Бекзатты әйгілі боксшы ретінде таниды. Оған дау жоқ. Алайда, Алаштың айтулы ұлының ән әлемінде де орны болуы керек қой. Осы ой маған маза бермеді. Қысқасы, жиырмасында жарқыраған жұлдыз туралы ән жарық көруі керек деген шешімге келдім. Аталған әнді дүниеге әкелдім. Шығарма жазылған соң елімізде ұйымдастырылған Халықаралық «Азия дауысы», «Қазақстан әндері» байқауында бақ сынадым», дейді композитор сол бір мөлдір шақты еске алып.

Гүлнұр Өмірбаеваның айтуынша, жоғары деңгейде ұйымдастырылған байқауда жеті композитордың әні лауреат атаныпты. Ал, жеңімпаздарды қалыптасқан дәстүр бойынша бұрынғыдай қазылар алқасы емес, өнер думанын көруге келген халық, яғни өнерсүйер қауым дауыс беру арқылы шешкен. Жұртшылықтың таңдауы «Бекзатқа» түскені көңіл тоғайтады.

«Мұндай байқауда жеңістің биік тұғырынан көріну әлбетте оңай емес. Әйткенмен, кіл мықтылар топқа түскен өнер сайысында «Алтын домбыра» жүлдесі бұйырған болатын. Мені айрықша қуантқаны – залда отырған көрермендердің басым бөлігі, нақтырақ айтар болсам, 570 адам дәл осы «Бекзат» әнін үздік деп таңдағаны.

Ұлт батырына арналған әнім арқылы аталмыш байқауда лауреат атанғаныма шын мәнінде қатты қуандым. Ал, 2005 жылы Бекзат Саттархановтың 25 жасқа толуына орай осы әнге бейнебаян түсірдім. Бейнебаянның түсірілуіне Бекзаттың өзі білім нәрімен сусындаған Түркістандағы Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университетінің ұжымы тікелей мұрындық болғанын атап өткен жөн. Әсіресе, сол жылдары білім ордасын басқарған Серік Пірәлиевтің еңбегін айрықша атап өткеннің артықтығы болмас деп ойлаймын. Ол кісі қолдан келгенше қолдау көрсетті», дейді әнші-композитор өткен шақты еске алып.

Кәллә біткенде қиял таусылған ба? Сидней төрінде күллі түркі жұрты үміт күткен Рамазан Поляни мен Рикардо Хуарес секілді әлем мойындаған мықтыларды тәубесіне түсірген Бекзат туралы әлдекім ән жазады десе, асқақ пафосқа құрылған мәтін мен зор дауысты солист орындайтын шығарма болар деп топшылар ма едік. Алайда, Гүлнұр Өмірбаева мен белгілі ақын Иран-Ғайыптың тандемінен туған туынды мүлде басқаша жазылған. Жоғарыда айтқанымыздай, Гүлнұрдың даусы лирика- колоратуралық сопраноға жатады. Мұндай дауыстағы өнер иелерінің қатарында ән әлемінің корифейі Күләш Байсейітова мен ел мақтанышы Нұржамал Үсенбаева бар.

«Құзар биік асқарым-ай,

Тағдырыңның қас-қағымы-ай,

Жалған-ай,

Болдың ғайып Бекзат», деп келетін ән қайырмасындағы шумақтың өзі қазақтың маңдайына біткен ұлт мақтанышының, жұлдыздың Жер үшін жаралмағанын айғақтап тұрғандай-ақ. Әсілінде шоқ жұлдыздың орны көк төрінде ғой. Алайда, Бекзаттың 21 жасқа жетпей, қызға ғашық болып та үлгермей кеткені арқаны аяздай қари түсетіні айдай ақиқат қой.

Қызғаныштың қызыл иті кімнің ішіне түсіп кетті екен? Деректерге сенсек, уақытында Гүлнұр Өмірбаеваның осы әнін телеарналардың эфирінен өткізбеуге күш салғандар да болыпты. «Қолыңнан келсе, қонышынан бас» дегенді ғұмырлық «қағидатына» айналдырғандар қай кезде де кездеседі. Композитордың жолын кескісі келгендер бүгінде сол әрекеттері үшін ұялатын болар. Кім білсін… Бірақ ондайлардың опа бермейтін әрекеті Гүлнұрды қамшыламаса, кері тарта қоймасы анық. Өйткені, ол шын мәнінде өнер үшін жаралған жан.

Талғампаз композитор Гүлнұр Өмірбаева дәл осы әніне бейнебаян түсіру арқылы Бекзаттың есімін ән әлемінде өшпестей етіп қалдырғанына ешкімнің таласы жоқ. Композитордың өзі де осы әнін айрықша жақсы көреді. Ал, жүректен шыққан ғажап туынды өнерсүйер қауымды да баурап алған.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support