- Advertisement -

Ол – дәрігер, ол – сазгер, ол – суретші

188

- Advertisement -

Бүгінгі кейіпкеріміздің өмір және еңбек жолы көпті қызықтырмай, бейжай қалдыра қоймайды. Өйткені, ол шырғалаңға толы, әркімнің басынан кездесе бермейді. Тұралы Мүсірепбеков 1948 жылдың 12 сәуірінде Жуалы ауданының Сұрым ауылында, жергілікті молда Мүсірепбек Исаұлының отбасында дүниеге келген.

Орта мектепті, Жамбыл медициналық училищесін аяқтап, 1967-1969 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеген. 1977 жылы Алматы медицина институтын бітірген. Бес жылдан астам Жамбыл ауданындағы туберкулез диспансерінде бас дәрігер болып қызмет атқарды. Алматы мемлекеттік медицина институтының анатомия кафедрасының оқытушысы, Қазақ ССР-нің Денсаулық сақтау министрлігінің инспекторы болып еңбек етті. Мәскеудің І-ші медицина институтының аспирантурасын тәмамдады.

1991-2004 жылдары Мәскеу қаласындағы қазақ жастарының «Мұрагер» қоғамының қызметкері болған. Біраз жылдардан бері сурет салу, сазгерлік өнерімен айналысып, көптеген жыр-өлеңдер жазған.

Тұралы Мүсірепбековтің салған картиналарының көрмесі Мәскеу шаһарында бірнеше дүркін ұйымдастырылып, білгір өнер зерттеушілердің тарапынан жоғары баға алған. Оның салған картиналары шетелдік көрмелерге қатысып, дипломант атанды. 2004 жылы Мәскеуде «Махаббат сазы» атты сырлы әндер жинағы көп тиражбен жеке компакт-диск түрінде шыққан. Біраз жыл Тараздағы медициналық колледжде оқытушы болып абыроймен еңбек етті, ана тілімізде жазылған бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының («Адам анатомиясы», «Адам физиологиясы» және де басқа) авторы болды. Алматының баспасынан «Сағыныш» атты жыр жинақтарын шығарды.

…Мына өмірде күтпеген кездейсоқ кездесулер, ойламаған ұшырасу, тартымды танысу, шүйіркелесіп шер тарқатар әңгімелесулер болып тұрады емес пе? Сондай кездесу осыдан біраз жылдар бұрын болып еді. Іссапармен Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылына барып, сол өңірде есімі елге жақсы таныс ақын, журналист, аудан әкімінің орынбасары Мырзахан Ахметовтің кабинетінде болғанымда, оның үстел үстінде жатқан сырты көркем безендірілген компакт-дискіге көзім түскен болатын. Қызыққанымнан еріксіз оны қолыма алып, таныстым. Аты – «Махаббат сазы», авторы– Тұралы Мүсірепбеков. Әндерді орындайтын халықаралық әншілер конкурсының иегері, мәскеулік Ринат Ибрагимов және ән театрының әншісі Гүлшешек Галямова.

– Сәке, бұл жігіт сіздің әріптесіңіз. Негізгі мамандығы– дәрігер, таяуда Мәскеуден қоныс аударып, елге оралды, – деді Мырзахан компакт-дискінің авторын сырттай таныстырып. – Халқымыз кейде біреуді мақтаған кезде «сегіз қырлы, бір сырлы» деп жатады емес пе? Мына жігіт сол пікірге әбден лайық азамат. Дәрігер, суретші, ақын, сазгер. Оның әндері жүрекке жылы, шығарған өлеңдері сезіміңді тербейді, салған картиналары өзіне еріксіз көңіл аудартады.

Сөйтті де ол, өзінің жуырда баспадан шыққан кітабының бірін қолына алып, беттерін парақтап, оның иллюстрацияларымен таныстырды. Суреттердің авторы әлгі дәрігер, жуалылық азамат Тұралы Мүсірепбеков екен.

– Сол азамат 20 жылдан астам Мәскеу шаһарында қызметте болып, таяуда елге оралды. Қазір Таразда тұрады, – деген болатын Мырзахан Ахметұлы.

