- Advertisement -

Ата-анадан артық кімің бар?

109

- Advertisement -

Мына өмір тым қысқа. Қамшының сабындай өмір. Айналама қарасам, кейбір жандар қорғансыз қалған ата-анасын қарттар үйіне тапсырып жатады. Жасы жетіп қалжыраған әкеміздің, балаларды бағып- қағам деген аналарымыздың не жазығы бар? Біздің қазақилық, имандылық, адамгершілігіміз қайда? Өмірдің ащысы мен тұщысын да, ағы мен қарасын да, бар қиыншылықты көріп ең бақытты болар шағында тастап кетеміз. Жұдырықтай жүрегімізде мейірім болмаса, одан не пайда. «Қарты бар үй, қазыналы үй» деп бекер айтылмаса керек. Ата-анаңмен бір дастарқанда шүйіркелесіп, ойнап, күліп, ақылын тындағаннан артық байлық жоқ.

Әркімде әке – біреу, ана да – біреу. Олар – сенің бақытың. Өмір сыйлап, осы күнге қаншама еңбекпен жеткізгенде, енді адам қылдым-ау деп, қызығын көрер шағында, көздерін жәутеңдетіп еш қайғырмастан, қарттар үйіне тапсыра салады. «Өзіне жақсы болады, жақсы қарайды» дейді. Бірақ қайдан, ондай қапаста қалай тыныш өмір сүрсін. Бір бөлмелі үй болса да, ұлтарақтай көрпеде отырса да, өз шаңырағында, өз балаларының ортасында титтей болса да, естіген жылы сөзіне ештеңе жетпейді.

Былтырғы бір оқиға көз алдымда. Анасы мен баласының жанжалдасып жатқан жеріне тап болдым. Кездейсоқ, әрине. Ашуға булыққан ана, баласына «Жақтырмасаң мені қарттар үйіне апар, өз күнімді өзім көрем» деп жатты. Ызаланып кеткен болар. Баласы еш ойланбастан, анасының құжаттарын жинап, мейірімсіз мекенге алып кетті. Көпке дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Бұл не сұмдық? Бұрын соңды мұндай оқиғаларды тек теледидардан көріп көз жасымызға ерік беріп қана қоятынмын. Ал, қазір заман өзгерді ме, әлде адамдар өзгерді ме осыншалықты қатыгез болатындай. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» дейді. Сондықтан, ойланайық жастар!

 

Әйгерім БОРАНБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support