- Advertisement -

Ел сенімін серік еткен

60

- Advertisement -

Қай қызметінде де ел сенімін абыроймен ақтап, халықтың құрметіне бөленген Бердібек Сапарбаевтың есімі бүкіл елге белгілі. Еңбек жолын 16 жасында Қызылорда облысындағы сол кездегі Задаринский кеңшарында қарапайым жұмысшы болып бастаған Бердібек Мәшбекұлы өмірдің ыстық-суығын бір кісідей көріп, тағылым түйгені анық. Қаржы-экономика саласының маманы тәуелсіздік жылдары Президент Әкімшілігі мен Үкіметте жауапты қызметтер атқарды. Қай қызметінде де ел сенімін абыроймен ақтап, халықтың құрметіне бөленген Бердібек Сапарбаевтың есімі бүкіл елге белгілі. Еңбек жолын 16 жасында Қызылорда облысындағы сол кездегі Задаринский кеңшарында қарапайым жұмысшы болып бастаған Бердібек Мәшбекұлы өмірдің ыстық-суығын бір кісідей көріп, тағылым түйгені анық. Қаржы-экономика саласының маманы тәуелсіздік жылдары Президент Әкімшілігі мен Үкіметте жауапты қызметтер атқарды.

Ол Білім министрінің орынбасары, экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Премьер-Министрдің орынбасары қызметтерінде де бойындағы қажыр-қайратын мемлекетімізді нығайту жолына жұмсады. Ал еліміздің бес облысына әкім болған кезінде үлкен сынақтан өтті. Өзгесін айтпағанда, Әулиеата өңірінің тізгінін ұстаған тұста Қордай ауданындағы халықтың тыныштығы бұзылып, саяси ахуал асқынып тұрған. Шын мәнінде, ұлт араздығы туындау қаупі бар өлкені басқаруға ол жылдары екінің бірінің жүрегі дауаламас еді. Оңтүстіктегі өңірлердің жағдайына жастайынан қанық білікті басшы болмас сөзге еріп, бітпес дауды қуған жоқ. Керісінше, бар ынта-ықыласымен жұмыс істеп, халықтың жағдайын жақсартуға күш салды.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев Әулиеата өңірінде де екі жылдан астам уақыт әкім болды. Бар істі парасат-пайым тұрғысынан тындыратын тәжірибелі маман қызметіне кіріскен сәттен әуелі Қордайдағы оқиғада, одан кейін Байзақ ауданында орын алған төтенше жағдайда көпшіліктің қасынан табылды. Ал былтыр Қасіретті қаңтарда орталық алаңға арнайы барып жиналғандарды сабырға шақырды, арандап қалмаулары үшін ақыл-кеңесін айтты. Міне, осының бәрі оның шын мәнінде халықшыл азамат екенін көрсетті. Расында да, ел дағдарып қалған қысылтаяң сәттерде тығырықтан шығатын жолды таба білетін адамның орны бөлек қой. Өйткені ел ерге қараған сәтте ол төмен қараса, шаруа оңға баспайды. Нағыз басшы сондай сәттерде өзгелердің еркін билеп, үйіріп алары анық. Осындай санаулы азаматтардың бірі – Бердібек Сапарбаев.

Мемлекеттік деңгейдегі тұлғалар мен қарапайым халық арасын байланыстыратын алтын көпір – ол да басшының мықтылығынан. Шенділер толыққанды ақпарат бермегендіктен де бұқарада оларға деген біржақты көзқарас қалыптасып қалған болатын. Көбіне күнделікті ресми насихат халықтың жүрегінен орын ала бермейтіні тағы бар. Десе де, Бердібек Мәшбекұлы қатып қалған осы сеңді бұзды. Күндіз-түні жан аямай жұмыс істеген басшы елге де, әріптестеріне де сыйлы болды. Сапарбаев өңір басшысы болғаннан кейін қордаланған мәселелерді рет-ретімен шеше бастады. Аз уақытта киелі Әулиеата өңірінің шырайы кіріп, аймақ әлдене бастады. Шығыс пен батыстың от пен суынан аман-есен өткен басшы бірден жұмысты жүйелеуге көшті. Әрине, Сапарбаев өңірдегі бар мәселені шешіп кетті дей алмаймыз. Бірақ азды-көпті еңбегін сіңірді. Жақсы жағынан үлес қосты. Бастысы, ол қай мәселеде де көпшіліктің кеңесіне құлақ салды. Бірін аға, бірін іні тұтып, бауырға тарта сөйлескен оны жұртшылық та жатсынған жоқ. Халықпен ақылдасып жасалған істің нәтижесінде бірлік болса, тірлік болатындығына көз жетті.

«Кризис-менеджер» атанған ол әуелі Қордайдағы қақтығыс салдарынан келген зардапты жоюға көңіл бөлді. Ол ондағы қазақ пен дүнген ұлттарының өрекпіген көңілін басу үшін әрі тату-тәтті өмір сүруіне жағдай жасады. Әуелі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құқық қорғау органдарының арнайы қызметін сонда жасақтап, жұрттың тәртіп сақшыларына деген сенімін қайтарды. Аудандағы тіршілікті қалыпты арнасына түсіру үшін жұртпен тіл табысып жұмыс істеуді әдетке айналдырған ол бұл тұста да білгенінен жаңылған жоқ. Экономикалық қатынастарды жетік білетін басшы ел-жұртпен қарым-қатынасты берік орнатты. Тұтас бір ауданның халқы тығырыққа тірелгенде қаржының қиюын келтіріп, өзінің іскерлігін мойындатты. Бүкіл

елге мәшһүр болған маңызды мәселелерді де шеше білді.