Таразға оралғаннан кейін телефон арқылы Тұралымен таныстық, әңгімелестік, ежелгі таныстардай-ақ сырластық. Сондағы мені тәнті еткен Тұралының туған жерге, елге, өнерге деген үлкен махаббаты болды. Бір сөзінде ол:

– Қазақтар «Туған жердің түтіні де тәтті» деп бекер айтпаған екен. «Жолдың азабын жүрген біледі, балдың тәттілігін татқан біледі» деген сөздердің растығын мен туған елден жырақ жүргенде сезіндім, – деді ағынан жарылып. – Мәскеуде қызмет те, пәтер де, араласатын орта да, сыйласатын азаматтар да бар болды. Бірақ, жүрек түкпіріндегі елге деген ыстық сезім, туған жерге деген сағыныш дегбірімді алып, санамды жегідей жеп, жүйкемді жұқалай берді. Достарымның арасында «Елде сені кім құшақ жайып күтіп отыр, үйренген осы Мәскеудегі ортада неге жүре бермейсің, не дегенмен көп жылдар сыртта жүрдің, туыстардан суып кеттің, халықтың менталитеті де бұрынғыдай емес, оларға нарықтық қатынас әсер етіп, қазір көпшіліктің сана-сезімі өзгерген. Сондықтан, ойлан, қателік жасап, ертең өкініп жүрме» дегендері де болды. Бірақ, мен оларға бұдан әрі шетелде өмір сүре алмайтын күйге жеткенімді түсіндіріп, «Мәскеу емес, Жуалыда жүрегім. Жуалымды аңсаймын да жүремін!», – деп туған елге оралдым. Шүкіршілік, қазір өз елімде, өз жерімде өмір сүріп, еңбек етудемін. Рас, қиыншылықтар да орын алды. Мәскеу жоғары оқу орнын тәмамдаған қызымыз Ақерке Таразда қызмет таба алмай біраз жүріп, таяуда Алматыға барып жұмысқа орналасты. Жұбайым Сәндікүлдің мамандығы оқытушы-биолог. Тараздағы біраз мектептердің есігін қақты, бірақ әзірше жұмыссыз жүр. Менің өзім де жарты жылдай жұмыссыз отырып, таныстарымның араласуы арқасында жақында осындағы медициналық колледжге оқытушы болып орналастым. «Көш жүре түзеледі». Сондықтан, алдағы күндерге үмітпен қараймын. Ал, өнерім – сурет салу, ән шығару, өлең жазу әзірше кейінірекке ығысып тұр. Ол үшін жақсы жай-күй, көтеріңкі көңіл болуы керек қой.

Бұдан кейін Тұралы бірнеше папкаға жинақталған картиналарын алып, таныстыра бастады. Олардың біразы қаламмен, акварельмен, пастельмен, майлы бояумен салыныпты. Әр картинасы өз ерекшелігімен көрерменіне әсер етіп, өзіне тартады. Оның көп оқыған, өресі биік азамат екені картиналарынан андағайлап тұр. Т.Мүсірепбековтің қылқаламынан шыққан картиналарды «Туған жердің көріністері», «Менің таныс адамдарым», «Қиял әлемінде» деп бірнеше топқа бөлуге болатындай. Олармен танысқанда Тұралының өзіндік қолтаңбасын тапқан шебер суретші екеніне көзің жетеді. Бір картинасы Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» шығармасына арналыпты. Баласын (бейіттердің ортасындағы жас қабірді) бауырына алған ана бейнесі көңілге үрей туғызып, ерекше мұң ұялатады. Суретшінің бұл картинасы көрерменді еріксіз ойға жетелейді.

Келесі бір суреті «Қайғы» деп аталыпты. Онда басына қара орамал тартып, қасіретке шомған шығыс әйелі бейнеленген.

Суретші қара жамылғы арқылы көңілін мұң жайлап, қайғы құшағына берілген әйел сырын ашып көрсеткен. «Тозақ», «Қорқыныш» сияқты таңғажайып қиялға құрылған картиналары жан дүниеңді баурап, көңіл-күйіңнің астаң-кестеңін шығарады. Оның бұл туындылары сюрреализмге құрылған, шоқтығы биік дүниелер.

