- Advertisement -

Жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды

122

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі елді мекендерге ауыз су, газ жүргізу салалары бойынша әзірленіп жатқан жобалық-сметалық құжаттар мәселелері қаралды.

– Өздеріңіз білесіздер, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізде болып қайтты. Президент аймақта қолға алынып, ел игілігін көріп отырған «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын жақсарту» қанатқақты жобасына оң бағасын берді. Байзақ ауданында осы жобамен өз кәсібін дөңгелетіп отырған шаруалармен кездесті. Жобаға қаржы бар, қолдау бар. Енді тек жұмысты ширату керек, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Бұдан кейін жиында қаралған мәселелер бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қалаларда 425,3 мың адам (92,4 пайыз), ауылдық елді мекендерде 635 мың адам (92 пайыз) таза ауыз сумен қамтылған.

– Өңірде жалпы 367 елді мекеннің 285-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бүгінгі күнге 82 елді мекенге ауыз су құбырын жүргізу қажет. Оның ішінде 56 елді мекенге құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланса, қалған 26-сына суды тазартудың кешенді блок модулін орнату жоспарланып отыр. 56 елді мекеннің 25-інде құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Сондай- ақ 1 елді мекенге сараптама қорытындысы алынып, биыл республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылды. 17 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Аталған жобаларға сараптама қорытындысын ағымдағы жылдың 10 сәуіріне дейінгі мерзімде алып, салалық басқармаға бюджеттік өтінім тапсыру бойынша тапсырмалар берілді. Қалған 13 елді мекенге ағымдағы жылы жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу бойынша қала және аудан әкімдеріне ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі мерзімде жобаларды әзірлеуді аяқтап, оларға сараптама қорытындысын алу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар 2025 жылға дейін 26 елді мекенге суды тазартудың кешенді блок модульдерін орнату жоспарланып отыр. Биыл 15 ауылды елді мекенге, 2024 жылы 11 елді мекенге КБМ орнату жоспарланды.

Тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша өткен жылдың қорытындысымен 274 елді мекен немесе 1 029,3 мың адам табиғи газбен қамтамасыз етілді. Ал ағымдағы жылы 22 елді мекендегі 26485 жергілікті тұрғынды табиғи газбен қамту жоспарлануда. Облыстың елді мекендеріне қайта талдау жүргізілді. Бүгінгі күнге 97 елді мекен газдандырылмаған болса, соның ішінде 29-ына жеткізуші немесе ауылішілік газ құбырларының құрылысы жүргізілуде.

Ал 7 елді мекенге құрылыс жұмыстарын биыл жүзеге асыру үшін тиісті қаражат бөлініп, бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу конкурстары өтуде. 22 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. 39 елді мекенге, оның ішінде халық саны 200-ден төмен 26 елді мекенге аудан әкімдіктері жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу қажет. Дегенмен бүгінгі күнге дейін аталған жобалық-сметалық құжаттамалар бойынша мемлекеттік сараптама қорытындылары алынбауына байланысты, республикалық бюджеттің 2023 жылғы кезекті нақтылауына тиісті бюджеттік өтінім аз көлемде тапсырылды. Жоспарланған елді мекендер табиғи газбен толық қамтылмай, газдандыру жұмыстарының созылуына жергілікті тұрғындар наразылығы туындайтыны сөзсіз.

Аталған жобалар ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін мемлекеттік сараптама қорытындысын алмаған жағдайда, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қалыптастыруына тиісті бюджеттік өтінім тапсыра алмау қаупі бар. Аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, мемлекеттік сараптама қорытындысын мамыр айында алу жоспарлануда. Сондықтан Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Талас аудандарының әкімдеріне қосымша осы ауылдар ішіндегі көшеаралық газ таратушы құбырларының құрылысына жобаларды әзірлеуге тиісті тапсырмалар берілді.

Бұдан бөлек, 2020-2021 жылдары Қордай және Шу аудандарының 7 елді мекеніне дейінгі жеткізуші газ құбыры жүргізілгенімен, бүгінгі күнге осы ауылдардың көше аралық газ таратушы құбырлары салынбаған, – деді Құдайберген Қорғанбаев. Сондай- ақ басқарма басшысы облыстағы жылу желілерін реконструкциялау жұмыстарына да тоқталды. Облыстағы жылу желілерінің ұзындығы 350,7 километр, оның ішінде магистральды – 106,8, ішкікварталды – 243,9 километр. Тозу деңгейі – 56,7 пайыз.

Ағымдағы жылы жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 15 жобалық- сметалық құжаттама әзірлеуге 176,6 миллион теңге қажет. 2 жоба бойынша 4 330,0 миллион теңгеге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған, оның ішінде Тараз қаласында М-1 жылу магистралын ауыстыруға 4 234,8 миллион теңге, Қаратау қаласында 1,1 километр жылу желілерін күрделі жөндеуге 95,2 миллион теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша Тараз қаласында 15,9 миллиард теңгеге 11 жоба, Қаратау

қаласында 299,3 миллион теңгеге 2 жоба, Жаңатас қаласында 325,7 миллион теңгеге 3 жоба, Шу қаласында 210,5 миллион теңгеге 1 жобаны іске асыру көзделіп отыр екен. Бұдан соң басқарма басшысы өңірдегі жылу энергетика кешендері бойынша да айтып өтті.

Сондай-ақ кеңесте құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлібек Аманбай сала бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылы жоспарланған жобаларды баяндады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі елді мекендерді таза ауыз су және газбен қамтамасыз етуде аудан әкімдері жобалық-сметалық құжаттарды сәуір айына дейін аяқтау керектігін айтты.

– Әсіресе жылу жүйелерін реконструкциялауға назар аудару керек. Бұл шараға жергілікті бюджеттен бөлек Үкіметтен де қаржы қаралып отыр. Тараз қаласы мен шағын қалалар – Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларында жылу жүйесінің тозу деңгейі жоғары. Тіпті, 90 пайызға дейін тозған жылу жүйелері бар. Оның барлығын осы жылыту маусымында анықтап, жаз айларында жаңғырту шараларын қолға алмасақ, келесі жылы апатты жағдай орын алмасына кім кепіл? Саладағы ақсап тұрған жүйелерді анықтау, жұмыс көлемін нақтылау бүгіннен басталуы тиіс, – деді облыс әкімі.

 

Ерман ӘБДИЕВ

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support