Кез келген шаруаны бастау оңай емес. Әсіресе қоғамдық-саяси ахуал тұрақтана қоймаған ауданда ел-жұртты өзіңе ұйыта білу тіпті қиын. Бірақ бірқатар өңірлерде өнімді қызмет еткен Бердібек Мәшбекұлы бұл жолы да мемлекетшіл тұлға деген атқа лайық бола білді. Әуелі халықтың тыныштығына назар аударған ол рет-ретімен әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатуға күш салды. «Қордай» өткізу бекеті кеңейтіліп, қайта жаңғыртудан өтті. Ұлттық қауіпсіздігімізді бәрінен биік қойған басшы бұл істің де оңтайлы шешілуіне ықпал етті. Қай салада сақтық ауадай қажет екенін түсінген оның бұл шешімі қазақы мүддені жоғары қою жолында ешкімге де қамшы салдырмайтынын дәлелдеді. Шалғайдағы ауданның рухани тұрғыдан түлеп, өсіп-өркендеуіне де ерекше еңбек сіңірді. Ол басшы болған жылдары тек қана шаруашылыққа көңіл бөлмей, тұрғындардың мәдени демалуына, көзі ашық болуына жағдай жасады. Елге белгілі тұлғалармен, республикалық деңгейдегі мәдени мекемелермен шығармашылық байланысты арттырды. Оның тікелей бастамасымен Отар қалашығында мәдениет үйі бой көтерді. Мұндағы жұртшылықпен кездесуінде мәдениет ошағы мен спорт кешенінің қажеттігін және көгілдір отынның жоқтығын білген басшы бұл мәселелерді тез арада шешуге білек сыбана кірісті. Нәтижесінде тұрғындардың тілегі орындалып, жұрттың рухын оятуға бір кісідей атсалысқан Бердібек Сапарбаевқа алғыстарын жаудырды. Бұдан бөлек, тұрғын үй кезегінде тұрған қордайлықтар баспанаға ие болды. Олардың арасында көпбалалы аналар, дәрігерлер, мұғалімдер мен бюджеттік сала қызметкерлері бар еді. Барлық инфрақұрылыммен қамтылған тұрғын үйлердің иелері өз қуаныштарымен бөліскені де ел есінде. Ал 10 ауыл тұрғындарының табиғи отынға қол жеткізуі айтулы жаңалық еді. Мұның бәрі Бердібек Мәшбекұлының мол тәжірибесі және аудан басшылығымен тізе қосып жұмыс істей алатындығының арқасында жүзеге асты. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында аз қамтылған отбасылардың баспаналы болуына ықпал етсе, «Бейбітшілік және келісім жобасы» шеңберінде жүздеген адамның «екі қолға бір күрек» табуына жағдай жасады. Тіпті Шу ауданындағы егістік алқаптарындағы қызу жұмысқа қордайлық 500-ге жуық отбасы жұмылдырылды. Дүнген отбасылары дәстүр бойынша көкөніс дақылдарын отырғызды. Осы істің басы-қасында аймақ басшысы ретінде де жүрді.

Байзақтағы жарылыс кезінде де халықтың ортасынан табылды. Аталған аудандағы зардап шеккен нысандар толығымен қалпына келтірілді. Одан бөлек 24 үй жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Бердібек Мәшбекұлының тұсында Байзақ ауданы тұрғындарының 99 пайызы газға қосылды. Байзақ ауданында орын алған жарылыс салдарынан №5 ескі мектептің ғимараты мүлде жарамсыз күйге түскен болатын. Оның орнына 150 орындық жаңа мектеп небәрі 4 айда пайдалануға берілді. Шахан ауылының тұрғындары да бар-жоғы жеті айдың ішінде 100 орындық жаңа мектептің игілігін көрді. Бурыл ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ Көкөзек ауылындағы Т.Ақбозов атындағы орта мектеп ғимаратына, Сарыкемер ауылындағы Байзақ колледжіне жанама салынған құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде оқу орындары кеңейтіліп, онда кең әрі жайлы спорт зал және асхана пайда болды.

Қалай десек те, жеті белден асып жетпістің желкенін жайса да ел үшін желдің өтінде жүрген саясаттың сақасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлының өмір даңғылы, еңбек жолы, сүрлеу соқпақтары, алған асулары, басқан белестері, батыл шешімдері мен нәтижелі бастамалары, өміршең жобалары, қазақтың тіліне, әдебиетіне, мәдениеті мен руханиятына деген қамқорлығы, тарихы мен тағылымына деген жанашырлығы, ұлтжандылығы келешек ұрпаққа қашанда өшпес өнеге, патриоттықтың озық әрі шынайы үлгісі болып қалары анық.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support