Тұралының қылқаламынан шыққан «Менің ауылым» атты суретінде айлы түндегі тыныштық құшағына шомған шағын ауылдың көрінісі суреттелген. Ондағы жатаған үйлердің төбесін кіршіксіз аппақ қалың қар басқан. Үйлердің мұржасынан көкке ұмтылған түтін жерді аспан әлемімен жалғастырып жатқандай ой тудырады.

– Қыстың суық ұзақ түндерінде өз өңірімізде сауаты жетік молда атанған әкем Мүсірепбек қолына қалың мұқабалы кітапты алып, бізге аңыз-ертегілер мен халық батырлары жайлы эпостарды нақышына келтіре оқитын еді. Біз болсақ жылы пештің жанында тон мен ішікке оранып жатып, ол ертегілерді тыңдап, әртүрлі тәтті балалық қиялдарға берілетінбіз. Сол әңгімелердің басты кейіпкерлерінің образдары жадымда соңғы кезге дейін сақтаулы. Менің бірсыпыра картиналарымда солар берік орын алған, – дейді өзінің салған суретіне түсінік беріп отырған суретші-дәрігер.

Майлы бояумен салынған түрлі түсті картиналарының бірі «Алғашқы кездесу» деп аталыпты. Жаздың тамылжыған шуақты күндерінің бірінде гүлге оранған саябақ ішінде кездескен қыз бен жігіт жас жүректері лүпіл қағып, албырт сезімге бөленіп, дірілдеген қолдарын біріне-бірі ұсынуда. Айналаға табиғат ерекше ажар беріп тұр. Ағаштардың бұтақтарында бұлбұл құстар сайрайды. Гүлден гүлге қонып бал жинап жүрген аралар мен көлбей ұшқан ақ көбелектер ерекше қиял әлеміне жетектегендей. Биіктікте қос кептер жұбын жазбай самғап бара жатыр. Барлығы романтикаға толы, бұл әр жастың қайталанбас, өмір бойы сағынышпен еске алатын, басынан өткерген толқулы сәті.

Т.Мүсірепбеков қазақтың ұлы рухын бойына терең сіңірген патриот суретші. Мысалы, оның «Сағыныш» атты картинасында Ресейдің жүрегі Мәскеудің Кремлі мен Қызыл алаңы суреттеліп, Қызыл алаңның дәл ортасынан ойылып Алатау бөктеріндегі көкорай шалғынға тігілген ақшаңқан киіз үйлер, өрісте жайылған мал, желмен жарысып шауып келе жатқан боз арғымақ бейнесі берілген. Суретші бұл суреті арқылы өз елінің, қазақ жұртының жүрегін танытады, туған жердің бейнесін айшықтайды. Ал, «Дәстүр жалғасы» атты картинасында ауылдағы қазақи өмірді суретші қаз-қалпында шебер суреттепті. Ол өзіміз күнде болмаса да күнара көріп жүрген ауыл тіршілігі, көзге таныс көрініс.

Тұралы портрет саласында да сүбелі еңбек етіпті. «Менің анам», «Сүйікті жар», «Қызым Ақерке», «Әнші Абылайхан», «Автопортрет» туындылары шебер орындалған тартымды, өте тұщымды картиналар. Ол натюрморт салуды да жақсы меңгерген, өз соқпағы бар төселген суретші. «Суретшінің шеберлік өнерін ақ полотноға ақ түсті заттың бейнесін дәлме-дәл көрсетуінен тануға болады» деген екен ертеректе бір сұңғыла суретші-живописец. Тұрекеңнің натюморттарында қызыл полотнода шеберлікпен салынған қызыл түсті дастарқан, қызарып піскен алма мен алмұрт, қызан мен қызыл гүл шебер бейнеленген. Енді бір натюмортта жасыл полотнода жасыл түсті әртүрлі заттар орын алса, үшіншісінде сары түсті бейнелер өз әлеміне жетелейді. Ақ түсті полотносында да шеберліктің исі аңқып тұр. Оларға қарап отырып сан түсті бояулардың орынды пайдаланылғанына таңғаласыз.

«Мүмкін еместі игеру» деген осы шығар деп талант иесінің аса шеберлігіне таңдай қағып тамсанасыз, қайран қаласыз. Мұның барлығы суретшінің өз қолтаңбасын тапқанын, өнерінің шырқау биігіне көтерілгенін көрсетеді.

– Жерлесіміз, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ерлігіне арнап салынған «Әке қасіреті» деп аталатын картинамды батырдың туған жеріндегі мұражайына, «Қысқы ауыл» атты картинамды Мәскеудегі Әлия Молдағұлова атындағы нөмірі 891-ші мектеп ұжымына сыйладым. Ал, Ұлттар үйінде көрнекті жерде (Мәскеу қаласы) Кавказдағы Беслан мектебінде орын алған лаңкестік оқиға кезінде оқушыларды террористерден қорғай жүріп, оққа ұшқан 71 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімінің ерлігіне тағзым етіп салған «Ерлік» атты еңбегім ілулі тұр. Олардан басқа да біраз суреттерім әр елдің (АҚШ, Ресей, Англия, Германия, Қазақстан) көрме залдарынан, мұражайларынан, жеке адамдардың коллекцияларынан орын алған, – дейді Тұрекең өзінің суретшілік өнерінің жемісі туралы.

– Менің салған картиналарым көпсалалы. Мына «Ресейдің өнер әлемі (Мир искусства России)» газеті әлемге әйгілі адамдардың еңбектерін жүйелі жариялап отырады. Сол газет менің де біраз картиналарымды жұртшылыққа мәлім етті. Оған олар «Муза» деп жалпы ат қойыпты, – деді ол өнері жайлы жазылған ресейлік бірнеше журналдар мен газеттерді көрсетіп. Мәскеулік басылымдар талантты суретші Т.Мүсірепбековтің туындылары жайлы жақсы пікірлер айтып, қазақ суретшісінің шеберлігі, оның бұл бағытта ешкімді қайталамайтын, басқаға еліктемейтін өз соқпағы бар екенін баса жазыпты. Мүйіздері қарағайдай мәскеулік ғалым-зерттеушілер Надежда Ладыгина, Эмма Будагян, Н.Корнилов, Көркем графика педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, профессор И.Шорохов суретшінің творчествосына үлкен баға беріпті. Ол «Әлем халықтары өнері галереясының» мүшесі, әрі сол орта тағайындаған жүлденің бас жеңімпазы атанған. Оған «Қолданбалы өнер шебері» бакалавры атағы берілді. Институт отырысында әлгі тарландар ойласа келе: «Тұралы Мүсірепбековтің шығармалары өнер заңы теориясына бағынбайтын дүниелер. Ол тума талант иесі. Бұл әлемде сирек кездесетін табиғи құбылыс. Егер оны өзіміз басқаратын оқу орнына қабылдар болсақ, оның шарттылықтың құрығына іліп, өз дарынын жоғалтып алуы ықтимал. Тұралының зор талант иесі екендігін мойындамауға лаж жоқ» деген шешімге келіпті. Бұл дегеніңіз жерлесіміз Тұралыны ресейлік нарқасқа өнер адамдарының мойындап, оның талантын танып, кәзіргі беделді суретшілердің қатарына қосқаны деп ұққанымыз жөн.

Орыс газеттері оның өнері жайлы жарыса жазып, оны «табиғи дарын иесі», «феномен» деп аспандатыпты. «Москва – многонациональная» радиохабарының журналисі Ким Кухалев, ТМД елдеріне таралатын «Мир» телерадиокомпаниясының журналисі Владимир Карпов қазақ суретшісі, сазгер Т.Мүсірепбеков жайлы 2001-2006 жылдары бірнеше рет арнайы хабар ұйымдастырып, оның творчествосын көпшілікке жария етіп, үлкен дарын иесін тыңдармандар мен көрермендерге мадақтапты.

Тұралының тағы бір қырына тоқталып, оның ақындығы жайлы сөз қозғамау мүмкін емес. Оны ақын ретінде қатар жүрген замандастары ертеден-ақ мойындаған. Жүректен шыққан сезімге толы өлеңдері кімді болса да бейжай қалдырмайды. Оның өлеңдеріне көз жүгіртейік.

«Тағдырымның жүрсем де жетегінде,

Мұратыма жетем деп үміттенем.

Жеңіл өмір сүрудің керегі не?!

Қиынды іздеп, жеңбей ме жігіт деген», – деп Тұрекең оқушысына ой тастайды. Рас, қай жігіттің тағдыры жеңіл болған. Өмір деген жайдақ суды кешіп өтумен тең емес. Түйсігі бар адамға оның кедір-бұдыры мол, ащы мен тәттісі бар…

Ішкі дүниесі сезімге бай ақын жігіт енді бір өлең шумақтарында әсем лирикаға ерік беріп, былайша жырлапты.

«Ақ қайыңның жапырағын жамылып,

Біздер тұрмыз Ай нұрына малынып.

Балдай тәтті ерініңді сүйгенде,

Ғашық жүрек кетпесе екен жарылып» .

Иә, кім ғашық болмаған?! Қай ақын оны жырламаған, қазір де жырлап келеді. Махаббат – мәңгі ертегі, таусылмайтын тақырып, соңына дейін жазылып ешбір бітпейтін жыр. Енді бір келесі өлеңінде:

Қырыққа келген келіншек әлі қыздай,

Сұлулығын сақтапты сәнін бұзбай.

Үлпілдеп тұр, шіркін-ай, үлпілдеп тұр,

Жаңа сауып пісірген сары уыздай, – деп ақын жүрегі жырлайды. Қандай керемет сөздер, қайталанбас сурет – көрініс!

Т.Мүсірепбеков өлеңді тек қазақ тілінде ғана жазбайды. Оның шабыты келгенде орыс тілінде де қалам тартатын тағы бір ерекшелігі бар екеніне ақынның өлеңдерімен танысып отырып, көзіміз жетті. Орыс тілінде жазылған мына өлең жолдарына назар аударайық.

Клин знакомый в небе,

Машет мне крылом.

О прошедшем лете,

Громко кличет он.

Клин ли это или

Возраст мой спешит?

Что есть мочи – силы,

От меня бежит.

С неба мне курлычет,

Стая серых птиц.

Ноет сердце, хнычет,

Жаль, что тают дни!

Бұл жолдарды оқып отырып, оның ақындық шеберлігін сөзсіз мойындайсың, өнерлілігіне таңдай қағасың.

Т.Мүсірепбековтің сазгерлік өнері де бір ғанибет дүние. Ол жерлесіміз, белгілі ақын Күләш Ахметованың көптеген өлеңдеріне ән жазып, нотаға түсірді. Олар – «Сағыныш», «Үнсіз шие гүліндей үндемедім», «Қыз сөзі», «Сүйген емес, сүйе алмаған жазалы», «Сен жанымда жүрсең», «Аққулар қайтқанда» атты әндер. Белгілі ақын Мұхтар Шахановтың «Алғашқы махаббат», Кәкімбек Салықовтың «Қаракөз», «Дүние-ай, келіпті-ау кезегім» деген өлеңдеріне де терең ойлы, әсем ән жазыпты. Тұрекең «Анатайым», «Долана» әндерін шығарып, олардың мәтіндерін өзі жазды.

Орыстың белгілі ақыны А.Блоктың бес өлеңіне романс жазып, ресейлік өнер адамдарын таңғалдырды. Оның әндерін Мәскеу қаласындағы «Ән» театрының белгілі әншісі, татар қызы Г.Галямова, орыс әншісі П.Аксенов репертуарларына қосып, осы күндері шебер орындап жүр. Сазгердің бірнеше авторлық творчестволық кеші Мәскеудегі Ұлттар үйінде, Қазақстан елшілігінде үлкен табыспен өтіпті. Оған жиналғандар ризашылықтарын білдіріп қол соғыпты. Сондай кештердің бірінде «Мен өзім осындай әсем де әсерлі басқосуды көптен бері көрмеп едім. Бұл кеш менің жүрегімді жаулап алды. Талай елдің әнін тыңдап жүрмін.

Алайда, қазақ әні тазалығымен, табиғилығымен өзіне баурап алды. Тұралының әндерін тыңдап, оның дарындылығына таңғалдым. Мен армян қызымын. Бірақ, қазақ халқына жан-тәніммен ғашықпын. Бұл мені ерекше толқытқан кеш болды», – деп ағынан жарылыпты Мәскеу өнер мұражайының директоры, белгілі өнертанушы Эмма Бутагян.

– Мен Мүсірепбековтің жан-жақты дарындылығын, Құдай берген талантын әлдеқашан мойындап қойған адаммын. Ол – біздің ортамыздағы ірі тұлға. Біз, қазақстандықтар, Тұралымен әрдайым мақтана аламыз, – деп өз ойын жеткізіпті қандасымыз, Мәскеудің білім жетілдіру мемлекеттік академиясының профессоры Болат Әбділдин мырза.

– Аспирантурада дайындаған ғылыми жұмысыма келсем, ол есімі әлемге әйгілі дәрігер-академик М.И.Перельманның жетекшілігімен дайындалған, әлі де өз құндылығын жоғалтпаған өкпе, тыныс жолдарының дерттерін компьютер-рентген арқылы анықтау тәсілдерін жетілдіруге бағышталған еңбек болатын. Кезінде өнер деген қасиетті де сиқырлы әлемге бүкіл болмысыммен еніп кетіп, дайын тұрған ғылыми жұмысымда тоқырау болып, кейінге ығысып кетті, – дейді Тұрекең өткен күндерінен хабардар етіп.

– Тұралы ағамен мен ертеректе Мәскеуде аспирантурада жүргенде таныстым. Жерлес ретінде жиі кездесіп тұрдық. Бұл ағаның бойында талай «өнер» бар екенін кейінірек білдім. Дәрігер бола жүре, білім іздеп Мәскеуге барып, ол жерде бос жүрмей азаматтық белсенділігін танытып, мәскеулік қазақтардың, білім қуып жүрген жастардың басын қосып, топтастырып, қоғам құрып, әртүрлі қызықты кештер мен кездесулер өткізуге мұрындық бола білді. Өз бойындағы өнерін мәскеуліктерге мойындатты. Ортамызда өнерлі, сыйлы азаматтардың бірі болды. Қазақтың әлгі «сегіз қырлы, бір сырлы» дегеніндей оған біз, жастар, шынымен тәнті болдық, – дейді КСРО Суретшілір одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, сурет және скульптура саласының майталманы Айдархан Сихаев ағынан жарылып.

Өткен жылдардың бірінде Алматы қаласындағы республикалық Ә.Қастеев атындағы сурет галереясының директоры арнайы телефон шалып, Тұралы ағамыздың шығармашылығына арналған сурет көрмесін өткізіпті. Қазіргі кезде Т.Мүсірепбеков қолы қалт еткен сәттерде кейбір картиналарын қайта өңдеп, тың ой толғақтарын ақ кенеп-полотноға жазып жатыр. Жаз шыға өзінің музыкалық жеке шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап қойыпты. «Оған бірнеше мәскеулік белгілі әншілер қатысып, өнерсүйер қауымды қуантады», – дейді Тұрекең.

Иә, өнерді жанындай сүйген, әсем әндерге ғашық, қылқаламмен қаруланып, түрлі түсті бояулармен туған жердің көрікті жерлері мен мына қайталанбас өмірдің қызықты селт еткен сәттерін, жақын жүрген жандардың портрет-кескіндерін ақ полотноға аса сүйіспеншілікпен қызыға жазған, өнеріне ресейліктер тәнті болған талантты суретші, сазгер, ақын Тұралы Мүсірепбеков сияқты жандардың барлығына шүкіршілік етеміз. «Қадірлей білгенге, құт қонады» деп ата-бабамыз орынды айтқан.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support